Мемлекет басшысы Астананы өмір сүруге ең қолайлы қалаға айналдыру мақсатында келелі міндеттер қойып отыр. Елбасы бас қаланың денсаулық сақтау саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру үшін барлық қамқорлықты жасауда. Осының нәтижесінде Астана қаласының медицинасы қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың денсаулығын сақтау жолында кешенді қызмет көрсететін орталыққа айналды. Біз халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы тың бастамаларға ұйытқы болып отырған елордалық денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысу мақсатында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік БАЙЖҮНІСОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Ерік Әбенұлы, қалалық денсаулық сақтау жүйесіне жататын мекемелер және олардың материалдық-техникалық базасы хақында не айтуға болады?
– Бүгінгі күні Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жалғасып келеді. Қазір елорданың денсаулық сақтау құрылымында 36 медициналық мекеме жұмыс істейді, олардың ішінде 10 емхана, 5 отбасылық денсаулық орталығы, 14 аурухана, 1 медициналық жедел көмек көрсету стансасы және басқалар бар. Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында бұл медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен, озық үлгідегі медициналық технологиялық жүйелермен жабдықталған. Өткен жылдың өзінде Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының жаңа ғимараты, Ильинка тұрғын алабындағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін №10 қалалық емхананың «Бақыт» отбасылық денсаулық орталығы салынып, пайдаланылуға берілді. Бұл ғимараттардың барлығы жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи жаңа медициналық құрал-жабдықтарымен, соңғы үлгідегі медициналық технологиялық жүйелерімен жабдықталған. 2016 жылдың аяғына дейін Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы мен туберкулезге қарсы диспансер жаңа ғимаратқа ие болады.
Сонымен қатар, халықтың түрлі топтарына тез, тиімді және бүркеншік атпен тексеруден өтуге мүмкіндік беретін Check-up бағдарламасы жақсы дамып келеді. Туберкулезді зертханалық диагностикалаудың заманауи инновациялық әдістері енгізілген, қала бойынша 28 фтизиатриялық учаске жұмыс істейді. Қаланың барлық бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында бақылаушы ем жүргізу үшін арнайы бөлмелер бөлініп, штатта химизаторлар қарастырылған.
– Астаналықтарға медициналық қызмет көрсетудің көлемі мен сапасы туралы не айтасыз? Қалалық ауруханалар мен емханалар қызмет көрсететін халық саны қанша? Емханаларда кезекте тұратын тұрғындар саны қашан азаяды?
– Астана қаласы халқының саны күннен-күнге өсіп барады. Қазірдің өзінде астаналықтардың саны 900 мың адамға жеткен. Бұл дегеніміз, қолданыстағы емханалардың әлеуеті күннен-күнге қарқынды өсіп отырған қала тұрғындарына толық көлемде сапалы қызмет көрсетуде біршама қиындықтарға тап болуда. Әрбір емхана орналасқан жері бойынша сол төңіректегі осы емханаға тіркелген тұрғындарға «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы №29 қаулысына сәйкес медициналық қызмет көрсетеді.
Емханалардағы кезектілікті төмендету мақсатында заманауи талаптарға сай жаңа типті емханалар салынуда, соңғы үш жыл ішінде ғана жаңадан әрқайсысының қуаттылығы ауысымына 500 адам қабылдауға арналған №6, 9, 10-шы емханалар ашылды. «Ниет», «Шапағат» және «Шипагер» отбасылық денсаулық мекемелері қайта ұйымдастырылды. Жаңадан ауысымына 250 адамға арналған «Достық» отбасылық денсаулық орталығы салынып, пайдаланылуға берілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Ильинка тұрғын алабындағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін №10 қалалық емхананың «Бақыт» отбасылық денсаулық орталығы салынып, жұмысқа кірісті. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында амбулаториялық-емханалық көмек көрсету үшін 7 жеке медициналық ұйымға мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.
Емханаларға келетін адамдардың кезек күтіп, көп тұрып қалуына жол бермеу, олардың келуін оңтайландыру, тұрғындарға қызмет көрсету уақытын қысқарту, операторлардың жұмыс істеу сапасын арттыру, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында № 5, 8, 10-шы емханаларда электрондық кезек жүйесі енгізіліп, емделушілерге күту үшін қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, қала тұрғындары электрондық үкімет және емхана сайты арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады.
Астана қаласы әкімдігінің «Ақылды қала» жобасының аясында №4 қалалық емханада «Ақылды емхана» жобасы іске асырылып отыр. Бұл бағдарламада: емделушінің электрондық медициналық картасын ашу, электрондық кезек, бірнеше әдістер арқылы дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу, емхананың сайты, өзіне-өзі қызмет көрсететін терминалы, штрих-код сканерін қолдану арқылы тіркеу бөлімінде жазылу сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл дегеніміз, емделушінің кезекте тұрмай жазылған уақыты бойынша белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауына келуіне мүмкіндік береді.
– Ерік Әбенұлы, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшу мәселесі туралы ойыңызды білсек.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының 80-қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсырғаны баршаға мәлім. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар шегінде халық денсаулығына қатысты мәселе өзекті болып қала бермек. Алайда, кейбір сарапшылардың мәліметтеріне сәйкес, азаматтардың өз денсаулығына және жұмыс берушілердің жұмыскерлердің денсаулығына немқұрайды қарау фактілері әлі де орын алып келеді. Осыған байланысты Елбасы Н.Назарбаев 2015 жылғы 16 қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады.
Бұл заңның 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енуіне байланысты, елімізде медициналық көмек көрсету міндетті сақтандыру көлемінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде де іске асырылатын болады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің төлемдері, мемлекет пен жұмыскерлердің қорға төлейтін жарналары есебінен құралады. Осы орайда, аударымдар мен жарналардың көлеміне тоқтала кеткен орынды болар. Мәселен, жұмыс берушілердің аударымдары есептеу объектісінің 2 пайызынан басталып 2020 жылға таман 5 пайызға дейін, жұмыскерлердің жарналары есептеу объектісінің 1 пайызынан 2020 жылға дейін 7 пайызға, мемлекет жарнасын есептеу объектісінің 4 пайызынан 2024 жылға дейін 7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектер, жұмыссыз адамдар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу нысанында білім алушылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен бала тууға, оның күтіміне байланысты демалыстағылар, зейнеткерлер, әскерилер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімі бойынша жазасын өтеушілер мен уақытша изоляторлардағы адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылады. Халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылған бөлігі үшін мемлекет тарапынан арнаулы жарналар бөлінеді.
Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жедел медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар аурулар мен жұқпалы аурулар кезіндегі медициналық көмекті құрайтын болады. Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың алғашқы медициналық-санитарлық және стационарлық көмек көрсету ұйымдарын таңдау құқығы қалдырылады.
Осылайша, міндетті жарналар арқылы азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін және нарықтық қатынас арқылы көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру көзделіп отыр. Тағы бір айта кететін жағдай, міндетті сақтандыру жүйесі негізінде халықаралық тәжірибеге сәйкес, азаматтардың дәрігерлерге алдын ала жазылу тәжірибесін кеңінен тарату және шұғыл стационарлық көмекті пайдалану деңгейі төмендетуге қатысты жұмыстарын одан әрі дамыту жоспарланып отыр.
– Қалалық жедел жәрдем саласы талапқа сай ма?
– Әр саланың өз олқылықтары мен қиындықтары баршылық. Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының қызметі Астана қаласы әкімінің жеке бақылауына алынған. Осы саланы дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды және ол өз жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күнгі басты проблеманың бірі бұл санитарлық автокөліктердің жетіспеуі және қолданыстағы көліктердің ескіруі болып отыр. 2016 жылдың І тоқсандық қорытындысы бойынша жедел жәрдем көліктерімен қамтылуы 92 пайызды құрап отыр.
Жылдың басынан жедел жәрдем қызметінің алдында 1-3 санатты шақыртуларға 10 (он) минуттың, 4-6 санатты шақыртуларға 20 (жиырма) минуттың ішінде жету бойынша талап қойылған. Бүгінгі күні бұл көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз.
– Емдеу орталықтары білікті кадрлармен қамтамасыз етілген бе? Кадр тапшылығы қалай шешіледі?
– 2016 жылғы І тоқсанындағы ахуал бойынша Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына бағынысты 36 медициналық ұйымдарда 9424 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 3202 дәрігерлер және 6222 орта білімді медицина қызметкерлері. Дәрігерлердің санаттылық деңгейі 3,3 пайызға өсіп, 48 пайызды құрады, орта білімді медицина қызметкерлерінде бұл көрсеткіш 37 пайызды құрады.
Кадр тапшылығын төмендету мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы мен қаланың медициналық ұйымдарында кадрларды тарту бойынша жоспарлы жұмыстар, медициналық жоғары оқу орындары мен колледж түлектері арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Денсаулық сақтау басқармасы елорда медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс атқарып отыр. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жылдарында елорданың 10 000-нан астам медицина қызметкері шетелдік және отандық клиникаларда біліктіліктерін арттырды. Шамамен 400 медицина қызметкері жергілікті бюджет есебінен шетелдік клиникаларда оқып келді. 2015 жылдың өзінде еліміздің, таяу және шет мемлекеттерінің ғылыми орталықтарында 4250 дәрігер мен мейірбике, мейіргерлер біліктілікті жоғарылатты және бастапқы мамандық курсынан өтті. Шетелдік мамандардың 37 шеберлік-класы өтті, оны өткізу кезінде бірлесіп 45 операция жасалып, 400-ден астам емделушілер кеңес алды.
– Өзіңіз атап көрсеткендей, келесі жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осы маңызды жүйенің мәні мен қалалық денсаулық сақтау саласының алдағы міндеттері туралы не айтасыз?
– Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қызмет сапасын көтеріп, әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Сарапшылардың болжамы бойынша аталған жобаны енгізгеннен кейін еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Елорда мысалында ауруханалар жоғары санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер сатып алады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда жеке қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді. Бұл жүйе қолданысқа енгеннен кейін де Конституцияда көрсетілген мемлекеттің халыққа міндетті ақысыз медициналық көмегінің деңгейі сол күйі сақталады. Сондықтан медициналық қызмет сапасын өскелең талап дәрежесіне көтеру үшін біз бұл жүйеге көшуіміз керек.
Жоғарыда көрсетілген стратегиялық тапсырмалар мен бағыттарды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016-2019 жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» бағдарламасын бекітті. Оның мақсаты: тұрғындардың денсаулығын қорғау мәселелі бойынша мүдделі секторлар мен ведомстволардың қарым-қатынасын жетілдіру; МСАК дамыту басымдылығымен медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру; медициналық ұйымдарды басқаруды жетілдіру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту; адами ресурстарды басқару, инновация мен медициналық және фармацевтикалық ғылымды дамыту тиімділігін арттыру; дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруды жетілдіру, медициналық жабдықты, медициналық мақсаттағы бұйымдарды пайдалану тиімділігін арттыру; міндетті медициналық сақтандыру жағдайында денсаулық сақтау жүйесін басқару және қаржыландыруды жетілдіру болып табылады. Елорданың денсаулық сақтау саласы осы міндеттерді іс жүзіне асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»