Жыл сайынғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени тіршілігінің негізгі бағыттарын айқындап келеді. Сан саланы қамтыған Жолдаудың арқасында бағыт-бағдарымыз анықталып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілуде. Елбасы ұстанған саясаттың дұрыстығын халқымыз мемлекетіміздегі өркенді өзгерістер арқылы көріп отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы жылма-жыл жақсара түскені осының дәлелі.
Президентіміздің биылғы Жолдауы – әлеуметтік мәселелерге денсаулық сақтау, білім беру, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына арналғандықтан, өзекті жағдайларға жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқын көрсетуімен ерекшеленді. Жолдауда Елбасы ел экономикасының дамуына толық талдау жасады. Экономикамыздың ары қарай дамуы 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда көрсетіліп, бұрын аса назарға алына бермейтін салаларды дамытуға нақты қадамдар ұсынып, әр салаға айрықша тоқталуымен ерекшеленді.
Экономиканы дамыту, қорландыру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету татулық пен ынтымақтастықты берік ұстау арқылы келетіні анық. Осы орайда Елбасы өңдірістік еңбекті дамытып, өз елімізді отандық тауарлармен қамтамасыз ету керектігін айтты. Осы уақытқа дейін біз ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлсек, енді мал шаруашылығына баса назар аудару қажеттігін алға тартты. Мал шаруашылығын индустрияландыруды дамыту, ет өнімдерін көбейту, мал тұқымын асылдандыру мәселесінің де өзектілігін атап көрсетті.
Орта және шағын бизнестің өркендеуі мемлекеттің дамуына ықпал етеді. Осыған байланысты бизнеске үнемі қолдау көрсетіп отыру қажеттігі, микрокредит беруді ұлғайту тапсырылды. Қазақстан, Белоруссия, Ресей Кедендік одағының оң нәтижесі айтылып, ол мемлекетіміздің бәсекелестігін арттыратындығын дәлелдейтіні аталды.
Білім сапасын көтеріп, мұғалім беделін арттыру, жалақыларын еселей түсу соңғы жылдары Елбасы Жолдауында үнемі айтылып келеді. Бұл салада атқарылған шаруалар жетерлік. Ел Президентінің пайымды саясатының арқасында білім қызметкерлерінің кешегіден бүгіні көш ілгері.
Елбасы жаңа үлгідегі университет құру, интеллектуалды мектептер ашу, кәсіптік білім берудің сапасын арттыру, білім берудің үш сатылық – бакалавриат, магистратура, докторантура PhD жүйесіне көшу, жоғары оқу орындарының 2015 жылға дейін 30 пайызын ұлттық аккредитациядан өткізу, инновациялық білім беруді арттыру, қашықтықтан оқыту үрдісін енгізуді 2015 жылға дейін 50 пайызға, 2020 жылға дейін 90 пайызға жеткізуді, адамға өмір бойы білім беруді міндеттегені де бізге зор жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі таңда осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жаңа үлгідегі университет ретінде Назарбаев Университетін, дарынды балаларға арналған интеллектуалды Назарбаев мектептерін атауға болады. Президент көтерген мәселе бойынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ауқымды жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, университет үш сатылы білім беру жүйесіне көшсе, 2010 жылы институттық аккредиттеуден сәтті өтті.
Жолдауда мемлекеттік тілді дамыту қажеттігі де айтылды. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар саны кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Сонымен қатар, алда орыс тілін дамытып, жастарымыз үш тілде еркін сөйлейтіндей дәрежеге жетуі міндеттелді.
Жолдауда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету осыдан сегіз жыл бұрын басталғандығы, қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін тапқаны атап көрсетілді. 2015 жылға дейін таза ауыз сумен қалалық жерде 100 пайызға, ауылдық жерлерде 80 пайызға жету керек, деді Елбасы.
Жыл өткен сайын халқымыздың тұрмыстық деңгейі көтеріліп келеді. Әрине, мұның бәрі Елбасы жүргізген саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Сондай-ақ құнды құжатта соңғы он жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілсе, өзіміз куә болып жүргендей, жыл сайын мыңдаған адам баспаналы болып жатыр. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерге күрделі жөндеулер жүргізілуде.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайтып, Қазақстан халқының рухани-мәдени топтасуын, сабақтаса және ілгерілей дамуын қамтамасыз ету мақсатында «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» деп жариялады. Ел тәуелсіздігінің мерейтойы жыл бойына «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен атап өтілуі де мерей тасытады. Тәуелсіздігіміздің құндылығын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында біз тағылымдық-тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін боламыз.
Елбасы Жолдауында халыққа сенім білдіріп, болашақты бірге қалауға күш-жігерін аямайтындығын, халқын жанындай жақсы көретіндігін тебірене айтты. Мұны біз де үлкен жүрекпен, ыстық ықыласпен қабылдадық. Жолдауды іске асыруда бір отбасының баласындай ел болып жұмыла кіріссек, тәуелсіз Қазақстан биік шыңдардан көрінетіні кәміл.
Қазақстан мерейі – біздің бақытымыз. Демек, бақ пен бақыт ортақ, сондықтан да бір кісідей еңбек ету кімге болса да парыз.
Әбдіманап Бектұрғанов, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы облысы.