28 Маусым, 2016

Арқа өңірінің ахуалымен танысты

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кәрім Мәсімов2Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысының жанында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек еріп жүрді. Премьер-Министрді Қара­ған­ды әуежайында облыс әкімі Нұр­мұхамбет Әбдібеков пен Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қарсы алды. Премьер-Министр бірден шекаралық және кедендік бақылау аймақтары орналасқан халықаралық ұшу залдарын көріп, аэровокзал кешенінің күту залына барды. Осы жерде Үкімет басшысына қала әуежайының, теміржол вокзалының және автовокзалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы баяндалды. Бұдан кейін Премьер-Министр Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өңірде түйнеме ау­руы­ның тіркелуі жағдайына байланыс­ты кеңес өткізді. Жиын барысында қолға алынып жатқан шаралар туралы облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, сонымен қатар, Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин баяндама жасады. Кеңесті қорытындылаған Үкі­мет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық қызметтер жұмысының тиім­ді­лігіне талдау жасау, вакцина сапасына сараптама жүргізу тапсы­рыл­ды. Мал қорымдарының күйі ту­ралы мәселені Үкіметтің селек­торлық отырысының күн тәртібіне жеке шығару ұйғарылды. Ал Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігіне Пре­мьер-Министр түйнеме дер­тіне шалдыққан науқастарға көр­сетілген медициналық қызмет­тердің сапасын тексеруді және бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының әкіміне өңірдегі профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін қабылдау тапсырылса, Ішкі істер министрлігіне аталған факт бойынша тергеуді аяғына дейін жеткізу жүктелді. Сапар барысында Кәрім Мәсімов бастаған делегация қаладағы бір­қатар әлеуметтік нысандарды аралады. Премьер-Министр Қара­ғанды облысындағы білім беруді дамы­ту бағдарламасының іске асы­рылу барысымен танысты. Бұл туралы Үкімет басшысына об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев баяндады. Қарағанды облысында білім беру нысандарының құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, биылғы жылдың басында Бұқар жырау ауданында 464 оқушыға ар­налған мектеп пайдалануға берілсе, Жаңаарқа ауданында 150 орындық мектеп құрылысы жыл­дың соңына дейін аяқталуға тиіс деп жоспарланған. Жалпы, соңғы үш жылда өңір бойынша мектеп жасына дейінгі 3 мың баланы қамтитын әлеуметтік нысандар ашылған. Дегенмен, алдағы жылдары облыста тоғыз мектеп пен 34 балабақша салуға деген қажеттілік бар. Үкімет басшысы Қара­ған­ды­дағы жаңадан салынып жатқан «Жанұя» тұрғын үй кешенінде болып, құрылыс барысымен таныс­ты. Сонымен қатар, ол Қарағанды мем­лекеттік техникалық универ­си­тетіне барып, мемлекеттік ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының екінші бес­жылдығына арналған мамандарды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан оқу үдерісімен танысты. Инновациялық технологиялар зертханасындағы инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Үкімет басшысының содан кейін атшалдырған нысаны Қа­ра­ғанды қаласының орталығында ор­наласқан тұрғындарға қызмет көр­сету орталығы болды. Бұл жерде Премьер-Министр «Азаматтарға ар­налған Үкімет» Мемлекеттік кор­порациясы» ҰАҚ-тың сынамалы төрт жобасының тұсаукесеріне қатысты. Түстен кейін Кәрім Мәсімов Теміртау қаласына барып, бір­қатар өндіріс орындарында болды, сонан кейін жұмыс сапарын қоры­тындылаған жиын өткізді. «Арсе­лорМиттал Теміртау» компа­ниясында болғанында Премьер-Министр кәсіпорын басшы­лары­ның алдына бірқатар міндеттер қойды. К.Мәсімов тау-кен метал­­лургия саласы Қазақстан эко­но­микасындағы жүйе құраушы­лардың бірі болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жалпы ал­ғанда соңғы уақытта ілгері жыл­жу­дың оң пішіні байқалғанын айтты. Бұдан бөлек, кәсіпорындармен қатар, мемлекеттік органдардың назарын талап ететін мәселелер де күн тәртібінде тұр. Үкімет басшысының айтуынша, бұл мәселеде көп нәрсе компаниялардың өзіне байланыс­ты, олар өз ұжымдарының алдында жауапкершілікті өткір сезінулері тиіс. Осыған байланысты жауапты кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтау және арттыру бойынша қолдан келген барлық шараны қолдану қажеттігі атап көрсетілді. Бұдан өзге, Премьер-Министр компанияларды импортты алмастыру үшін өндірілетін тауарлар желісін арттырудағы өз мүмкіндіктерін қайта қарауға шақырды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы