(Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ 1991 жылғы 10 желтоқсан күнгі Ант беру сәтіндегі сөзінен)
Қандай жұмсақ еркiндiктiң самалы, Кеуделерге бiрлiк отын жағады. Емiн-еркiн төрт түлiгiң жайлауда, Бұлақ қырда емiн-еркiн ағады... Шiркiн-ай! Еркiндiктiң Самалы бетiңе жұп-жұмсақ тиедi. Аймалап өтедi. Тынысың кеңейiп, кеудеңдi кере дем аласың. Ән салып, күй шертіп, жыр арнағың, би билегің келедi. Аспанға самғауды аңсайсың. Бұл Еркiндiк Самалы (бас әрiппен жазылатын) бiздiң бетiмiздi қашан желпiп едi? Бiлем... Есiмнен кетпейдi... Әлi күнге дейiн көз алдымда... 1991 жылдың 10 желтоқсаны болатын... Бұл күні Алматы қаласындағы Республика сарайында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi сессиясының салтанатты мәжiлiсi өтті. Онда бірінші желтоқсанда бүкіл халық сайлаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев депутаттар мен Үкімет мүшелері және әр облыстан келген өкiлдер алдында Ант қабылдады. Осы тарихи жиынға қатысуға Маңғыстау облысындағы Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің қарапайым редакторы менің де облыстағы БАҚ журналистері атынан шақырылғанымды естiгенде қуанышымда шек болмаған. Ел өмірінде алтын әріппен жазылатын мұндай рәсiмге қатысу бақытына ие болу әркiмнiң маңдайына жазыла бермейдi. 9 желтоқсанда бір топ делегат Алматыға ұшпақ болып, Ақтау әуежайында тұрмыз. Алып ұшқан көңiлдi кенет су сепкендей басып тастаған хабар келдi. Әлгi бiз ұшатын рейс жанармай жоқтықтан Алматыдан Ақтауға ұшпай қалыпты. Мәссаған... күнделiктi қарапайым рейс болса бiр жөн. Тәуелсiз Қазақ елiнiң Тұңғыш Президентiнiң Антын алуға бара жатқан бiлдей бiр өлкенiң өкiлдерiн әкелмек ұшақты астанадан ұшырмай тастауды қай саққа да жүгiртiп, алып-қашпа әңгiмелер желiсiне айналдыруға болатын едi. Бұл жерде бiздердi бастап бара жатқан жетекшiмiз – Маңғыстау облыстық кеңесi төрағасының орынбасары Дүйсембi Әрiпов сабырлылықпен «бұлай болуы тиiс емес, астанаға ұшудың бар мүмкiндiгiн қарастырамыз», деп көңілімізді жұбатты. Хабарды күтуге тура келдi. Қай тараптан болса да Алматыға бағыт алатын өзге рейс жоқ еді. Жетекшiмiз облыстағы аэрофлотты басқаратын адамды iздесе таптырмапты, сөйтiп, Алматының әуежайына бiр-ақ шығып мән-жайды түсiндiрiптi. Сонымен ұзын сөздiң қысқасы, Сочи-Атырау-Жамбыл-Алматы маршрутымен ұшатын ұшақты Атырау емес, Ақтауға бұрғызыпты. «Қырсыққанда қымыран iридi» дегендей, әлгi ұшақтың салонында бәрiмiз түгел сиятын орын болмай шығыпты. Бiзден төрт адам қалуы керек болды. Бұл жерде де әлгi жетекшiмiз мәймөңкелемей, бiрден облыстың да өз алдына территориялық-әкiмшiлiк екенiн, бұл адамдардың жай сапармен емес, республика өмiрiндегi саяси мәнi зор жиынға кетiп бара жатқанын, сондықтан да ешкiмнiң де қалуына болмайтынын әуежай қызметкерiне түсiндiрiп, егер мәселе шешiлмейтiндей жағдайда өзін экипаж командирiне жолықтыруды өтiндi. Осы жерде бiзбен бiрге Ақтау қалалық кеңесiнiң әрі төрағасы, әрі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Баев та ұшқалы тұр едi. Өкiнiшке қарай, ол қала басшысы ретiнде шешiмдiлiк таныта алмады, оның есесiне «аэропорттың өз заңы бар, оларға әкiмшiлiк жүргiзе алмаймын» дегендей сыңай танытты. Егер, олай болған жағдайда қалуы тиіс төрт адамның бірі мен болатыным сөзсіз еді, себебі, лауазымы ең кішісі менмін және бір кітапханашы болатын. Не керек, Дүйсембі ағаның табандылығы арқасында бәрiмiз де әлгi ұшаққа сыйып кеттiк. Жоғарғы Кеңестiң салтанатты мәжiлiсi түс қайта, сағат 15.00-де Республика Сарайында өтедi екен. «Қазақстан» қонақүйiнiң дәл жанында. Бұрынғы «Қазақстан» мейрамханасын кореялықтар жалға алыпты. Корейлердiң ұлттық тағамдары ғана даярланады екен. Бiз арнайы талон бойынша осы мейрамханадан тамақтанатын болдық. Иiлiп-бүгiлiп тұрған даяшы жас қыздар мен жiгiттер. Келушiлерге қызмет етудiң адам таңғаларлық үлгiсi бар. Әрi тамағы да дәмдi болып көрiндi. Бұл болашақта Қазақстанға әкелінбек инвестицияның алғашқы қарлығашы іспетті еді... Салтанатты мәжiлiстiң де мезгiлi жақындады. Атақты сарайға адамдар легi ағылуда. Сарай алдында ұлы Абайдың алып ескерткiшi тұр. Жанында топ-тобымен суретке түсушiлер. Бiз де суретке түстiк. Абай атаның ескерткiшi жанына тоқтаған машина iшiнен бiр топ адам ақ сарыбас қошқарды түсiрiп жатты. «Анау – Президент Ант берiп жатқан кезде құдай жолына шалынатын құрбандық», дедi әлдекiм. Жоғарғы Кеңестiң салтанатты сессиясы да ашылды. Уһ, бұл күнге де жеттiк-ау. Кейiн осы мәжiлiстен берген репортажында «Егемен Қазақстан» былай деп жазды: «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң бұл мәжiлiсiн көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Ақ киiзге отырғызып, хан көтеру халқымыздың санасында қалғанмен, көзден бұл-бұл ұшып едi. Мiне, өшкенiмiз жанды, өлгенiмiз тiрiлдi. Қазақстанның жарқын күнiн армандап өткен, сол үшiн күрескен мың-мыңдаған айтулы азаматтардың, жүздеген қайраткерлердiң көкейiндегiсi орындалды». Төрағалық етушi Президент Нұрсұлтан Назарбаевты өзiнiң құрметтi орнына отыруға шақырды. Бүкiл зал тiк тұрып, қол соғып қарсы алды. Президент Республика Конституциясына және Егемендiк туралы Декларацияға қолын қойып тұрып, халық алдында салтанатты түрде Ант бердi. Президент өз орнына барып, сахна ашылып, оркестр Республика гимнiн орындады. Бұл өз гимнiмiздiң дербес тұңғыш ойналуы еді, бұрын ең алдымен КСРО гимнi ойналатын. Оркестр гимн ойнап болған соң, торғын сахна жаймен ысырылып, жабылып келе жатты. Сахна әуелi жоғарыда iлулi тұрған Республика туын қақты. Әрине, бұл ешкiм күтпеген оқыс, келеңсiздеу оқиға. Ту отырған Президенттiң үстiне қарай қисайып құлап келе жатты. Осы сәтте Нұр-Аға аса сергек, шапшаңдықпен туды құлатпай ұстап қалып, өз тұғырына түзетiп қойды. Сөйтiп, Ту құламай қалды. «Егемен Қазақстан» газетi өзiнiң 11 желтоқсан күнгi №284 санында осы көрiнiстi былай тұжырымдады: «Ел өмiрiнде тосын оқиғалар болып жататыны сияқты, бұл жиында да күтпеген оқиға болды. Республика гимнi ойнағаннан кейiн, сахна жабыла бергенде, шымылдық Қазақстан туын қағып, Ту қисая бердi. Бiрақ Қазақстан туы құламады. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев құлатпай ұстап қалды. Алғашқыда «ойпырмай» дегiзген осы оқыс сәттен бiз үлкен нышан байқадық. Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқашан да, ешқандай сәтте де Қазақстан Туын қисайтпайтынына кәмiл сендiк». Иә, салтанатты мәжiлiске қатысушылардың бәрiнiң де көкейiнде «Туды құлатпай ұстап қалды, Нұрсұлтан ешуақытта да қазақ Туын қисайтпайды, Қазақ елi өсiп-өркендеп, тарих сахнасында өзiнiң елеулi орнын алуы тиiс», деген ой-пiкiр, берiк сенiм кеттi. Салтанатта алғашқы құттықтау сөзді жазушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ұлт саясаты, мәдениетті және тілді дамыту комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев алып: «...Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз... Біз шын мәнінде өз тарихымыздың жұлдызды сәтін бастан кешіп отырмыз...», деп тебіренген. Сахнаға шыққан бір топ ақсақалдар – тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов Президентке өлеңмен ақ батасын берген... Халық жазушылары Д.Снегин, Х.Ерғалиев, КСРО халық әртісі Қ.Қожамияров, т.б. Нұрсұлтан Әбішұлына зерлі шапан жауып, басына киетін тымақ пен беліне буатын кемер белдікті табыс етті. Осы тұста бір айта кетер жай – Тұңғыш Президентіміздің тұңғыш ант беру сәтіндегі иығына қазақы дәстүр бойынша тұңғыш жабылған шапанды арнайы тіккен маңғыстаулық тігінші Тайжан Досанов болатын. Қазір Алматы қаласындағы Ұлттық музейде сақтаулы тұрған бұл шапанның аты «Таутеке». «...Нұрсұлтан, ел сыйласын есіміңді, Бір айтқын жалтақтаусыз шешіміңді. Халық үшін қабырғаңды қайыстыр да, Бола бер парасатты, кешірімді. Халқыңнан алтын алма, алғысын ал, Тілегі барша жұрттың осы күнгі...», деген абыз ақынның сол батасы қабыл болып, айна-қатесіз келген... Егер алға аттап кетіп, бүгінімізді айтар болсақ, символын БАРЫС еткен тәуелсіз ҚАЗАҚСТАН әлемдегі еңселі елу елдің қатарынан орын алып, енді отыз елдің ортасынан көрінуге ұмтылуда. Президент өз сөзінде халқына арнап былай дегені әлі есімізде: «...Алдымызда қиын-қыстау күндер, биік белдер, айбынды міндеттер тұр. Оның үдесінен шығу үшін ең алдымен БІРЛІК, ЫНТЫМАҚ керек. Тілі бөлек болса да тілегі бір, үміті бір, тіл табысып ежелден келе жатқан іргелес елдермен татулық керек... », дей келіп: «Егемен ел болудың жүгі де жеңіл болмайды. Ендігі жерде қалай өмір сүретініміз қалай еңбек ететінімізге байланысты. Дәулетті тұрмыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ...», деп бүкіл қазақстандықтарды адал еңбек етуге шақырған. Иә, Қазақстанның жұлдызды сағаты соқты. «Өз еркiмен өзгеге бодан болған елден асқан сорлы жоқ», деген екен Сенека ғұлама. Дәл айтқан. Ал бiз 70 жыл бойы Ресейге өз еркiмiзбен қосылдық, бодан болдық, рахатқа жеттiк деп бөркiмiздi аспанға атып, мақтанып келдiк емес пе? Ендi осы сорлылықтан арылатын, өз бетiмiзбен күн кешетiн мезгiл жеттi. Мейлi, мемлекетiмiздiң қаз басқан кезеңi болсын, бiр сүрiнiп, бiр тұрармыз, бiрақ уақыт төрешi ер жеткiзедi ғой. Мейлi, бұл кезең атып келе жатқан таңымыздың рауаны болсын, шығып келе жатқан күн бәрiбiр таң атырып, сәскесiн, шаңқай түсiн алға тосады емес пе? Демек, бiз – болашағы бар халықпыз. Этностар тарихын зерттеуші ғалымдардың пікірін келтіре отырып, дарынды ақын досым Кеңшiлiк Мырзабеков: «Әр халықтың тарих сахнасына шығатын өз кезеңi болады, мың жылдық мерзiм iшiнде әлгi халық ең шарықтау биiгiне шығып, қайтадан құлдырап, өзiнен төмендегi халықтар қатарына түседi де, екiншi бiрi биiкке көтерiледi. Қазақтың болашағы алда, өйткенi, бiздiң мемлекетiмiзге – 500-ақ жыл, ал алда әлi 500 жылдық жол жатыр ғой», дейтiн. Сол күнi дәуiрлеу жолына бастар көреген көсемiмiздi бiз тағына отырғызып қайтқанбыз. Тоқсандағы абыз ақынның ақ батасы қабыл болып, Ұлы Дала елі бүкіл әлемді өзіне қаратты. Күні кеше БҰҰ мінберінен қазақ тілі саңқ етіп, адамзат болашағына қатысты күрделі мәселелерді батыл көтерді. Мәңгіліктің көкжиегіне бет алған керуен кетiп барады. Ол – Қазақстан атты талай азап пен тозақты бастан кешiрген көнбiс халықтың, сол азап пен тозаққа мойымаған, рухын әркез биiк ұстаған халықтың көш-керуенi. Өткен мыңжылдық, Бiзге не бердi? Талай қынжылдық, Талай көгердiк. Қазақтың жел есiп айдары, Батыры, бағыланы, билерi, байлары. Ту ұстап жадырап, сүт бетi қаймағы, Ұлы Даланы еркiн жайлады. «Сүйем деп сұлу қыз, Iшем деп қымыз». (Бiлемiз бұлардың қызықты буын бiз), Желiге құлын байлады. Ұл туса келiнi, көкпар сап тойлады, Қайтадан желбiреп көк бөрi байрағы. Сөйтiп, бiз әр жақтан жиылып, Ортада бiр көлге бұлақ боп құйылып. Ақбоз ат шалынып, ақ киiз оранып, Аллаға сыйынып, Ұлт болып ұйыдық. Ай тұрды төбеде күлiмдеп қиылып. Сонан соң... Бiз талай сөнiп қала жаздадық, Бiрақ... қайта маздадық. Өзгеге бодан боп көнiп қала жаздадық, Бiрақ... үмiттен көз жазбадық. Жұлқыстық, Қырқыстық, Қастастық, Достастық, Таластық, Жарастық. Қол созып ғасырдан ғасырға Әйтеуiр әрi астық. Сөйтiп, өткен мың жылдың жартысы, Бiз үшiн Өмiр мен Өлiм тартысы Болыпты. Мен соны ұқтым. Соңында толыстым, толықтым, Бұғаудан босанып, Қайта жасарып, Бақпен, Бақытпен жолықтым. Мiне, ендi Үшiншi мыңжылдық келiп тұр. Төгем деп Қазаққа көрiк-нұр. Ей, Алла! Қадыр түн өзiңнен тiлерiм: Келiндер құрсағын бос қылмай, Барыстың етiне жерiк қыл. Болады бұл ғасыр, Ендi өрлеу, өркендеу, Өмiрдi көркемдеу. Атанып Алаштың арысы – АЗИЯ БАРЫСЫ. Қазағым гүлдейдi, Гүрлейдi Ертеңдер... Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АҚТАУҚазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32