29 Маусым, 2016

Шарайна

309 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
шарайна-1Супермемлекет дегеніміз осындай ма? Германия мен Франция Еуроодақты реформалау жобасын дайындаған. Бұл туралы TVP Info телеарнасы хабарлады. Телеарнаның қолына екі ел сыртқы істер министрлері қол қойған құжат түскен секілді. Бұл жерде әңгіме Париж бен Берлиннің Еуроодақтағы басқа елдерге қойып отырған ультиматумы туралы болып отыр. Жоба бойынша, оған қатысушы елдердің іс жүзінде өздерінің жеке армиясына, арнайы қызметтеріне, қылмыстық кодексі мен ұлттық валютасына құқы болмайды екен. Сондай-ақ, біртұтас арнайы қызметтер мен салықтық және визалық жүйе құру жоспарланып отырғанға ұқсайды. Бұған қоса, жобада ортақ сыртқы саясат жүргізу мен НАТО-ның Еуропа құрлығындағы рөлін шектеу туралы мәселе қарастырылыпты. Осылайша жаңа одаққа мүше мемлекеттер іс жүзінде өз шекараларын бақылаудан да айырылатын тәрізді. Түркия мен Израильдің уағдаластығы Түркия мен Израиль қарым-қатынастарын жақсарту туралы уағдаластыққа келді. Бұл туралы Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым мәлімдеді, деп хабарлады «Рейтер» агенттігі. Келісім шеңберінде тараптар енді жақын арада елшілерімен алмасатын болады. Түркия премьерінің сөзіне қарағанда, Израиль 2010 жылы орын алған қақтығыс кезінде қаза тапқан немесе зардап шеккен түрік азаматтарының отбасыларына 20 миллион доллар өтемақы төлеуге келісімін берген. Өз кезегінде Түркия Газа секторына әскери емес өнімдермен гуманитарлық көмек көрсетпекші. Ал 2010 жылы Газа секторына қойылған блокаданы бұзуға барған түрік корабльдеріне израильдік әскерилер баса-көктеп кіріп, Түркияның тоғыз азаматын атып өлтіргені белгілі. Жанжал содан туған болатын. шарайна-2Елизавета ІІ-нің денсаулығы қандай? Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ Солтүстік Ирландияға сапары кезінде денсаулығына қатысты қойылған сұраққа қалжыңмен жауап қайтарыпты. Мұны The Telegraph хабарлады. Патшайым Солтүстік Ирландияның астанасы – Белфаст қаласындағы Хиллсборо замогында осы ел бірінші министрінің орынбасары Мартин Макгиннесспен кездескен болатын. Сол кезде бірінші министрдің орынбасары 90 жастағы патшайымнан «хал-жағдайыңыз қалай?» деп сұраған ғой. «Әзірше әйтеуір тірімін» деп жауап қайтарыпты Елизавета ІІ. Макгиннесс болса, бұған қоса бүгінде Біріккен Корольдікте адам түсініп болмайтын оқиғалар орын алып жатқанын көлденең тартқан. Патшайымның екі күндік сапары Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мәселесіне арналған болатын. Қысқа қайырғанда:
  • Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым өз елінің Ресейдің атып түсірілген Су-24 ұшағы үшін өтемақы төлеуден бас тартатынын мәлімдеді. «Өтемақы туралы әңгіме қозғалған емес, Түркия тек кешірім сұраған болатын», деп атап көрсеткен үкімет басшысы. Мұны «Рейтер» хабарлады.
  • АҚШ-тың Миссисипи штатындағы Джексон округінде орналасқан газ өңдейтін зауытта жарылыс болды. Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, жарылыстан соң бірден өрт шыққан. Әзірше опат болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ.
  • Ресейден Түркияға барып демалатындар ағыны осы жыл­дың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71 пайызға құлап, бар болғаны 20,9 мың адамды құраған. Бұл ақпаратты Ресей туристік индустрия одағының баспасөз хатшысы Ирина Тюрина таратты.
  • Полиция Жапонияның Japan Airlines әуе компаниясының екінші ұшқышын қамауға алды. Ол рейс алдында лайнер капитанымен бірге спиртті ішімдік ішіп, онымен ілігісіп қалған. Жанжалдасып жатқан екеуге араша түскен полицейді 42 жастағы Соити Тацуми жұдырықтың астына алған. Сөйтіп, Канадзавадан Токиоға ұшатын рейс кейінге қалдырылыпты.
шарайна-3Гастарбайтерлер ұйымдастырған төбелес Шамамен 100 гастарбайтер Ленинград облысының Кудрово елді мекеніндегі құрылыс алаңында төбелес ұйымдастырған. Жұдырықтасуға қатысқандар арматура мен таяқтар және тастар қолданып, бір-біріне травматикалық қарудан оқ атқан. Кейбір төбелескендер жарақат алған. Полиция 20 адамды қамап тастаған. Ал төбелесті құрылыс алаңының жанынан өтіп бара жатқан Дағыстанның тумасы ұйымдастырса керек. Ол Орталық Азиядан барған мигранттармен сөзге келіп, керісіп қалыпты. Оқиғаға куә болғандардың айтуларынша, дағыстандық мінген автомобиль сол маңда тұрған гастарбайтердің бірінің үстіне жаңбырдың лай суын шашыратып кеткен. Салдарынан, жүргізуші соққыға жығылса, кейін ол өзімен бірге «қосымша күш» ертіп келген... Жүк көлігінен 17 кг. героин табылды Ресейдің Екатеринбург қаласында Федералдық қауіпсіздік қызметінің Свердлов облысы бойынша басқармасының қызметкерлері Қырғызстаннан келетін героинның жолын жапты. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады. Басқарманың ақпаратына қарағанда, Қырғызстан азаматы өзінің сыбайластарымен есірткі әкелудің сызбасын дайындаған. Сөйтіп, есірткінің осы күшті түрі Екатеринбургке федералды көлік компаниясымен жеткізіліп тұрған. «Көлік компаниясының қызметкерлері тауар толтырылған жүк көлігінде есірткі бар деп еш күдіктенбеген де», деп атап өтеді арнайы қызметтегілер. Басқарма қызметкерлері жүк тиелген автокөлікті компанияның арнайы тұрағында күтіп алып, 33 жастағы Қырғызстан азаматын тұтқындаған. Тексере келгенде жүк көлігінен 17,5 кг. героин шыққан. шарайна-4Танзаниядағы гелий қоры Ұлыбританиялық және норвегиялық геохимиктер Танзания аумағынан гелийдің орасан мол қорын тапқан. Шығыс Африка мемлекетіндегі жерасты кен орнында осы элементтің 1,5 миллиард текше метр қоры бар екені белгілі болып отыр. Ғалымдар гелийді оны іздеудің арнайы дайындалған тәсілі арқылы табуға қол жеткізген. Бұл газ жер бетіне вулкандық белсенділік нәтижесінде көтеріледі екен. Сұйық гелий негізінен жоғары өткізгішті магниттерді суыту үшін, атап айтқанда, магнитті-резонансты томография үшін пайдаланылады. Қазіргі кезде жылына шамамен 220 миллион текше метр гелий іске жаратылады. Оны сататын әлемдегі негізгі ірі ел АҚШ саналады. Бұл елдегі барланған гелий қоры 4,3 миллиард текше метрді құрайды. Бірақ ол жыл өткен сайын тез азайып келе жатыр екен. Интернет материалдары негізінде әзірленді