Жақында Павлодар қаласында Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының мұрындық болуымен «Білім берудегі инновациялар мен тәжірибе: уақыт талабы» атты екінші республикалық педагогикалық оқулар – өзгерістер мен шеберлік керуені өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдау, білім беру саласы қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін көтеру, оқушылар мен жастарды тәрбиелеу мен оқытудағы озық инновациялық педагогикалық тәжірибелерді жинақтап, тарату еді.
Дәстүрлі екінші республикалық педагогикалық оқуларда жаңалықтың жаршысы болуға еліміздің 32824 педагогы қатысты. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойы құрметіне арналып өткізілген педагогикалық оқулар ең перспективалы инновациялық жобаларды анықтап, оларды жүзеге асыруға жол ашатын тәжірибе алмасуға және пікірталасқа арналған орын, кәсіби шеберлік-шыңдалу мектебі болды. Педагогикалық оқуларға аудандық (қалалық) және облыстық кезеңдерден сүрінбей өткен 122 ең үздік жұмыс республикалық қорытынды кезеңде өзара бақ сынасып, өздерінің бірегей тәжірибелерімен және жекелей ерекше қасиеттерімен көзге түсті. Педагогикалық оқулардың жұмысы – мектепке дейінгі білім беруден бастап, жоғары білім беруге дейінгі білім мазмұнын жаңарту мәселелерін қамтыған барлық білім беру сатылары бойынша 8 бағытта стратегиялық зертханалар форматында ұйымдастырылды.
Екінші республикалық педагогикалық оқулардың жұмысына Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжанов қатысты. Ол форум қатысушыларына сәттілік тілеп, білім саласының алдында күрделі, әрі маңызды басты міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұқар жырау, М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Ж.Мұса, Қ.Сәтбаев, Ш.Шөкин, Ә.Марғұлан, Ш.Айманов тәрізді талай дарын мен талантты дүниеге әкелген ұлылар мекенінде өткізіліп жатқан іс-шара мемлекетіміздің білім беру саясатын жүзеге асырудың бір қадамы, соған қосар үлес екеніне тоқталды. Әмірхан Мұратбекұлы Қазақстан Республикасының білім беру мен ғылымды дамытудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асырудағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ қызметіне жоғары баға берді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Инновациялық еуразиялық университеті ғалымдарынан құрылған сараптамалық қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын бағалау барысында педагогтердің жұмыс мазмұнының инновациялық идеялар басымдығын, оның тәжірибелік бағытын ерекше бағалады.
Екінші республикалық педагогикалық оқулардың қатысушылары ынтымақтастық ахуалын құру, өзара пікір алмасу, тиімді сұхбат жүргізу, педагогикалық қызметтің алдағы қадамдарын белгілеу үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ барлық қажетті жағдайды жасағаны туралы пікірлерін білдірді.
Республиканың педагогикалық қызметкерлері өздерінің бірегей инновациялық тәжірибелерін, зерттеу қызметінің әзірлемелерін, жалпы дарынын ашатын Педагогикалық оқуды өткізу тамаша дәстүрге айналып отырғанын алға тартты.
«Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі», дейді Елбасы өз Жолдауында. Олай болса, бүгінгі тұманың тұнығындай тума таланттар жерінен шабыт алған ұстаздар қауымы қажырлы еңбектерімен баянды етуге жұмылары анық. Екінші республикалық педагогикалық оқулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің шыққан шыңдары мен бағындырған биіктері осыны дәлелдейді. Иә, олардың шығармашылық жұмыстары қашанда жемісті бола бермек.
Бұлғын ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық
орталығы» АҚ филиалы Павлодар
облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институтының директоры