29 Маусым, 2016

2015 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ НЕГІЗГІ ТҰЖЫРЫМДАРЫ

245 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

2015 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІ ЕСЕБІНІҢ (қАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ЕСЕБІНЕ ҚОРЫТЫНДЫ) НЕГІЗГІ ТҰЖЫРЫМДАРЫ

2015 ЖЫЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫНЫҢ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫ 2015 жылға арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі – Үкімет) 2014 жылғы 27 тамыздағы отырысында мақұлданған (№37 хаттама) Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына негізделген. Макроэкономикалық көрсеткіштер 2014 жылғы қарашада, сондай-ақ 2015 жылғы ақпанда және қарашада нақтыланды (2014 жылғы 4 қарашадағы №48 және 14 қарашадағы №50, 2015 жылғы 17 ақпандағы №9 және 17 қарашадағы №47 хаттамалар). Республикалық бюджеттің атқарылуы экономикалық дамудың өсу қарқыны баяулаған жағдайда, мұнайға әлемдік баға төмендеген, инфляция деңгейі өскен, ұлттық валютаның АҚШ долларына бағамы едәуір әлсіреген тұста жүргізілді. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (бұдан әрі – Статистика комитеті) алдын ала деректері бо­йынша 2015 жылғы жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) өсу қарқыны нақты мәнде 1,2%-ды құрады, бұл болжамды көрсеткішке сәйкес келеді. Сонымен бірге, болжамды көрсеткіштерге төрт мәрте нақтылау жүргізілгеніне қарамастан, номиналды түрдегі ЖІӨ іс жүзінде жоспарлы мәнінен 823,2 млрд. теңгеге (2015 жылғы қараша) төмен қалыптасып, 40 878,0 млрд. теңгені құрады. Сыртқы конъюнктура нашарлағандықтан, соңғы рет нақтыланған кезде болжам 98,2%-ға мақұлданғанымен, өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсу қарқыны төмендеу бағытына 101,9%-ға түзетілді. 2015 жылғы іс жүзіндегі көрсеткіш 98,6%-ды (болжамнан 0,4 пайыздық тармаққа жоғары) немесе 14,6 трлн. теңгені құрады. Тау-кен өндіру саласындағы жалпы қосылған құн (бұдан әрі – ЖҚҚ) ЖІӨ-де 2010 жылғы 18,5%-дан 2015 жылы 12,9%-ға төмендеді. Сондай-ақ ЖІӨ құрылымында қайта өңдеу салалары үлесінің төмендеу үрдісі байқалады. 2015 жылы ол 9,9%-ға дейін қысқарды (2010-2013 жылдары ол ЖІӨ-де 10,4-10,8%-ды құрады). Энергия жеткізгіштерге бағалар төмен болған тұста, 2015 жылы тауар экспорты құлдырауының жалғасуы, соның салдарынан тікелей шетелдік инвесторлар кірістерінің күрт қысқаруы төлем балансының ағымдағы операция­лары шотының теріс сальдосына әкеп соқты, ол 2014 жылғы 6,4 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі профицитпен салыстырғанда, 2015 жылы (-) 5,8 млрд. АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышы (бұдан әрі – ЖСБ) 2014 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеп, 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 153,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш 2015 жылы 47,7%-ға өсті және 12,9 млрд. АҚШ долларын немесе ЖСБ құрылымында 7,4%-ды құрады. 2015 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 7 024,7 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы деңгейге шаққанда 3,7%-ға ұлғайды. 2015 жылы инфляция жоспарланған дәліздің жоғары шегін 3,6 пайыздық тармаққа (бұдан әрі – п.т.) асып кетіп, 13,6%-ды (2014 жылы – 7,4%) құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарларына арналған бағалар 10,9%-ға (8,0%-ға), азық-түлік емес тауарларға – 22,6%-ға (7,8%-ға) өсті. Жыл ішіндегі ақылы қызметтер 8,1%-ға (6,4%-ға) қымбаттады. Сыртқы соққыларға қарамастан, әлеуметтік саладағы жағдай тұрақтылығын сақтауда, номиналды ақша кірістері 7,3%-ға, нақты кірістер – 0,7%-ға өсті. 2015 жылғы 4-тоқсанда орташа айлық номиналды жалақы 4,1%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құрады, бұл болжамды көрсеткішке сәйкес келеді. Жүргізілген нақтылаулар мен түзетулерге қарамастан, 7 755 млн. теңге игерілмеген, соның ішінде орталық мемлекеттік органдар 7 265,3 млн. теңгені игермеген, 2014 жылы бөлініп, Үкіметтің шешімімен толық пайдалануға рұқсат етілген, пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы даму трансферттерінің қайтарылған сомасы 489,7 млн. теңгені құрады. Үкіметтің пайдаланылмаған резерві 7 015 млн. теңгені (43,8%), үнемделген бюджет қаражаты  – 1 694,6 млн. теңгені құрады. Пайдаланылмаған және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 4 157,3 млн. теңге сомасындағы нысаналы трансферттер бюджетке қайтарылды. Пайдаланылмай және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай қайтарылған бюджеттік кредиттер сомасы 175 млн. теңгені құрады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға бөлініп, қазынашылықтың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында жатқан қаражат қалдықтары 132 209,5 млн. теңгені, соның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджет қаражаты – 76 462,7 млн. теңгені құрады. Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінген 5,1 млрд. теңге пайдаланылмай қалған. Есеп комитетінің 2015 жылы жүргізген бақылау-тал­да­малық және аудиторлық іс-шараларының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 1 648,0 млрд. теңгені, соның ішінде 2015 жылы бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде 316,2 млрд. теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 174,4 млрд. теңге. Есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет, жалпы алғанда, 2015 жылғы республикалық бюджет түсімдерінің жоспарлы параметрлері және шығыстарының атқарылуы бойынша қабылдаған міндеттерін орындап шықты. 2015 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҒАЛАУ Республикалық бюджет түсімдерінің  атқарылуын бағалау

2015 жылы республикалық бюджет түсімдері 2014 жылмен салыстырғанда 375,8 млрд. теңгеге ұлғайып, 7 730,6 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджетке түскен түсімдердің жалпы көлемінде кірістердің үлесі – 79,4%-ды, өтелген бюджеттік кредиттердің үлесі – 1,5%-ды, қарыз түсімдерінің үлесі – 19,1%-ды құрады. Республикалық бюджет кірістерінің атқарылуын бағалау 2015 жылға арналған республикалық бюджет кірістері бойынша  нақтыланған және түзетілген жоспар 5 806,8 млрд. теңге сомасында белгіленген. Кірістердің іс жүзіндегі түсімдері жоспарлы көлемінен 330,2 млрд. теңгеге асып кетіп, 6 137,0 млрд. теңгені құрады. Кірістердің жалпы сомасында салықтық түсімдер – 3 332,9 млрд. теңгені немесе 54,3%-ды, трансферттер түсімдері – 2 632,5 млрд. теңгені немесе 42,9%-ды, салықтық емес түсімдер – 162,8 млрд. теңгені немесе 2,7%-ды, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер – 8,8 млрд. теңгені немесе 0,1%-ды құрады. 2014 жылмен салыстырғанда, кірістер құрылымындағы салықтық түсімдердің үлесі 7,7 п.т.-ға азайды (2014 жылы – 62%, 2015 жылы – 54,3%), трансферттер мен салықтық емес тү­сімдер тиісінше 7,3 п.т.-ға (2014 жылы – 35,6%, 2015 жылы – 42,9%) және 0,4 п.т.-ға (2014 жылы – 2,3%, 2015 жылы – 2,7%) ұлғайды. Республикалық бюджет кірістері 2014 жылмен салыс­тырғанда 228,2 млрд. теңгеге немесе 3,9%-ға өсті. Соның ішінде трансферттер  түсімдерінің сомасы 529,2 млрд. теңгеге немесе 25,2%-ға, салықтық емес түсімдер – 31,1 млрд. теңгеге немесе 23,6%-ға, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 1,1 млрд. теңгеге немесе 14,3%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, салық­тық түсімдердің көлемі 333,2 млрд. теңгеге немесе 9,1%-ға қысқарды. Соңғы бес жылда республикалық бюджет кірістерінің құрылымында салықтық түсімдерді Ұлттық қордан және төменгі бюджеттерден  трансферттермен алмастыру үрдісі байқалады. Мәселен, егер 2011 жылы трансферттер кірістердің 29,8%-ын құраса, 2015 жылы олардың үлес салмағы 13,1 п.т.-ға өсіп, 42,9%-ды құрады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі – Мемлекеттік кірістер комитеті) деректері бойынша теңгенің еркін  құбылмалы айырбастау бағамына өтуіне байланысты, республикалық бюджетке түскен қосымша салықтық түсімдер жалпы 300 млрд.-тан астам теңгені құрады. Салықтардың жекелеген түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмады. Бюджеттік сыныптауыштың 10 коды (бұдан әрі – БСК) бойынша түсімдер жоспары орындалмаған, атқарылмаған жалпы сома 23,6 млрд. теңгені құрады. Мәселен, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге салынатын қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) (90,5%), Қазақстан Республикасының аумағына Кеден Одағына мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінетін темекі өнімдеріне акциз  (94,6%), әкетілетін тауарларға салынатын кедендік баждар (91,2%) бойынша жоспардан елеулі ауытқушылықтарға жол берілген. Республикалық бюджетке түскен салықтық түсімдердің (импортқа салынатын кедендік баждар мен салықтарды қоспағанда) 40%-дан астамы мониторингке жататын 300 ірі салық төлеушінің 737,8 млрд. теңге немесе түскен салық­тардың жалпы сомасының 42,8%-ы мөлшерінде салықтар төлеуінің есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 2014 жылмен салыстырғанда, олар бойынша республикалық бюджетке түскен төлемдер 155,3 млрд. теңгеге азайған. 2015 жылы мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС)   1 224,6 млрд. теңгені құрады, оның анағұрлым көп үлесі – салықтық түсімдерде (36,7%), шикі мұнайға салынатын және мұнайдан өндірілген тауарларға салынатын кедендік әкету баждарында – 690,5 млрд. теңге (20,7%). Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының аумағынан импортталатын тауарларға салынатын ҚҚС-дан басқа, Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға салынатын ҚҚС 362,7 млрд. теңгені (10,9%) құрады. КТС бойынша жоспарды асыра орындауға валютаның еркін құбылмалы айырбас бағамына өтуі (КТС бойынша қосымша түсімдер сомасы тек 2015 жылғы желтоқсанда 100 млрд.-тан астам теңгені құрады), жоспарлы көрсеткіштердің төмендеу жағына түзетілуі, сондай-ақ болашақ кезеңдегі төлемдердің есебінен аванс беру әсер етті. Мәселен, 2016 жылғы 1 қаңтарға КТС бойынша артық төлем 200,5 млрд. теңгені құрады, бұл 2015  жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, 54,0 млрд. теңгеге немесе 36,9%-ға көп. 2015 жылы түскен КТС-ның жалпы сомасындағы артық төлемнің үлесі 16,4%-ды  құрады. 2015 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Рес­публикасының аумағындағы өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге ҚҚС (БСК 105101) 224,5 млрд. теңгеге жоспарланып, іс жүзінде 203,2 млрд. теңге сомасында түсті, 21,3 млрд. теңге немесе 9,5%-ы орындалмаған. 2014 жылмен салыстырғанда, «нөлдік» мөлшерлеме салынған айналымдар бойынша ҚҚС-ның асып кеткен сомасын қайтарудың өсуіне байланысты, ҚҚС түсімдері 130,7 млрд. теңгеге немесе 39,1%-ға азайған. Мәселен, 759 салық төлеушіден асып кеткен ҚҚС-ны қайтару туралы мемлекеттік кірістер органдары қарастырған талаптардың жалпы сомасы 1 250,6 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте 2015 жылы 432 салық төлеуші бойынша асып кеткен ҚҚС-ны бюджеттен өтеу сомасы 620,4 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылға қарағанда, 203,5 млрд. теңгеге жоғары. ҚҚС-ның асып кеткен сомасын қайтарудың 441,3 млрд. тең­ге немесе 71,1% мөлшеріндегі негізгі сомасы 19 салық төлеушіге тиесілі (жалпы санының 4,4%-ы). 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚҚС-ның асып кеткен (дебеттік сальдо) жалпы сомасы 1 329,6 млрд. теңгені құрады, соның ішінде нөлдік мөлшерлеме бойынша айналымдар есебінен экспорттаушыларға – 733,9 млрд. теңге немесе жалпы сомасының 55,2%-ы, өзге де айналымдар бойынша асып кеткен сома – 595,7 млрд. теңге немесе 44,8%. 2015 жылы кедендік төлемдер және салықтар (бұдан әрі – КТжС)  1 521,9 млрд. теңгеге жоспарланып, 1 608,3 млрд. теңге немесе 105,6% мөлшерінде түсті. 2014 жылмен салыстырғанда КТжС түсімдері 280,7 млрд. теңгеге немесе 12,8%-ға азайды. Мұнайға салынатын экспорт баждарынан түскен түсімдер көлемі 2015 жылы 585,2 млрд. теңгеге жоспарланып, 647,7 млрд. теңгені немесе 110,7%-құрады. 2015 жылы ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің бюджетіне Қазақстан Республикасы (бұдан әрі – ҚР) аударған кедендік әкелу және қорғау баждарының сомасы – 174,9 млрд. теңгені, соның ішінде Ресей Федерациясына – 163,2 млрд. теңгені, Беларусь Республикасына – 8,7 млрд. теңгені, Армения Республикасына – 2,0 млрд. теңгені, Қырғыз Республикасына – 1,0 млрд. теңгені құрады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алынған үстеме аударым­дардың сомасы 156,5 млрд. теңгені құрады. 2010-2012 жылдар аралығында кедендік әкелу баждарын бөлу ҚР-ның пайдасына оң сальдомен қалыптасты, ал 2013-2015 жылдар арасында 98,2 млрд. теңге сомасындағы теріс сальдо орын алды. 2010 жылғы 1 қыркүйек – 2015 жыл аралығында ҚР бюджетіне 1 276,2 млрд. теңге түсті, ҚР-дан үстеме аударымдар 1 237,6 млрд. теңгені құрады, 39,9 млрд. теңге сомасындағы оң сальдо орын алды. 2015 жылы республикалық бюджетке түскен салықтық емес төлемдердің көлемі 162,8 млрд. теңге немесе жоспарға шақ­қанда 107,5% болды. Салықтық емес түсімдердің негізгі үлесін мемлекеттік меншіктегі мүлікті жалға беруден түскен кі­рістер (32,8 млрд. теңге немесе 20,2%), оның ішінде 24,5 млрд. тең­гесін «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жалгерлік төлемнен түскен түсімдер құрайды. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін бағалау 2015 жылы Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық және кедендік әкімшілендіруді 2014 жылы салық және  кеден қызметтерін біріктіру, сондай-ақ экономикалық, қаржылық қылмыстар және құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау жөніндегі функцияларды орындау жағдайында жүзеге асырды. 2016  жылғы 1 қаңтарға салықтық түсімдер бойынша бересі 85,3 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 32,2 млрд. теңгеге немесе 27,4%-ға аз. Оның ішінде республикалық бюджеттің есебіне жатқызылатын салықтар мен төлемдер бойынша бересінің жалпы сомасы 57,1 млрд. теңгені құрады, бұл 20,9 млрд. теңгеге немесе 26,8%-ға төмен. Салық тексерулерін жүргізу тиімділігінің төмендігі байқалады. Мәселен, нәтижесіз салық тексерулерінің үлесі жо­ғары болып қалуда, ол жүргізілген тексерулердің жалпы санының 2014 жылы – 35,9%-ын, 2015 жылы – 27,8%-ын құрады. Салық тексерулерінің нәтижелері бойынша 598,6 млрд. тең­­­ге сомасында салықтар және төлемдер қо­сым­­­ша есептелген, оның ішінде 2016 жылғы 1 қаңтарға небәрі 34,4 млрд. теңгесі немесе 5,8%-ы өндіріп алынды, 62,8 млрд. теңгесі (10,5%) – банкрот болып жарияланған борышкерлер бойынша есептен шығарылған, 63,3 млрд. теңгесі (10,6%) – шағымдану процесінде, 1,6 млрд. теңгесі (0,3%) – шағымдануды қарау нәтижелері бойынша азайды. 2012 жылы «Ақша төлемi мен аударымы туралы» Заңға кәсіпкерлік  қызметінде қолма қол ақша айналымының шекті мәндерін 4000-нан 1000-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіштерге қатайту бөлігінде өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, қолма қол ақша айналымы көлемінің едәуір төмендегені байқалмайды. Жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл саласында аяқ­тал­маған қылмыстық  істер бойынша 92,2 млрд. теңге сома­сындағы залалдан іс жүзінде 2,0 млрд. теңгесі өтелген, бұл  небәрі 2,2%-ды құрайды. Бюджеттің айтарлықтай шығындары салық төлеуден жалтару схемаларын пайдалану кезінде, соның ішінде жалған кәсіпкерлік фирмалармен өзара есеп айырысулар арқылы қалыптасуда. 2015 жылы сот жалған кәсіпорын деп таныған 100 заңды тұлға бойынша олармен өзара есеп айырысулары есебінен өз салықтық міндеттемелерін  33,7 млрд. теңгеге, соның ішінде КТС-ны – 21,1 млрд. теңгеге, ҚҚС-ны – 12,6 млрд. теңгеге азайтқан 2 951 контрагент анықталды. Оның ішінде салықтық бақылау шараларымен 2038 контрагент бойынша бюджетке 6,6 млрд. теңге немесе 19,5% сомасындағы салық есептелді. Есеп комитетінің аудиті камералдық бақылаудың нәти­желері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік кірістер органдарының хабарламаларын орындамаған салық төлеушілерге тексерулер жүргізілмеу фактілерін анықтады. 2016 жылғы 1 қаңтарға салық төлеушілердің талаптар бо­йынша құжаттарды (күмәнді контрагенттермен анықталған өзара есеп айырысулар, қозғалған қылмыстық істер) ұсынбауы себепті, мемлекеттік кірістер органдары 795 салық тексеруін тоқтатқан. Алайда, құжаттарды бермегені үшін салық төлеушілерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 219 және 288-баптарында көзделген әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылмаған. Салық тексерулерінің жүргізілуі және аяқталуы бойынша жұмыстарды тиісінше ұйымдастырмау, сондай-ақ өзара есеп айырысулардың дұрыстығын анықтау, жалған кәсіпкерлік белгілері бар салық төлеушілердің тіркелуін күшін жойды деп тану жөніндегі іс-шараларды жүргізбеу қосымша есептелген салықтар бойынша талап қою мерзімдерінің өтуіне байланыс­ты, бюджет шығындарына әкеп соғады. Мемлекеттік кірістер комитеті уақытша сақтау қойма­ларында ұзақ уақыт сақтауда жатқан, қажет етілмеген мүлікті түгендеу бойынша жұмыстар жүргізбеген және оларды мемлекеттің кірісіне айналдыру жөнінде шаралар қабылдамаған. Кедендік әкімшілендіру кезінде қолданылатын тәуекел­дерді басқару жүйесі тиімділігінің жеткілікті дәрежеде еместігі атап өтіледі. «Тәуекелдерді селективті бақылау және басқару» құрам­дауышының «Тәуекелдерді жедел басқару» және «Деректерді талдау жүйесі» модульдерінің функционалдық және техни­калық мүмкіндіктері бақылау-талдамалық міндеттерді шешу үшін тәуекелдерді барынша азайту шараларын қабылдаудың нәти­желері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға мүмкіндік бермейді. «Кедендік тексеру» тәуекелін барынша азайту шараларын қолдану тиімділігінің төмендігіне жол берілген. Мемлекеттік кірістер комитеті 2015 жылы экономиканың өсу қарқыны баяулаған тұста, мемлекеттің барлық әлеуметтік және инвестициялық бағдарламаларын орындау үшін жалпы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз еткен. Республикалық бюджет шығыстарының атқарылуын бағалау 2015 жылы бекітілген көлемдермен (8 149,7 млрд. теңге) салыстырғанда 664,5 млрд. теңгеге немесе 8,2 %-ға азаю жағына түзетілген республикалық бюджет шығыстары 7 485,2 млрд. теңгені құрады. Нақты шығыстар 7 469,2 млрд. теңгені немесе 2014 жылмен салыстырғанда 38 млрд. теңгеге немесе 0,5%-ға ұлғая отырып, түзетілген жоспарға шаққанда 99,8%-ды құрады. Шығыстардың құрылымында айтарлықтай үлес салмағы шығындарға тиесілі (90,9%), олар 2014 жылмен салыстырғанда 318,6 млрд. теңгеге (4,9%-ға) ұлғайып, 6 789,8 млрд. теңгені құрады. Қаржы активтерін сатып алуға арналған 182,7 млрд. теңге мөлшеріндегі шығыстар және 190,8 млрд. теңге мөлшерінде ұсынылған бюджеттік кредиттер толық көлемде атқарылды. 2015 жылы бюджеттік кредиттердің үлесі 1,6%-дан 2,6%-ға дейін ұлғайып, қарыздарды өтеу үлесі 5,2%-дан 4,1%-ға дейін қысқарды. 2015 жылы ЖІӨ-дегі шығыстардың үлесі 2014 жылға шаққанда 0,1%-ға және 2013 жылға шаққанда 1,3%-ға ұлғая отырып, 18,3%-ды құрады. Бюджеттің бірнеше мәрте нақтыланғанына және түзетілгеніне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен бөлінген 7,3 млрд. теңге қаражатты игермеген. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдығы  264,4 млрд. теңгені құрады. Дебиторлық берешек 2014 жылмен салыстырғанда 36,6 млрд. теңгеге немесе 21,5%-ға, 2013 жылмен салыс­тырғанда 84,6 млрд. теңгеге немесе 69,3%-ға ұлғайып, 2015 жылы  206,6 млрд. теңгені құрады. Дебиторлық берешектің өсуінің негізгі себептері қаржы тәртібінің сақталмауы, алынатын тауарларға және көрсетілетін қызметтерге алдын ала төлем жасау, наразылық-талап қою жұмыстарының нашар жүргізілуі және сот шешімдерін орындаудың созылуы болып табылады. 2015 жылдың қорытындылары бойынша кредиторлық берешек 2014 жылдың деңгейіне қарағанда 24,3 млрд. теңгеге (34,8%-ға) төмендеп, жыл соңында 45,4 млрд. теңгені құрады. 2013 жылмен салыстырғанда кредиторлық берешек сомасы 25,4%-ға немесе 9,1 млрд. теңгеге ұлғайған. Кредиторлық берешектің қалыптасуының негізгі себеп­теріне сот актілерінің болуы, активтердің, запастардың жетіспеушілігінің анықталған және белгіленген сомалары, ақша қаражатын ұрлау, сондай-ақ төлеуге берілетін шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы жатады. Республикалық бюджет шығындары Шығындар 6 789,8 млрд. теңгені құрап, 99,8%-ға орындалған. Олар 2014 жылмен салыстырғанда 5%-ға, 2013 жылмен салыстырғанда – 18%-ға өскен. 2015 жылы республикалық бюджет шығындарының атқарылуы 26 мемлекеттік орган әкімшілік ететін 625 бюджеттік бағдарлама бойынша 15 функционалдық топ бөлінісінде жүзеге асырылды. Түзетілген бюджетте жоспарлы шығындар бекітілгеннен 404,1 млрд. теңгеге азая отырып, 6 805,8 млрд. теңгені құрады (2014 жылғы желтоқсанда 7 209,9 млрд. теңге сомасында). 2015 жылдың соңында шығындар бойынша 16,0 млрд. теңге орындалмаған, соның ішінде орталық мемлекеттік органдар 7,3 млрд. теңгені игермеген, Үкіметтің пайдаланылмаған резерві 7 млрд. теңгені (43,8%), үнемделген бюджет қаражаты –  1,7 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте шығындардың жылдық мәндері 14 функционалдық топ бойынша орындалмаған. Ең көп атқарылмауға мынадай топтарда жол берілген: «Өзгелер» – 7,6 млрд. теңге (47,8%), «Қоғамдық тәртіп, қауіп­сіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі» – 3,2 млрд. теңге (20,2%) «Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер» – 1,3 млрд. теңге (8,0%), «Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары» – 915,3 млн. теңге (5,7%), «Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік» – 869,1 млн. теңге (5,4%), «Денсаулық сақтау» – 763,3 млн. теңге (4,8%), «Білім беру» – 446,6 млн. теңге (2,8%), «Қорғаныс» – 326,7 млн. теңге (2,0%), «Көлік және коммуникация» – 291,3 млн. теңге (1,8%). Бюджеттік кредиттердің пайдаланылуы 2015 жылға арналған республикалық бюджетті нақты­лау және түзету кезіндегі бюджеттік кредит берудің кө­лемі бекітілгеннен 6,4 млрд. теңгеге қысқара отырып, 190,8 млрд. теңгені құрады. Іс жүзінде 190,8 млрд. теңге (100%) мөлшерінде бюджеттік кредиттер бөлінген. Бюджеттік кредит берудің көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 72,3 млрд. теңгеге (61%) ұлғайғанын атап өту қажет. 2015 жылы бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша түсімдер нақтыланған және түзетілген жоспарда 113,4 млрд. теңгеге көзделгенімен, 112,8 млрд. теңгені немесе 99,5%-ды құрады. Жоспар, негізінен, төленген мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды заңды тұлғалардың қайтаруы бойынша сомасы 434,3 млн. теңге (28,8%) берешектің мерзімінен кешіктірілуіне байланысты орындалмаған. Аталған көрсеткіш бойынша жоспардың орындалмауы жүйелі сипатқа ие екендігін атап өткен жөн. 2015 жылы бюджеттік кредит беруді 8 бюджеттік бағдарлама арқылы төрт республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жүзеге асырған. Бұл ретте әкімшілер бөлінісінде бюджеттік кредит берудің ең көп үлесі: жалпы соманың 62,9%-ы – Ұлттық экономика министрлігіне және 31,5%-ы – Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі. Бюджеттік кредит берудің негізгі бағыттары – жылумен-, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу; агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау бо­йынша іс-шаралар жүргізу (31,5%); тұрғын үйді жобалау және (немесе) салу (21,4%) болып табылады. Республикалық бюджет қаражатынан бюджеттік кредит беру бағдарламалары бойынша 2015 жылдың қорытындыларымен жергілікті бюджет деңгейінде 1 364,4 млн. теңге атқарылмаған, оның 1 222,2 млн. теңгесі игерілмеген, үнемдеу мен қаражат қалдығы 142,2 млн. теңгені құрады. Талдау көрсеткендей, игерілмегенге жатқызылған бюд­жеттік кредиттерді игеру кредиттік шарттардың талаптарына сәйкес, 2015 жылға емес, одан кейінгі қаржылық кезеңдерге көзделген. Осыған байланысты, Есеп комитетінің пікірінше, кейінгі қаржы жылдары ішінде игерілуі көзделген сомаларды қоспағанда, есепті кезеңдегі бюджеттік кредиттердің игерілуін және пайдаланылуын есепке алу тетігін заңнамамен реттеу талап етіледі. Орталық деңгейдегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептерінде нәтижелерге қол жеткізілуі 2015 жылға көзделген бюджеттік кредиттер тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізіле отырып игерілген деп көрсетілгені анықталды. Сонымен бірге олар өңірлерде игерілмеген, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. АӨК субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін 2015 жылы  60 млрд. теңге (2014 жылы – 40 млрд. теңге) бөлінген. Бұл ретте тікелей және түпкілікті нәтижелердің сандық көрсеткіштерін төмендете отырып, оларды жоспарлауға формальды тәсіл белгіленген. Мәселен, 2015 жылы жоспарлы көрсеткіш 2,5 есеге асып кетіп, 2 249 ауыл шаруашылық тауарын өндірушіге кредит берілген, егістік алаңдарын қамту жоспарлы деңгейден 4,3 есеге (1,2 млн. га) асып кетіп, 5,2 млн. га-ны құрады. Осыған ұқсас жайт, 2014 жылы олар бойынша асып кету тиісінше 3,6 және 5,7 есені құраған. 2014-2015 жылдары бюджеттік кредит есебінен (0,01%-бен) екінші деңгейдегі банктерді жылдық 6,53%-бен және 3,41%-бен 54,5 млрд. теңге сомасына қорландыру жүзеге асырылған. Екінші деңгейдегі банктер 2014 жылы алған қарыз қаражатын түпкілікті алушыларға жылдық 8,41% және 11,53%-бен,  2015 жылы – жылдық 7,41%-бен берген. Есепті кезеңде кредит беру бағдарламалары бойынша бақылаумен қамтылған сома 38,5 млрд. теңгені құрады, 18,1 млрд. теңгеге – қаржылық бұзушылықтар, 20 млрд. теңгеге тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Мемлекеттің қаржы активтерін сатып алу Соңғы үш жылда қаржы активтерін сатып алуға рес­публикалық бюджеттен 830,1 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар, шығыстар серпіні олардың көлемдерінің 2015 жылы едәуір қысқарғанын көрсетіп отыр. Егер, активтерді сатып алуға 2013 жылы 167,5 млрд. теңге жұмсалса, 2014 жылы – 480 млрд. теңге, 2015 жылы – 182,6 млрд. теңге1 жұмсалған. 2015 жылға бекітілген республикалық бюджетте жалпы сомасы 448,0 млрд. теңгеге қаржы активтерін сатып алу көзделген. Шығыстар сомасы түзетілгеннен кейін 182,6 млрд. теңгеге дейін немесе бекітілген бюджеттен 2,5 есеге азайған. 2014 жылмен салыстырғанда, ол 310,9 млрд. теңгеге немесе 2,7 есеге қысқарған. Халықаралық қаржы ұйымдарының акцияларын сатып алуға 1,0 млрд. теңге, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын толықтыруға – 181,6 млрд. теңге бөлінген. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржы активтерін сатып алуға көзделген қаражатты толығымен игерген. Сонымен қатар, 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 26 квазимемлекеттік сектор субъектісінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында (бұдан әрі – ҚБШ) жарғылық капиталды қалыптастыруға және ұлғайтуға бөлінген жалпы сомасы 132,3 млрд. теңге қалдық қалыптасқан. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ҚБШ-сында пайдаланылмаған қалдықтардың қалуына бөлінген қаражаттың кейінгі кезеңдерге қайта бөлінуі, өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша қаражаттың үнемделуі де себеп болған. Бұған қоса, валютаның қалыптасқан бағамының айырмасына және теңге бағамының түзетілуіне байланысты, құны бірнеше есеге ұлғайған жабдықтарды сатып алу жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ есепті кезеңде квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің ҚБШ-сында мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінген 5,1 млрд. теңге пайдаланылмай қалған. Аудит барысында анықталғандай, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын толықтыруға Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен қосымша 117,6 млрд. теңге бөлінген. Бюджет тапшылығын және оны қаржыландыру көздерін бағалау 2015 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы  997,1 млрд. теңге мөлшерінде бекітіліп, наурыз айында 1 256,5 млрд. теңгеге дейін, қараша айында 1 257,7 млрд. теңгеге дейін ұлғаю жағына қарай нақтыланды. 2015 жылы бюджет тапшылығы іс жүзінде 912,1 млрд. теңге мөлшерінде қалыптасты, бұл түзетілген бюджеттен 345,6 млрд. теңгеге төмен. 2015 жылы тапшылық мөлшері 2014 жылмен салыстырғанда 169,1 млрд. теңгеге төмендеп, 2013 жылмен салыстырғанда 194,1 млрд. теңгеге ұлғайды. Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталған қаражат көлемі 1 173,5 млрд. теңгені құра­ды (тартылған қарыздар сомасы арасындағы айырма – 1 479,4 млрд. теңге және оларды өтеу сомасы арасындағы айырма – 305,9 млрд. теңге). Бюджет тапшылығының іс жүзінде қалыптасқан барынша төмен көлемінің нәтижесінде бюджет қаражатының қалдықтары   261,4 млрд. теңгені құрады. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН БАҒЫТТАР БОЙЫНША ПАЙДАЛАНЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы тиімділігін бағалау

2015 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру кезінде 2 816,8 млрд. теңгеге жоспарланып, 2 571,2  млрд. теңгесі немесе 91,3%-ы, соның ішінде 2 109,4  млрд. теңге – республикалық бюджет қаражаты, 289,5 млрд. теңге – жергілікті бюджет қаражаты, 172,4 млрд. теңге – бюджеттен тыс қаражат  игерілген. 2015 жылы Есеп комитеті 2 мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін бақылауды және іске асырылуын бағалауды жүзеге асырды. Жоспарланған 525,0 млрд. теңгенің тексерілген мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген 502,1 млрд. теңгесі, соның ішінде 499,9 млрд. теңге – республикалық бюджет қара­жаты, 2,2 млрд. теңге – жергілікті бюджет қаражаты игерілген. Бюджет және өзге де заңнаманың анықталған бұзушылық­тарының жалпы сомасы 72,5 млрд. теңгені құрады, 49,2 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылған. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасы) іске асырылу тиімділігіне жүргізілген аудит. «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының денсаулық сақтау саласындағы негізгі бағыттарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарламаның мақсаты еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың денсаулығын жақсарту болып табылады. «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасының Іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) іске асыруға 2011-2015 жылдар аралығында 429,3 млрд. теңге бағытталған, оның ішінде 424,5 млрд. теңгесін – республикалық бюджет қаражаты, 4,8 млрд. теңгесін – жергілікті бюджет қаражаты құрайды. «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 65,8 млрд. теңгені құрады, соның ішінде 12,8 млрд. теңгесі –қаржылық бұзушылықтар, 34,6 млрд. теңгесі – тиімсіз пайдаланылған, жалпы сомасы 18,4 млрд. теңгесі – 138 бірлік рәсімдік бұзу­шылықтар. Мектеп медицинасы қызметін, денсаулық сақтаудың мемлекеттік кәсіпорындарын корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, медициналық көмек сапасы стандарттарын және пациенттердің, медицина қызметкерлерінің құқықтарын сақтау бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу қамтамасыз етілмеген. Қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсерінің тәуекелін бағалау және саланың адами әлеуетін жетілдіру үшін кадр ресурстарын дамыту тұжырымдамаларын әзірлеу жүзеге асырылмаған. «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасын іске асыру кезінде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке-мен­шік әріптестіктің мүмкіндіктері мен тетіктері толық пайдаланылмаған. Нәтижелердің жекелеген көрсеткіштерін есептеу әдіснамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданатын халық­аралық талаптар мен стандарттарға сай емес, бұл әлемдік рейтингте Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін бағалаудың анықтығына теріс әсерін тигізеді. Ұлттық скринингтік бағдарламаны іске асырудың тиім­ділігінің төмендігі байқалады. Ересек тұрғындардың арасында ауруларды анықтау барлығы 3,4%-ды, балалардың арасында 16,4%-ды құрайды. «Саламатты Қазақстан» мембағдарламасында медициналық колледждерде білім беру сапасын жақсарту жөнінде іс-шаралар көзделмеген, медициналық білім беру жүйесін материалдық-техникалық жарақтандыру, медицина жоғары оқу орындарының басым бөлігінде университеттік емханалардың болмауы, жатақханаларда орындардың жетіспеушілігі мәсе­лелері толығымен шешілмеген. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту мәселелеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеген. Ұйымдардың дәрілік заттарды ұтымды жоспарламау және сатып алу проблемасы толық көлемде шешілмеген, медикаменттердің жоспарланатын көлемдері медицина кәсіпорындарының жылдық мұқтажын асып кетеді, бұл көбінесе ауруханалар мен емханалардың дәріхана қор­ларындағы едәуір қалдықтарға әкеп соғады. «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасын (бұдан әрі – «Ақпаратты Қазақстан» мем­бағдарламасы) іске асырудың қорытындылары бо­йынша анықталған қаржылық бұзушылықтар сомасы – 145,1 млн. теңгені, тиімсіз пайдаланылған қаражат – 14,6 млрд. теңгені, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар – 41,2 млрд. теңгені құрады. «Ақпаратты Қазақстан» мембағдарламасының Іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) іске асыруға 2013-2015 жылдар кезеңінде республикалық бюджеттен 121,4 млрд. теңге бағытталып, солардың 119,5 млрд. теңгесі немесе 98,4%-ы игерілген. Іс-шаралар жоспарында 2014 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілуі көзделген құны 9 млрд. теңгеден асатын 6 ақпараттық жүйе бірқатар мемлекеттік органдарда (Бас прокуратура, Инвестициялар және даму, Қаржы, Әділет министрліктері) қамтамасыз етілмеген. 2015 жылы мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік қызмет істері, Қаржы министрліктері, Есеп комитеті) сомасы 6,5 млрд. теңгеге төрт ақпараттық жүйені енгізу Іс-шаралар жоспарында көзделгенімен, іс жүзінде Есеп комитетінің ақпараттық жүйесі ғана өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген. Қалған мемлекеттік органдарда құны 6,1 млрд. теңгенің үш ақпараттық жүйесі жоспарланған кезеңде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. 2015 жылғы нысаналы индикаторлар көрсеткіштерінің іске асырылуын бағалаудың қорытындылары бойынша 2017 жылға жоспарланған 25 көрсеткішке қол жеткізбеу тәуекелі орын алып отыр. «Ақпаратты Қазақстан» мембағдарламасының 18 нысаналы индикаторының көрсеткіштерін әзірлеу тиісті деңгейде жүргізілмеген, соның салдарынан олардың жоспарлы мән­дерінің төмендеуіне жол берілген. Мысалы, мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын автоматтандыру 2017 жылы – 80% деңгейінде жоспарланған, іс жүзінде ол 2013 жылы – 97%-ды, 2014 жылы – 99,17%-ды және 2015 жылы – 99,96%-ды құрады; дәстүрлі түрде алынған қызметтердің жалпы санына арақатынасы бойынша көрсетілген электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылы – 50% болуға тиіс, іс жүзінде ол 2013 жылы – 78,6%-ды және 2014 жылы  – 63,1%-ды құрады; Интер­нет желісіне қосылған үй шаруашылықтарының үлесіне 2017 жылы 65% деңгейінде қол жеткізу жоспарланған, іс жү­­зінде ол  2013 жылы – 86,7%-ды, 2014 жылы – 86,9%-ды құрады. «Ақпаратты Қазақстан» мембағдарламасында оны іске асыру үшін ресурстарға деген қажеттілік айқындалмаған. Іс-шаралар жоспарында 25 тармақ бойынша жергілікті бюджет қаражатының және бюджеттен тыс қаражаттың көлемдері көрсетілмеген, бұл Мембағдарламаларды мониторингтеу әдістемесін сақтамау болып табылады. Мемлекеттік органдарға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бағалау 2015 жылы орталық мемлекеттік органдардың рес­публикалық бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған ақпараттың, бақылау-талдамалық және аудиторлық іс-шаралар нәтижелерінің негізінде жүргізілді. Бағалау қорытындылары көрсеткендей, мемлекеттік органдар бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол беруде, бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелерінің жекелеген көрсеткіштері толығымен игерілгенімен, оларға қол жеткізілмеуде. Бұдан басқа, тікелей және түпкілікті нәтижелердің көр­сеткіштері сапасыз жоспарланып, қаржыландырудың талап етілген көлемдері өсіріліп көрсетіледі, соған байланыс­ты, бөлінген қаражат игерілмейді немесе басқа бюджеттік бағдарламаларға қайта бөлінеді. Жекелеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан бақылаудың әлсіздігінен, өңірлерге қаражат толық аударылғанымен, кейбір жергілікті атқарушы органдар бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етпеуде. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша жекелеген инвестициялық жобалардың іске асырылу тиімділігінің төмендігі, құрылыс қызметі және мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар, орындалған жұмыстар көлемінің анықтығын қамтамасыз етпеу анықталды. Бақылау объектілері мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұза отырып, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілердің конкурстарға қатысуына негізсіз жол берген, шартты жеңілдіктерді дұрыс есептемеген, бекітілген жобалау-сметалық құжаттама және басқалары болмаса да, мемлекеттік сатып алу жүргізген. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін бюджеттік өтінімсіз не олардың негізсіз және анық емес есептеулері бойынша қаржыландыру фактілері анықталды. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін бағалау 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада мемлекет қатысатын 403 заңды тұлға есептелді, соның ішінде: 131 акционерлік қоғам (бұдан әрі – АҚ), олардың 11-і – таратылу, банкроттық сатысында тұр не жұмыс істемейді, 13-і – сенімгерлік басқаруға берілді және 2-еуі – төлемдер бойынша бөліп төлене отырып сатылды. 23 жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан әрі – ЖШС), олардың 3-еуі таратылу, банкроттық сатысында тұр не жұмыс істемейді; 139 республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – РМК) және  110 республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын (бұдан әрі – РМ