Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ментальді арифметикадан «ISMA Kazakhstan» атты ІІ республикалық олимпиада өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1300-дей бала ішінен «KG» аталымы бойынша астаналық Заңғар Базылов жүлделі үшінші орынды иеленіпті. Қарапайым қатарластары онға дейін санайды, ал алты жасар вундеркинд қосу-азайту амалдарын әп-сәтте есептейді. Бүгінде калькулятордан озған жүйріктердің қатары көбейіп келеді. Баласын ментальді арифметикаға жаздырушылар да толастамаса, азаяр емес. Бір сұрақ: неге?
Ментальді арифметиканың Қазақстанға келгеніне 4-5 жылдың жүзі болды. Алайда, атағы 2015 жылдың аяғында кеңге жайылды. Бұған бір себеп – былтыр ғана «Пусть говорят» бағдарламасында Малахов мақтаған ойша есептеуімен жұртты тәнті еткен астаналық Данияр Құрманбаевтың айды аспанға бір-ақ шығаруы еді. Әйтеуір ментальді арифметика белең алғалы оның төңірегінде дау-дамай да қыза түсті. Әсіресе, математиктер дабыл қақты.
Мәселен, академик Асқар Жұмаділдаев «Abai.kz»-ке шыққан сұхбатында: «Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол теңіздің бір тамшысы ғана. Мұны игерген адам сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артықшылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екінші біреу 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды» дейді. Профессор сондай-ақ, бұл жолға бүкіл қазақ түсіп кетпесе дейді, себебі, мұны халықтың қалтасын қағу үшін жасалған мағынасы күмәнді шаруа деп күдіктенеді.
Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Пайдасын пайымдау үшін перзентінің саннан жаңылыспай, тез есептеуіне ай сайын 16 мыңдап ақша төлейтін ата-аналармен тілдесуді жөн көрдік.
Сөз басында республикалық олимпиадада үздік үштікке енген алты жастағы Заңғар туралы айтылды. Әкесі Бахтияр Базылов бізге бір қызық оқиғаны баяндап берді.
Бұдан бір жыл бұрын ол балабақшадағы тәрбиешіден баласы жайлы жағымсыз пікірлерді жиі естіпті. «Заңғар әріп танымайды, түк түсінбейді, санау білмейді, оқуға ынтасы жоқ» тағысын-тағы шағымдары бітпейді екен. Баланың да балабақшадан басы салбырап, көңілі түсіп келеді. Келесі күні баруға құлқы да жоқ. Ақыры әкесі Заңғарды балабақшадан шығарып алыпты.
Бір күні таныстарынан ментальді арифметика жайлы естіп, баласын соған жаздырады. Заңғар шот арқылы санауды бірден ұнатып, «Әке, тағы барайықшы» депті келесі күні.
Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Заңғар бүгінде ментальді арифметиканың алғашқы екі деңгейін еңсеріп, үшіншісін меңгеріп жүр. Астанадан 30 бала қатысқан республикалық олимпиададан Заңғардың жүлдемен оралуын мұғалімі Зибагүл Қанапина оның басқалардан еректігімен түсіндіреді.
– Есептерді дауыстап оқығанда, Заңғар кібіртіктеп, ұзақ ойланып барып жауап беретін. Айтқан сандарды қайтара сұрайтын, шатасып кетемін деп қайталап айтатын. Бастапқыда түк шықпай ма деп уайымдадым. Бірақ бір күні есептерді тақтаға жазып, «Кәне, Заңғар, осылай көрші» деп едім, саусақтарын ойнатып, көзді ашып жұмғанша бірнеше амалдың жауабын айнақатесіз жаза берді, жаза берді. Мен де таңғалдым, өзі де солай шеше алатынын күтпеп еді. Бірден «Апай, маған тағы есеп беріңіз де, видеоға түсіріп алыңызшы. Мамама көрсетемін» деп қуаныпты.
Өнерін бізге де көрсетті. Зибагүл Еділбайқызы тақтаға тігінен «54+35-24+23» деп жазғаны сол еді Заңғардың саусақтары тоқтаусыз жыбырлап, 88 екенін дәл тапты. «53+20+15+11?» дегенді шығаруға, ересек оқырман, қанша секунд кетті? Алты жастағы балақай есепті «99» деп 3 секундқа жетер-жетпес уақытта шағып тастады.
Бір қызығы, балабақшада ашыла алмаған кішкентай мектепке даярлық сыныбында үлгерім жөнінен топ жарыпты. Ұстаздар ерекше баланың зеректігіне таңғалған. Әрине, сан таниды, оның үстіне екі таңбалысын бір-біріне ойша қосады, азайтады. Әріптерді де бір айтқаннан қағып алады. Өлең шумақтарын жатқа соғады. Үш айға созылатын даярлық сыныбын Заңғар бір айға жетер-жетпес уақытта тәмамдапты. Бала бойындағы осы оң өзгерістерді үй іші ментальді арифметикамен байланыстырады.
Шындығында ментальді арифметиканың пайдасы екенін «ISMA» халықаралық ментальді арифметика мектебінің бас директоры Айжан Бектілеуова сеніммен айтып отыр.
– Ментальді арифметика – 5-16 жастағы баланың ақыл-ой қабілетін ойда санақ жүргізу арқылы дамытатын ерекше әдіс. Оны меңгерген бала қосу мен азайтуды, көбейту мен бөлуді, процент пен түбір астын табу есептерін калькулятордан жылдам шығарады. Ментальді арифметиканың маңызы – сол нәтижеге жетуде баланың ми бөлігінің сол жағы мен оң жағы қатар жұмыс істейді. Абакус дейтін есепшотта бала екі қолының саусақтарын бірдей пайдаланады. Әбден жаттыққан соң, абакусты көз алдына елестетіп үйренеді де, күрделі есептерді ойша шығарады. Сол арқылы баланың зейіні артады, фотографиялық есте сақтау қабілеті қалыптасады, жедел қимылдап, жылдам ойланатын болады.
Иә, ментальді арифметика ғылым емес. Жай ғана есептеудің тиімді әрі пайдалы әдісі. «Математиканы ешкім жоққа шығармайды. Тез есептеуді үйренемін деп балам ештеңеден кем қалмады. Керісінше, бұрын бір шумақ өлеңді жаттата алмай әбігерге түсетінмін. Қазір, рақат, үш-төрт шумақты бес-алты рет оқып, айналдырған бір сағатта зуылдатып айтып шығады өзіме. Бір күні дүкеншінің ақшамызды жеп қойғанын мен емес, осы ұлым байқап қалды. Сөйтсе, алған тауарларымызды ойша қосып, қайтарымның қанша болатынына дейін тауып қойыпты» дейді 9 жасар Аслан Рысқалиевтің анасы Бақыт Ерболатқызы.
Бағасына келер болсақ, ата-ана біраз ақшадан қағылары анық. Себебі, ментальді арифметика 10 деңгейден тұрады. Оқу ұзақтығы – 3-4 жыл. Аптасына бір рет 90 минуттан өткізілетін сабақтың бір айлық құны – 16 мыңнан кем емес көп жерде. Ал, нәтижесі жоғарыда айтылғандай. Дегенмен, жетістікке жету үшін сабақтан тыс күніне 15-20 минут бөлуі тиіс дейді оқытушылар. Сондықтан бала үйіне құшақ-құшақ есепті арқалап кетеді. Әрине, бұл оның компьютер алдында телміргенінен әлдеқайда жақсы.
Қош, өсіп келе жатқан кішкентай математиктер болашақта қазақстандық білім сапасын көтеріп, қазақтың алғырлығын әлемге әйгілейді деген тілегіміз бар.