29 Маусым, 2016

Қауіпсіздік кеңесі – біздің тағы бір белесіміз

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

29.06.16-bibugul

Қазақстанның өз егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанына биыл ширек ғасыр толады. Осы 25 жыл ішінде Елбасы атамекенімізді алты құрлыққа танытып, экономикамызды дамытты. Шынын айтуымыз керек, Қазақстан әлемге ең алдымен бірлігі бекіген, ынтымағы жарасқан, халқы бейбітшілікті қалайтын, Президенттің сарабдал саясатының арқасында өркендеп келе жатқан жас мемлекет ретінде танылды. Бұл сөзімнің тағы бір дәлелі болсын, күні кеше ғана еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, абыройымызды және бір мәрте асыра түсті. Әлбетте, мұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанның өркендеуі жолында төккен тері мен сындарлы саясатының жемісі. БАҚ өкілдері таратқан мәліметтерге сүйенсек, еліміз аталған мүшелікке қабылдануы үшін 138 дауыстың 129-ын алған. Тағы бір дерек көздері Қазақстан мұнда өзімен бәсекеге түскен Таиландты ығыстырып шығарғанын жеткізеді. Міне, осыған қарап-ақ еліміз сыртқы саясатының қаншалықты қуатқа ие екенін білуге болады. Қазақстан халқы қазір шын ниетпен қуанып жатыр. Әлемде ең беделді ұйым саналатын БҰҰ бірінші кезекте бейбітшілікті жақтайды. Әрбір елдегі саяси тұрақтылықты, достастықты, татулықты бағалайды. Осы ретте Қазақстан – Жер шарында ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет. Биылғы жылдың басында Елбасы АҚШ-та өткен әлем лидерлерінің кеңесінде барша халықты бейбіт өмір сүруге шақырып, татулықты ту ету керектігін айтқан болатын. Президенттің манифисінде қамтылған ой, келелі пікір көптің көңілінен шықты. Сол сияқты Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығы мен салиқалы саясатының нәтижесі Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына зор ықпал етті. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұжымы Елбасының әрбір Жолдауы мен маңызды реформасын қолдап, жастарға кеңінен насихаттау жолында жұмыс жасап келеді. Өз кезегінде біз де кешегі тарихи оқиғаны шәкірттерге жан-жақты әңгімелеп, маңыздылығы жайында айтатын боламыз. «Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Өскелең ұрпақ терең білім алып, саналы тәрбиемен сусындауы керек. Ол үшін мемлекет жастарға барлық жағдай жасап келеді», – деген Елбасының сөзін үнемі жадымызда ұстап, елдің дамуына сүбелі үлес қосып отырғанымызды сеніммен айта аламын. Тарихты түгендеп, өткенге көз салсақ, Қазақстан түрлі саяси ұйымдарға мүше болып, Арқа төрінде келелі жиындар өткізіп, өзекті проблемаларды тарқатып отырады. Бір ғана мысал, елордада жыл сайын түрлі дін өкілдерінің қатысуымен діндер съезі өтіп тұрады. Мұның өзі Елбасымыздан бастап қазақстандықтардың дінге құрметпен қарайтынын аңғартады. Сөзімнің соңында Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана Президенті бар біздің бақытты ел екенімізді айтқым келеді. Осы орайда Елбасының «қайтсем отанымды өркендетіп, қалай дамытамын» деп айтып жүрген сөзін жүрекпен түсінейік. Бірлігімізді бағалап, татулығымызды жоғалтпайық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану ертеңгі тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған жетістік болып табылады. Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры
Соңғы жаңалықтар

«Сары тентек» сарыны

Әдебиет • Кеше

Ұлытау ұлары

Тұлға • Кеше

Тағдыр тәпсірлері

Әдебиет • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Абай тапсырған асатаяқ

Жәдігер • Кеше