Жерлесіміз Геннадий Головкин басшылық ететін «World Boxing» ұйымы ересектер арасындағы Азия чемпионатын алғаш рет өткізді. Әттеген-айы да, мерейімізді асырған әсерлі сәттері де қатар өрілген құрлық бәйгесінде боксшыларымыз сенімді ақтай алды ма? Алдымен бойжеткендеріміздің шыққан биігін бағамдайық.
Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин бастаған жаттықтырушылар ұжымы Моңғолияда 10 боксшыны додаға қосты. Өкінішке қарай, Азия чемпионы Римма Волосенко (60 кг) алғашқы жекпе-жекте үндістандық Прия Прияға есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады. Элина Базарова (54 кг) да алғашқы асуда сүрініп, әлем кубогінің иегері, Үндістан боксшысы Притиден ұтылды. 51 кг салмақта сынға түскен Жазира Орақбаеваға жеребе оңай болған жоқ. Бірінші айқасында-ақ тәжірибелі боксшы, әлем чемпионатының қола жүлдегері солтүстіккореялық Ан Кум-биолмен жұдырықтасты. Қырсық шалғанда бірінші, екінші раундта ұпай санымен алда тұрған жерлесіміз 3-раундта жарақаты кедергі болып, жекпе-жек тоқтатылды да, Ан келесі кезеңге өтіп кетті. Лаура Есенкелдінің (65 кг) де жолын үндістандық боксшы бөгеді.
Ширек финалдық жекпе-жекте төрешілер Анкушита Боро басым түсті деп бағалады. Азия чемпионатының қола жүлдегері Ұлжан Сәрсенбектің (57 кг) ширек финалда таиландтық Пунрауе Руенроспен жолы түйісіп, таи қызы басым түсті. 2024 жылы өткен Азия чемпионатының жартылай финалында да екі боксшы айқасып, жерлесіміз есе жіберген болатын.
Әлем чемпионы Валентина Хальзова ширек финалдық сайыста Оңтүстік Корея боксшысы Суйеон Сеонгты әбден сілелетіп, 1-раундтың өзінде екі мәрте нокдаунға түсірді. 2-раундта та қарқынға қарқын қосып техникалық нокаутпен жеңді. Алайда жартылай финалдық сайыста қытайлық Зи Баоның екпіні басым болды. 2024 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған Қытай боксшысы шеберлігімен тәнті етіп, жеңіске жетті. Валентинаға Азия чемпионатының қола медалі бұйырды. Әйгерім Сәттібаева (48 кг) ширек финалда әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері өзбекстандық Сабина Бобокулованы 3:2 есебімен жеңді. Жартылай финалда моңғол қызы Номундари Енх-Ангаланға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Тәжірибелі жерлесіміз 2024 жылы Таиланд елінде өткен Азия чемпионатынан да қола медальмен оралған еді.
Қыздардың ішінен тек үш боксшымыз құрлық аламанының алтын медалі үшін бақ сынады. Жартылай финалда жастар арасында әлем чемпионы, Қытай елінің боксшысы Алимир Абудуреймуден басым түскен Бақыт Сейдіш (70 кг) финалдық жекпе-жекте Үндістан боксшысы Арундхати Чоудхаримен айқасып, 4:1 есебімен есе жіберді. Ересектер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатысқан жерлесіміз сөйтіп, күміс жүлдегер атанды.
Надежда Рябец (80 кг) жартылай финалдық тартыста әлем чемпионатының қола жүлдегері үндістандық Пужа Раниды ығыстырды. Шешуші айқаста өзбек қызы Рухшона Парпиевадан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Бұған дейін 80 кг салмақта 2021 жылы Фариза Шолтай, 2024 жылы Гүлсая Ержан құрлық үздігі атанған болатын.
Аса ауыр салмақта (+80 кг) Дина Исламбекова үндістандық Алфия Пазанды сүріндіріп, Азия чемпионатының алтын медалін олжалады. 1-раундта нокдаунға түсіріп, қалған екі раундта да басымдықты уыстан шығармады. Бұған дейін аса ауыр салмақтағы аруларымыз Азия чемпионатынан үш алтын медаль алған еді. 2010 жылы Марина Вольнова, 2021 жылы Ләззат Күнгейбаева, 2024 жылы Елдана Тәліпова ел мерейін үстем етті. Саңлақтар сапына Дина да қосылды.
Қыздарымыз құрлық додасынан 2 қола, 1 күміс, 2 алтын жүлде иеленді. Бүгін рингке ерлер шығады. Бес боксшымыз финалда өнер көрсетеді.