Мамандардың болжамына сәйкес шегіртке дернәсілдері сәуір айының алғашқы жартысында жер бетіне шығады. Осы кезеңде химиялық өңдеу жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізу аса маңызды. Яғни «ыршып жүріп ән салған шырылдауық шегірткенің» егістік алқаптарына зиян келтіруіне тосқауыл қойылады. Облыс бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өткен жылы бұл мақсатқа 535 млн теңге бөлініп, 150 мың га алқапта химиялық өңдеу жұмысы атқарылған. Биыл 133 млн теңге қарастырылып, 36 мың га аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Жұмыс Арыс қаласы мен Келес, Сарыағаш, Шардара аудандарында жүргізіледі. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған.
Облыстық аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Марат Орынбаевтың мәліметінше, өткен жылы өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы 715,3 мың га алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізілген. Биыл 11 ауданда 421,5 мың га алқапта химиялық өңдеу жоспарланған. Бүгінде қаржыландыру көлеміне сәйкес 374,1 мың гектарды қамту көзделіп отыр. Шегірткеге қарсы күрес шараларына 2 030 адамды жұмылдыру жоспарланған.

Сондай-ақ агротехникалық шаралар аясында 2,2 мың га аумақта жер жырту жұмысы жүргізіліп, оның жартысы игерілген. Бұл әдіс зиянкестердің көбеюін 35-50%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Алдағы кезеңде Келес ауданында жалпы көлемі 143 350 га жерді зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі. Сарыағаш ауданында химиялық өңдеуді 10 ауылдық округте жүргізу жоспарланған. 88 600 гектарды қамту көзделіп отыр. Жалпы, ауданда өңделетін аймақ 18 секторға бөлінген.
Сонымен қатар Сырдария өзені бойындағы шіркей дернәсілдерінің дамуы тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыспен «Өсімдіктерді қорғау-К» ЖШС мекемесінің ғылыми сүйемелдеу тобы айналысып жатыр. Биыл энтомологиялық мониторинг мақсатында өзен бойында бірнеше кезеңдік бақылау жүргізілді. Сырдария өзенінің Түркістан облысы аумағынан өтетін бөлігінің ұзындығы 350 шақырымнан асады. Өзен бойында зерттеу, өңдеу жүргізілетін арнайы учаскелер белгіленген. Отырар ауданы аумағында да шіркейге қарсы дезинсекциялау жұмысы басталды. Жалпы, дезинсекциялау шаралары Сырдария өзені бойы мен елді мекендер аумағын қамтиды.
Түркістан облысы