Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қорғаныс министрлігі халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындаған еді. Заң қабылданды. Қазір бұл құжат қалай жүзеге асырылып жатқанын безбендеп көрген едік. Ресми деректерге сәйкес, былтыр мерзімді әскери қызметке шақыру жасындағы 42 мыңнан аса азамат әскерге алынатыны жарияланды. Ал оларды ұстап тұрудың ең ықпалды құралы – айлық пен үстемақы жүйесі. Қорғаныс министрлігі мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен – 20,3, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға өскен. Бұған қоса, далалық төлемдер қайта енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында өсімнің екінші кезеңі жоспарланды. Мәселен, офицерлерге +23%, қатардағы және сержанттық құрамға +10% қарастырылған. Сонымен қатар әскери қызметшілердің баспаналы болуына мүмкіндік беретін тиімді бағдарламалар да баршылық. Бұл – келісімшартқа отырудың «ұзақмерзімді кепілдігі» ретінде жұмыс істейтін блокқа қарастырылған пакеттер.
Келісімшарттық қызмет тек сарбаз бен сержант деңгейімен шектелмейді, офицерлік лауазымдарға да резервтен толықтыру жүргізілмек. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы 915 запастағы офицерді 24 ай мерзімге әскери қызметке шақыру жарияланған. Ал биыл 850-ден аса запастағы офицерді шақыру жоспарланғаны хабарланды.
2025 жылғы желтоқсанда резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың үлгілік нысаны бекітілгені туралы да жазғанбыз, онда келісімшарт 3 жылға жасалатыны көрсетілді. Бұл әскери қызметтің келісімшарттық форматын әртараптандыруға бағытталған белгісі болса керек.
Мұның бір көрінісі – Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөліміндегі мерзімді қызметтен келісімшартқа өткен сарбаздардың таңдауы болып отыр. Бүгінде елімізде әскери қызметті өмірлік мамандық ретінде таңдаған жастардың қатары артып келеді. Осы үрдістен Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөлімінің жеке құрамы да тыс қалған жоқ. Мұнда мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген бірқатар сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызметте қалуды шешкен. Солардың бірі – 11098 әскери бөлімінің сарбазы кіші сержант Ерзат Қабдырманапов. Ол өзі шешім қабылдап, келісімшарт негізінде әскери қызметте қалды. Енді ол Отан алдындағы борышын осы бөлімде жалғастырып, кәсіби әскери қызметші ретінде еңбек етпек.
«Мерзімді қызмет барысында әскери өмірдің маған жақын екенін түсіндім. Келісімшартқа отыруға шешім шығардым. Әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, сарбаздарға кредиттік каникулдар мен әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бар», дейді ол.
Кіші сержант Ерзат Қабдырманапов – Семей қаласының тумасы. Оның айтуынша, өз туған жерінде қызмет ету оның таңдауының тағы бір маңызды себебі болған көрінеді.
Отан алдындағы борышын өтеп жүріп келісімшартпен әскери қызметші атанған тағы бір сарбаз – қатардағы жауынгер Аңсар Шернияз. Ол да әскери өмірді болашағымен байланыстыруды шешкенін айтады.
«Әскери қызмет маған тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Сондықтан келісімшартпен әскери қызметші болуды таңдадым. Әскер ер-азаматқа арналған нағыз мектебі деп ойлаймын», дейді сарбаз.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының заң басқармасы басшысы, подполковник Бейбіт Танцаровтың айтуынша, жаңа форматты енгізу – Қарулы күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге, қажет болған жағдайда мобилизациялық ресурсты жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Былтырғы 18 наурызда қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес резервтік әскери қызметке қабылдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Резервтегі әскери қызметке 18 бен 57 жас аралығындағы, әскери куәлігі бар, моральдық және кәсіби талаптарға сай, сондай-ақ денсаулық жағдайы жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады», деді басқармасы басшысы.
Мамандардың айтуынша, келісімшарт негізіндегі әскери қызмет – бұл тек тұрақты жұмыс емес, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен кәсіби дамуға жол ашатын маңызды қадам. Сондай-ақ Отанға қызмет етемін деген жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Абай облысы