30 Маусым, 2016

* Мемлекет мерейі

398 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
image-4-1Жарқын жетістік Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бас Ас­самблеяда өткен дауыс беру ке­зінде Қазақстан 138 мемлекеттің қол­дауына ие болды деген хабар жет­ті. Бұған дейінгі ха­барлардан Азия-Тынық мұхиты ай­мағы мемлекеттері атынан 1-орынға Қа­зақ­стан және Таи­ланд елдері таласқаны да бел­гілі. Әлем мемлекеттері бізді қолдады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің өрке­н­деуіне сіңірген еңбегінің тағы бір өлшемі осындай деуге болар. БҰҰ – бірінші кезекте бейбітшілікті қолдаушы ұйым. Әрбір елдің саяси тұрақтылығын, бірлігін бағалайды. Биылғы Елбасы АҚШ-та өткен төртінші антиядролық жаһандық сам­миттегі манифесінде көптеген мәселелерді қозғады. Біздің студенттеріміз де Елбасының әрбір Жолдауы, жаңашыл рефор­ма­ларын қолдайды. Еліміздің әлем­дегі қарусыздану саясатының этало­ны болғанын, Семей ядролық полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту сияқты бас­та­машыл бейбітшіл идея­лары халық­аралық қоғам­дастықта қолдауға ие екенін жастар өте жақсы біледі. Елі­міз­дің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­ла­ры жөніндегі кеңес шақыру ту­ралы бастамасы, Еуро­п­а­дағы қауіпсіздік жә­не ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауі­псіз жаңа әлем мен әді­лет­тілікке ба­ғыт­тал­ған G-global баста­масы елімізді бүкіл әлем­ге танытты. Халық­аралық қоғам­дастық­ты ядросыз әлем құруға, соғысты болдырмауға шақ­ырған АҚШ-тағы ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитте жария­ланған Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналғаны да бәріміз­ге белгілі. Бірлігімізді бағалап, татулығымызды жо­ғалт­­­пайық деген ұлы сөз жас­тардың жүрегін­де. Алда Ас­тананың туған күні қар­саңын­да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүшесі болып сайлану – ертеңгі тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған үлкен сыйлық, жарқын жетістік болып табылады. Жұмабек Омаров, С. Торайғыров атындағы университеттің оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент ПАВЛОДАР Армандар жолында аянып қалмауымыз керек Мемлекетте  оңтай­сыз экономикалық өз­герістер туындаған  тұста, ел экономикасы әлемдік дағдарыс толқындарын сезінген  кезде, енді қандай өзгерістер болады деген кезеңде Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғаны үлкен үміт пен сенімділік сыйлағандай болды. Бұл туралы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды. Бүкіл Қазақстан үшін бұл – тарихи күн. Жалпы, Қазақстан мемлекеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері үлкен стратегиялық мақсаттар қоя білді. Біз дамыған елдермен қарым-қатынасымызды кеңейту үстіндеміз. Мақсатымыз айқын, ол – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы тарапта біз осы мем­ле­кеттердің жүріп өткен жолдары мен жетістіктерін сараладық. Олардың дамуындағы инте­грациялық ұйым­дардың  рөлін зер­деледік. Біз де осы ұйымдарға мүше болуға ұм­тыл­дық. Жетістіктеріміз де ұлан-ғайыр. Орталық Азиядағы инте­грациялық ұйымдардың көш басындамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланғанымыз, Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіруіміз біздің әлемдік аренадағы беделімізді айқындап тұрғандай. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін Елбасы басты бағдар ретінде ЭЫДҰ-ға мүше елдердің қағидаттары мен стандарттарын пайдалануды ұсынды. Мемлекеттер дамуында мұн­дай қадамдардың орны ерекше. Кез келген мемлекет өзінің дамуында шетелдік тәжірибелерге сүйенеді. Жақсы жақтарын саралайды. Өз мемлекетіне ың­ғай­­лас­тырады және әлемдік ұс­танымдарды қолданады. Біз эко­номикамыздағы басымдықтар ретінде экспорттық әлеуетті арт­тыруға ұмтылудамыз. Ал, ол үшін әлемдік стандарттар мен қағидаттардың орны ерекше. Жақын арада Қазақстан әлемдік аренада өз орнын ойып алады деп үміттенемін. Ол – біздің арман. Ол – Елімнің арманы. Ал, армандар жолында ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сінің 2017-2018 жылдарға уақыт­ша мүшесі болу осыған нақты жа­салған қадам. Іске сәт, Қазақстан. Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы ТАРАЗ Іргеміз бекігендігінің белгісі Кешегі сәрсенбі Қазақстан үшін ерекше күн болып тарих бетіне жазылды. Себе­бі, Қазақстан Рес­пуб­ликасының келесі жыл­­дан бастап Азия мем­­лекеттері тобының өкі­лі ретінде Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіп­сіз­дік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уа­қытша мүшесі бо­лып сайланғанын ақ­парат құралдары ар­қылы естіп, қуанып жа­тыр­мыз. Мұны, бірінші кезекте, Ел­басының әлемдік саясаттағы беделінің бір жемісі деп те бағалаймыз. Олай дейтінім, Нью-Йорктегі дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекеттің Қазақ­станның кандидатурасын қол­дағаны көп жайды аңғартады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуға өтінім білдірген Қазақстанның бірден-бір бәсекелесі болған Тайланд Корольдігін 50-ден астам мемлекет қана жақтап дауыс беріпті. Әрине, бұл – саясат. Қандай да бір пікір айтып, ой қоз­ғаудан аулақпыз. Біздікі ақ­парат әлеміндегі жылдамдыққа тәнті бола отырып, Қазақстанның жетістігіне қуана үн қосу. Ерекше айтып өтер жайт – 130-дан астам этнос өкілі тұратын мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы беделділігі болып отыр. Ынтымағы ұйыған елімізде бейбітшіліктің беріктігі – соның жарқын дәлелі. Қалай десек те, бұл үлкен сыннан Қазақстан тағы да мүдірмей өтті. Сыртқы істер министрі дип­ло­матиялық шебер­лік­ті көрсете алды. Бей­біт­шіліктің берік­тігі біздің Талды­қор­ған қаласында да айқын көрініп тұр. Түрлі сала­лар бойын­ш­а келіп-кететін шет­ел­діктер этностар дос­тығына разы болып, еш мін та­ба алмай, қайта тән­ті болатынын өз көзімі­з­бен көріп, өз құлағымызбен естіп жүрміз ғой. Шыны керек, біз, Жетісу жеріндегі зиялы қауым саясаттан тыс қалмай, дөңгеленген дүние­нің де, республикамыздың ішін­­де­гі де әр өзгерісті қалт жібермей бақылап отырамыз. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің барлығы 15 мем­лекеттен құралғанын, оның ішін­дегі бес мемлекеттің тұрақты мүшесі екенін де жақсы білеміз. Ал Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен беделге ие болып, екі жылдық мерзімге бес өңірлік топтар қатарынан мүше­лікке сайланғаны еліміз үшін ерекше абырой. Қуанарлығы сол, ел іргесі бекіген сайын мем­лекетіміздің қауіпсіздігі де кү­шейіп келе жатыр емес пе?! Серікбай НҰРҒИСАЕВ, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы ТАЛДЫҚОРҒАН Құрметтелудің басты көрінісі Қазақстанның азаматы, жоғары оқу орны­ның жетекшісі, ғалым әрі еліміздің шынайы патриоттарының бірі ретінде оның барлық жетіс­тіктері мен бұған дейінгі табыстарына шын жүректен қуанамын. Ортақ Отанымыз Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайланғанын естіген кезде елім үшін мерейім тасып, риясыз күй кештім. Дәл бүгінгідей мүшеліктің орны да бөлек, мәртебесі де биік, мерейі де үстем десем, ар­тық кетпейтін шығармын. Хал­қы­мыздың ауызекі тілдік қолда­нысында топ ортасынан жарып шықты, оқ бойы озық шықты деген тіркестер бар. Еліміздің дүниежүзіндегі ең салмақты, ең абыройлы әрі ең беделді саяси органның қатарына кіруі, небәрі 15 мемлекеттен құралған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бел ортасында тұруы – шын мәнінде жарқын жетістік, дара деңгей, өзге биіктер алмастыра алмайтындай шырқау шың. Дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанды қолдапты. Осы арада олар Қазақстанға не үшін дауыс берді деген сауал туындайды. Бұл сұрақтың да жауабы өте қарапайым деу­ге болады. Бұл – Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатының нәти­же­сінде орныққан елі­міз­дің бейбітшілік сүйгіш бітім-болмысы. Бейбіт күннің қадір-қасиетін ештеңемен теңгермейтін мәрт мінезі. Өйткені, бейбітшілік пен татулық тоғысқан жерде қалған мәселелер мен проблемалар бірінен соң бірі шешімін тауып, өзінен өзі реттеле береді. Бұл сөзімізге қазіргі Қазақстан қоға­мы өмірінен де нақты мысалдар тауып айтуға болады. Қысқасы, Қауіп­сіздік Кеңесіне мүше болу – Қазақ­станның осы ізгілік қасиетінің мо­йындалуы мен құрметтелуінің басты көрінісі және жаһандық қауіпсіздікке қосқан сүбелі үлесінің бағалануы деп ой түюге болады. Қазақстан қай кезде де Азия тобы мемлекеттерінің атынан көш бас­тап келген болатын. Бұл жолы да дәл солай болды. Еліміздің бүгінгі тағы бір биік белесі оның тарихына алтын әріптермен жазылып қалатынына ешқандай күмәніміз жоқ. Ақсерік ӘЙТІМОВ, Қазақстанның инновациялық және телеком­муни­кациялық  жүйелер университетінің ректоры Батыс Қазақстан облысы