30 Маусым, 2016

Оқушылар қамқорлығы

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Үйіне келген қонағына қорадағы жалғыз қойын сойып, аты шаршаса, өзінің тың атын мінгізіп жіберетін қазақта сақылар көп болған. Мұның түбі қонақжайлықтан бөлек, мейірімділік, ізгілік. Халқымыздың осындай та­маша қасиеттері ел ертеңі ба­лалардың бойынан да табылып жатқандығы қуантады. Шым­кенттегі «Мирас» университеті ұйым­дастырған фотоконкурста 50 мың теңге жеңіп алған оқу­шылар бұл ақшаны пайдалы іске жаратуды көздепті. Қалада тағдыры қиын оқушы­ларды бейімделуден өткі­зетін орталық бар. Ата-ана қам­қор­лы­ғынсыз қалған, бұзық­ты­ғымен, әдепсіз қылығымен қолға түскен балалар осында әкелініп, туған-туыстары іздемеген жағдайда кішілері балалар үйіне өткізіліп, жасөспірімдері арнаулы оқу орындарына жіберіледі. Орталық басшыларымен тіл­­дескен оқушылар осындағы балаларға негізінен ішкі киім, гигиеналық жабдықтар мен жазғы жеңіл заттар керек екенін білген. 27 балаға осындай сыйлықтарымен қоса, тәтті-дәмді тағамдар апар­ған оқушылар олармен бір кеш бірге болды. Жақынындай бауыр­ларына тартты. Өздеріндей бала­лардың әрекеті орталықтағы жас­өспірімдерге ой салғаны анық. Олар алдағы уақыттарда да жүзде­сіп тұратын болып келісті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы