Жайдары жаз күндері лагерьде болып, жаңа достар тауып, суға түсіп, күнге қыздырынған қандай ғанибет. Әсіресе, жорыққа шығып, кешкі дискотекаларда көңіл көтеру көп уақыт бойы естен кетпесі анық. «Ембімұнайгаз» компаниясының шарапатты ісінің арқасында, Атырау облысындағы әлеуметтік-әлсіз топқа жататын халықтың 300 баласы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі «Машат-Арасан» сауықтыру лагерінде масаты маусымды ойдағыдай өткізіп дем алды.
Атырау облысының түрлі аудандарынан келген балалар он екі күн ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ-тың демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен денсаулықтарын түзеді. Олар негізінен көрікті тау қойнауындағы «Машат-Арасан» лагерінде болды.Сылдырап аққан тау өзендері мен көкмайсаға оранған бел-белестер, самал жел. Бәрі-бәрі жеткіншектердің көңілін көтеріп, рахатқа бөледі. Кешкі астан кейін жалпылагерьлік шараларға қатысып, командалар арасындағы әртүрлі конкурстарға қатысты. Лагерь директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрғазы Албаев атыраулық балалардың бос уақыттарын барынша көңілді өткізулеріне ұйытқы болды. Олардың сүйікті істерімен айналысуына жан-жақты жағдай жасап, тікелей өзі қадағалап отырды.
– Лагерьдегі барлық оқытушылар мен тәрбиешілер негізінен Түлкібас ауданындағы мектеп-гимназиялардың және мектептердің жоғары санатты мұғалімдерінен жасақталды. Алғашқы күндері алыстан келген балалар үйлерін сағынып көңілсіз жүргендері де рас. Кейіннен олар лагерь тәртібіне бейімделіп кетті. Денсаулығы нашар кейбір балалар да спорттық шараларға қатысуға ынта танытты, – дейді Нұрғазы Албаев.
Сауықтыру лагерінде балғындардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуіне орайластырылып бағдарламалар жасалды. Соның нәтижесінде белсенділік көрсеткен балалардың қатары артты.
– Медициналық талдау көрсеткеніндей, атыраулық балалардың көпшілігі қалқанша безі, анемия, иммунитеті төмен, ішек-қарын жолының әлсіздігі сияқты сырқаттармен ауырады екен. Сондықтан мұнда күн сайын балалар шипалы шөптер қайнатпасы мен оттегі коктейлін ішіп денсаулықтарын біршама түзетті. Әсіресе, артық салмағы бар балаларға шипасын тигізді, – дейді лагерьдің дәрігер-педиатры Нәбира Әубәкірова.
– Мен келесі жылы осы лагерьге тағы да келуді ұйғарып отырмын. Маған Шымкент қаласына жасаған экскурсия өте ұнады. Біз саябақтар мен хайуанаттар бағын тамашаладық. Ал бізден жасы үлкен балалар Түркістан қаласына сапар шегіп, қызықтап қайтты, – деп өз әсерін бөлісті Атырау облысының Құлсары қаласындағы №21 мектептің оқушысы, он екі жастағы Альбина Тәжікова.
– Біз лагерьдегі алғашқы күндері үйімізді қатты сағынып, қайтқымыз келді. Содан кейін бой үйретіп, спортпен және басқа да шығармашылықпен айналысып, бос уақытымызды көңілді өткіздік. Конкурстарға қатысып, бағымызды сынадық, – дейді Альбинаның құрбылары атыраулық Әлия Сабырова мен Гүлназ Жолдасова.
– «Ембімұнайгаз» АҚ еліміздің мұнай өнеркәсібінің бастауында тұрған кәсіпорын болып саналады. Мекеме әркез балаларға ерекше назар аударады. Компания бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің және басқарма мүшелерінің тікелей бастамашылығымен балаларды Шымкенттегі лагерьге жіберу бірауыздан қолдау тапты. Осылайша жеткіншектер Оңтүстік өңірде көңілді демалып, күш-қуат жинады. Бұдан артық қандай қуаныш болсын. Алдағы кезде де кәсіпорын игілікті ісін жалғастыра бермек, – деді компанияның әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»