05 Ақпан, 2011

1500 метр биіктіктегі стадион

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Азиада туралы айтқанда, мына бір жайды ескеру керек сияқты. Ресми тұрғыдан осынау жарыстар Астана мен Алматыда өтеді деп есептелгенімен, шаң­ғымен жүгіру, биатлон және қыс­қы спорттық бағдарлау сияқты спорт түрлері­нің медальдары Алматы облысы­ның аумағында, Талғардың жа­нын­дағы табиғаты көркем Солдат- сайында сарапқа салынуда. Міне, «Ақбұлақ» спорттық-сауық­тыру кешеніне көрші қонған, «Медеу» мен «Шымбұлақ», «Таба­ғандарыңыздың» спорттық дәс­түрін жалғаған осы ғажабыңыз «Шаң­ғы-биатлон стадиондары» кешені деп аталып, құлаққа Азиада кезінде жағымды естілетін болып барады. Стадионның бас жоспарының нобайын FIS-тің норвегиялық са­рапшысы Хермуд Бьоркестол атақ­ты консалтингілік компаниямен бір­лікте орындап, сол нобай жұ­мыс жобасының әзірленіміне негіз бо­лып алынған екен. Осынау құ­ры­лыс­тың директоры Сергей Петрович Шаховец Солдатсайын­дағы шаң­ғы-биатлон стадиондары ке­ше­ні­нің құрылысы 2008 жылдың жел­тоқсанында басталып, 2010 жыл­дың желтоқсанында аяқтал­ғанын тілге тиек етті. Әлемдегі осындай тұрғыдағы төртінші кешен санала­тын ол аса ірі құрылыс болып та­былады. Кешеннің өзі шаңғы және биатлон стадион­да­рынан құралған. Екі стадионның біріккен бірегейлігі бірден көзге түседі. Әрбір ста­дионның мінбері 3 мыңнан астам көрерменге арнал­ған. Директордың айтуынша,  жал­пы құрылыс алаңы 27 гектар жерді алып жатыр. Мұнда тікелей нысан­дар орналасқан. Одан басқа, Іле Алатауы ұлттық қоры­ғының жеріне сұғынған 50 гек­тарды 4400 метрлік биатлон және он шақырымдық шаңғы трассалары шарлап кеткен. Біз осы арада VІІ қысқы Азия ойындарындағы биатлон бойынша спорт менеджері, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Па­вел Георгьевич Семеновпен жо­лық­тық. Оның айтуынша, осынау шаң­ғы-биатлон стадиондарының ға­жайыптығы сонда, оның 1500 метр биіктікте жатқандығында. Тіп­ті, дәл осындай жер бедері, таби­ға­ты түгел келіскен стадион Азия мен Еуропада жоқ көрінеді. Кешенді әдіптей көмкерген сұсты таулардың тап мынадай сұлулығы да басқа жерлерден табыла қоймайды. Осы­нау қойнауда әр уақыт күншуақ, желсіз тымық жоғары нәтижелерге жетелейтіндей. Стадионда үш мәрте сы­намалық маңызды жарыс­тар өт­кі­зіліп үлгерген. Соған сәйкес спортшылардың да, халықаралық шаңғы спорты федерациясы өкіл­дерінің де кешенге берген бағасы жоғары. Мұндағы трассалар аса күр­делі болып табылады. Әрі әлем­дік стандарттарға сай келеді. Сон­дықтан, оған 2018 жылға дейінгі сәйкестік сертификаты беріліпті. Демек, бұл трассалар мен ста­диондарды халықаралық дең­гей­дегі жарыстар өткізу үшін пай­далануға әбден болады. Осын­дай жоғары деңгейдегі алғашқы жарыс Азиада болып тұр. Биыл­ғы Азиада өтетін қыс қарға сараң­дығын байқатты. Бұл олқылықтың орнын қар жасап атқылайтын зең­біректер толтыруда. Ал енді қос қанатты ғимаратқа келер болсақ, оның төртінші қаба­тында түгелдей комментаторлық кабиналар жайғасқан. Төреші­лер­дің орынжайлары да осы арада. Үшін­ші қабаттың биігінен жарыс­тарды «олим­­пиялық отбасы» мү­ше­лері, яғ­ни Азиаданың мәртебелі виб-қо­нақ­тары тамашалай алады. Екінші қа­ба­тымызда әрі мінбер, әрі фотосуретшілерге, журналистерге арнал­ған орын­жайлар. Баспасөз ор­талы­ғы да осы қабатқа орна­лас­қан. Бірінші қабаты – галерея. Ең төменгі қабатта спортшылардың киім ауыс­тыратын бөлмелері, шаң­ғыларын бап­тап майлайтын орын­дар. Дәрі­гер­лердің бөлмелері де осында. Ал ғи­ма­рат­тың төбесіндегі 700 шаршы метрлік алаң да ұтым­ды пайдала­нылып, онда қосымша кабиналар қо­йылған. Журналистер де, жай кө­рер­мендер де ол жерден стадион­дағы жарысты алақан­дағы­дай көреді. Сатып алынған жерлерді, құры­лыс жұмыстарын, жабдықтардың бәрін қоса есептегенде, осынау шаң­ғы және биатлон стадионы кешеніне 20 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Әлбетте, Азиа­да арқы­лы алатын абыройымыз бұл шығын­ды артығымен ақтайды деп ойлай­мыз. Ал, Азиададан кейін бұл кешен еліміздің шаңғы-биатлон спортын дамытуға септігін тигізе бермек, хал­қымыздың тағы бір игілігіне айналмақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ. _______________________ Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.