02 Шілде, 2016

Бұл осылай болған

454 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Подписание Алма-атинской декларации. 21 декабря 1991 годаЕппен ашылған емен есік ақырын жабылды. Өзіне жұмыс бабымен күн сайын бір емес, бірнеше рет кіретін осы бір орта бойлы, ашаң денелі жігіт ағасы Пре­зи­денттің ойын бөлгісі келмей тоқтап қалып еді. Оның бұл ойын айтпай таныған Президент: – Махмұт, кел, төрлет, – деді. – Нұрсұлтан Әбішұлы, ойыңызды бөлсем, ғафу етіңіз. Жолға шығатын уақыт болды. – Ұшақ әзір ме? – Иә. Сізбен бірге баратын жігіттер әуе­жайда. Ахметжан Смағұлұлы бастаған алматылық азаматтар да үзеңгіге аяғын салып, Сізді күтіп отыр. – Жақсы. Онда қозғалайық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Пре­зидент Әкімшілігі Кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековпен әңгімелесе жүріп Астана әуежайына жеткенде мезгіл шаңқай түс еді. Аспан айналып жерге түскендей аптапта салқын ка­бинетті саяламай жолға шыққан Пре­зидент Алматыдағы резиденциясына соқпай, бірден қала аралауға шықты. Бұл кезде тас төбеге шыққан күннің қызуы 40 градусқа жетіп еді. Аспан айналып жерге түскен аптап тірі жанның апшысын қуырып барады. Күнгей бетін тау қоршаған қалада лүп еткен де жел жоқ. Мезгілінен бұрын сарғая бастаған жапырақтар арасынан қиғаштай құйылған күннің өткір сәулесі талай жылғы биік бәйтеректер түбіндегі ылғалды да кеп­тіріп, топырақ бетін кеберсітіп жіберген. Асфальт екеш асфальт та өрттей ыс­тыққа төтеп бере алмай балқып жатыр. Алматының биылғы жазы жауынсыз өтіп жатыр. Алатау бауырындағы ару қала шаңын қағып, сілкіне алмай тұр. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы кешкі асты кешігіп ішті. Өндіріс орындарымен танысып, Алматыда жаңадан ашылған жетінші аудан – Алатау ауданында болды. Жергілікті басшыларға сап-сау ғи­мараттарды бұзып, қала тынысын тарылтатын құрылыс салуды тоқтатуды тапсырды. Алматы мен Қапшағай арасында үш шағын қалашық салынатындығын, қоршаған ортаны аялап, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау қажеттігін қадап айтты. Ертесінде сапар Алматы облысында жалғасты. Облыс басшысы Серік Үмбетовтің үндемей жүріп үлкен істер тындырып жатқаны жүрегіне жылы сезім ұялатты. Бұл жолы өзі туып-өскен ауылға соғуға уақыт тапшы болды. Есесіне күтпеген жерден ұстазы Сейітхан Исаевпен кездесті. Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы осы кісіден ауыл-аймақтың амандығын біліп, елдің тыныс-тіршілігіне қанықты. Кейбіреулердей қазымыр емес, әдемі қартайған қазына қарт есте жүрер есті әңгімелер айтты. «Қарты бар елдің қазынасы бар, – деп ойлады Елбасы. Қай ел, қай жұртта да қа­зына қарттар баршылық. Олар масылдар емес, асылдар. Сондай қазына қарттың бірі менің ұстазым Сейітхан Исаев. Бүгінде Азия жолбарысы атанған Сингапур бір кезде экономикасы әлсіз ел еді. Сол әлжуаз ел қысқа мерзім ішінде қуатты мемлекетке айналып, алпауыттармен иықтасып шыға келді. Ол аз десеңіз, өркениетті елдердің өзі қызыға да қызғана қарайтын жетістіктері де аз емес. Сол Сингапур Президенті Ли Куанг Ю-дің көп басшы ескере бермеген, бір қарағанда елеусіздеу, шындап келгенде шешуші рөл атқарған аса маңызды шешімі болған. Бүгінде тақтан тайған тақсырдың қателіктері де болған шығар, ал талассыз бір тапқырлығы – өз елінің ғана емес, дүниежүзінің бірқатар мемлекеттерінің ақыл-ой иелерін бір ортаға жиып, бір мақсатқа – Сингапурды қуатты мемлекетке айналдыру ісіне жұмылдыруында. Оның өзге басшылардан бір ерекшелігі – кезінде жақсы жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер жасындағыларды жинаған. Олардың көп жылдық тәжірибесі мен талант, қабілетін тиімді пайдаланған. Сингапур жүріп өткен жол қариялардың, біреулер ойлағандай, масылдар емес, асылдар екенін дәлелдеді. Алпыстан асқандардан ақыл сұраған Сингапур президенті қателескен жоқ. Сондай қазына қарттар біздің Қазақстанда да аз емес. «Ақымақтар өз қатесінен, ақылдылар өзгенің қатесінен үйренеді», демеп пе еді Бисмарк. Қателік жіберу қандай ауыр болса, оны дер кезінде түзетпеу одан да ауыр. Ал халық өз тағдырын сеніп тапсырған билеушінің қателесуге хақы жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың: «Алдымен ел ағалары, сендер қателеспеңдер. Сендер қателессеңдер соңдарыңнан ерген ел қателеседі», деген сөзі жүрегімде жазулы. Жан жүрегім – жанып сүйгенім халқым! Менде халқымның тағдырынан бөтен тағдыр жоқ. Басымдағы бақ та, астымдағы тақ та, айналып өтейін, садағаң кетейін халқыма – қазағыма қызмет етеді. Маған деген шексіз сеніміңе сызат түсірсең саған серт, сеніміңді ақтай алмасам маған серт! Халқым үшін қандай тәуекел, қай қиынға да қанға сіңген дағдымменен дайынмын. Ең алдымен сен аман бол, Елім!..». Ұйықтар алдында әлдеқашанғы әдеті­мен кітап оқыды. Бұл жолы қолы­на Кон­­фу­цийдің «Даналық сабағы» ілікті. Ертеректе оқыған еді. Бүгін қайта парақ­тады. «Цзыгун спросил о том, в чем состоит уп­равление государством. Учитель ответил: – Это когда достаточно еды, достаточно оружия и есть доверие народа. – А что из названного можно первым исключить в случае необходимости? – спросил Цзыгун. – Можно исключить оружие. – А что из остающегося можно пер­вым исключить в случае необходимос­ти? – снова спросил Цзыгун. – Можно исключить еду. Смерти издревле никто не может избежать, Когда ж народ не верит, то не устоять». Нұрсұлтан Әбішұлының көз алдына ойлы ойшыл Конфуциймен иықтасып сұңғыла суреткер Достоевский келе қалды. «Әлемді құтқаратын – сұлулық», депті ол. «Қос алыпты қуаттай отырып мен айтар едім: «Әлемді құтқаратын – сөз. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас мемлекеттерді де түтістіретін де, бітістіретін де сөз, – деп ойлады Елбасы. – Қуатты сөз адамды шыңға да шығарады, шыңырауға да тастап жібереді. Шекспир сомдаған патшалар да, Әуезов бейнелеген Құнанбай да соншалық қаныпезер болмаған. Ет пен сүйектен жаралған олардың күнгейі мен көлеңкесі бар. Әйтсе де, бүгінгі ұрпақ оларды Шекспир мен Әуезов жазған қалпымен қабылдайды. Оларды енді қайтадан ақтап алу қиын. Леон Фейхтвангер: «Көркем әдебиет жас баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді», – деп тегін айтты дейсің бе? Сол күні түнде түс көрді. Нұрсұлтан  Әбішұлы Ақордадағы кабинетінде отырғанда емен есік сықырлай ашылды. Жалт қарады. Бөлмеге ақ жаулығы ақ тудай желбіреген өңі аппақ, тостағандай үлкен көздері қап-қара, ұзын бойлы, тік иықты, айқабақ әйел кіріп келді де, мұның жанына жете бере қаққан қазықтай тіп-тік болып тұра қалды. Үстінде біресе жазғы жаңбырдан кейінгі шайдай ашылып, көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспанға, біресе көктемгі жасыл, біресе күзгі сарғыш жапыраққа ұқсаған, енді бір сәт өршіген өрттей қызыл түске боялған, етегі қызыл тобыққа дейін жеткен ұп-ұзын көйлек. Бір ғажабы әлгі әйелдің үстіндегі көйлек қалай құлпырса бұл отырған бөлмедегі терезе перделері де солай құбылады. – Мен сенің анаң Әлжанмын, – деді ол отты көзін қадап. – Мына оты­рысың не отырыс? – Қағаз қарап отырмын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы дауысы дірілдеп. – Ол не қағаз? – деді Әлжан ана бір адым жақын келіп. – Мемлекеттік маңызы бар Жарлыққа қол қойғалы отырмын. – Халық тағдырына қатысты қағазды алакөлеңкеде қарамас болар. Түр ана терезенің пердесін. Аш ана терезені. Нұрсұлтан Әбішұлы анасының айт­қанын бұл­жытпай орындады. Алакөлеңке бөлме іші жап-жарық болып кетті. Сырт­тан ентелей енген саумал жел, сабат сал­қын бөлменің ауасын тазартып, бойын сергітті. – Міне, көрдің бе? – деді Әлжан ана құлаққа жағымды қоңыр үнмен қуа­на сөйлеп – таза ауамен тыныстап ең жү­зіңнен нұр төгіліп, көзің жайнап шыға келді. Бөлменің бұрыш-бұрышына жасырынған шаң, тозаңды да Сарыарқаның самал желі қуып шықты. – Бұл қай мезгіл? Кеш жақын ба? – деді орнынан сергек тұрған ұлы. Қазір шаңқай түс. Кеш түскенше әлі біраз уақыт бар. Оған дейін әлі талай істі тындырасың. Бөлменің ауасы тазарып, аздаған шаң-тозаң желге ұшты. Енді жолың ашық. Сені аспанда Алла, жерде халық қолдап тұр. Алтын тағың орнықты, асыл бағың баянды болсын! Еліңнің алғысына бөлене бер, жан балам! Әлжан ана осыны айтты да, сыртқа шығып бара жатты. Нұрсұлтан Әбішұлы түстің осы бір тұсына келгенде оянып кетті. Тө­­сектен ойлана тұрып терезе пердесін ашып, сыртқа қарады. Бозарып атып келе жатқан таңның бозамық сәулесі аспаннан қиғаштай құйылып Елбасының нұр тө­гілген аққұба жүзін аймалады. Сол сәт оның көз алдынан тәуелсіздік жылдарының бас­­ты оқиғалары кинолентадай өтіп жатты... Күміс қанат, құс тұмсық ұшақ Вну­ково әуежайына келіп қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-қағым сәтте-ақ қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел алып ұшақ­тың жылы салонынан шыққан жолаушылардың қойыны-қонышын кеулеп, денесін тітіретті. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. «Алматыда ауа райы ашық, күн жылы еді, – деп ойлады ол. – Мәскеу ас­панын қорғасындай ауыр, қарақошқыл бұлт торлап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді. Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, ат­қақтай соққаны несі? Сезімім алдамау­шы еді, бұл ненің белгісі?.. ». – Нұрсұлтан Әбішұлы, саламатсыз ба? Ол ой орманынан шығып, дауыс шық­қан жаққа қарады. – Саламатсыз ба? – Мен Борис Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып тұрмын. – Жайшылық па? Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт жарықшақ дауыспен жасқана сөйледі: – Борис Николаевич шұғыл хабар­ласуыңызды өтінді. Екеуі жүре сөйлесіп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын бөлмеге келіп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге қоңырау шалды да, телефон трубкасын Назарбаевқа ұсынды. – Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл қазір шұғыл түрде Беловежге ұшып келуіңді өтінемін, – деді Ельцин. – Не үшін? –деді Назарбаев Ельциннің асығыс сөйлеген даусынан әлдебір абыржушылықты аңғарса да, қанына сіңген қашанғы әдетімен сабырлылық сақтап. – Ресей, Украина, Белоруссия үштігі шұғыл түрде аса маңызды құжат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз. Соған Қазақстанның төртінші болып қосылуын қалаймыз. Шушкевич пен Кравчуктың да өтініші осы. – Ол құжат не туралы? – Кеңес Одағын тарату туралы. Ельциннен соң Белоруссия президенті Шушкевич те, Украина Президенті Крав­чук та Назарбаевпен телефон арқылы тілдесті. Ресей, Белоруссия, Украина прези­дент­терінің Қазақстан Президенті Назарбаевқа үшеулеп салмақ салғанда бәрінің айтатыны бір сөз: шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кең­пейілді болса да, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұсынысты қабылдай алмады. «Үш бірдей ірі мемлекеттердің атынан сөйлеп тұрған аса мәртебелі, биік беделді ескі достарымның көңілін қанша қимасам да, қиналсам да, ел сенімін ақтауым керек. Маған халқымның қамынан қымбат ештеңе жоқ!». Қас-қағым сәтте осыны ойлап үлгерген Елбасы шұғыл шешім қабылдады. – Елмен ақылдасып, кеңесіп алмай ондай аса жауапты құжатқа қол қоя алмаймын, – деді. Қазақстан пре­зидентінің кесіп айтқан кесімді сөзінен кейін үштік одақ өз істеріне кірісіп кетті. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы қайтадан ой орманына оралды. «Сонда бұл қалай болғаны? Тұйықтан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақ­стан президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз», дегені. Горбачев Одақтық шарттың барлық нұсқасында өзінің жеке билігін сақтап қалуға жанталасып бағуда. Ал Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы сая­си тайталасқа апарып соқпаса жарар еді. Горбачевтің бұлаңқұйрық бұлыңғыр саясаты күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі экономикалық қана емес, саяси реформалар да тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук, Шушкевичтердің ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол тиімді? Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар, әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын орап кет. Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды...». Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтан Әбішұлына түн ортасына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да қанға сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек тұрған ол ертесіне күнілгері жасалған келісім бойынша Кремльге, Горбачевқа келді. Горбачевтің жеке өзімен көзбе-көз сөйлесермін деп ойлаған, әйтсе де, Ельцин де сонда екен. Кремльдегі үшеуінің арасындағы қиюы қашқан қиын әңгіме екі сағатқа жуық уақытты алды. Ең басты әңгіме Беловеж кездесуі жайлы болды. Горбачев пен Назарбаевтың сұрақтарына Ельцин толыққанды жауап берді. Әңгіме барысында – Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің атынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жарияланғаны айдан анық болды. Сол сәт Горбачевтің жалтыр басы сол жақ шекесіндегі қалына дейін тершіп, сұрғылт жүзі онан әрі сұрланып шыға келді... Кремльден шыға салысымен Қазақ­станның Мәскеудегі елшілігіне келген Нұрсұлтан Әбішұлы шетел жорнал­шыларының үлкен тобымен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өзінің Мәскеуге уағдаластық бойынша Одақтық шарттың жобасын талқылау мақсатында Ресей, Украина, Белоруссия басшыларымен кез­десу үшін келгенін, алайда, күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловеж үштігіне ешқандай қарсылығы жоқтығын айта келіп, ұлт­тық, этностық белгілермен саяси шо­ғыр­ланудың аса қатерлі екенін қадап айтты. – Атом қарулары шоғырланған Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қа­тер болмас па екен деген дүниежүзілік қауым­дастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті Назарбаев. КСРО құрамында болған респуб­ликалардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өтуіне де жол ашуымыз керек деген ой баспасөз мәслихатының өзегіне айналды. Желтоқсан айының оныншы жұл­дызында Алматыда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген атауды Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Сол тарихи күні бүкіл халық сай­лаған Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды... Нұрсұлтан Әбішұлы салтанатты мә­жілістен кеш қайтса да бірден төсекке құлай кетпей жатар алдындағы желпініске шықты. Мезгіл желтоқсанның басы болса да солтүстікті қыса бастаған қыстан мұнда әлі бір белгі жоқ. Түнгі Алматыны самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ашық аспанда жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды. Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау тағысы барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар басына қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы жаңбырмен шайынып, шаң, тозаңнан тазарып қалыпты. Байырғы бай теректердің сарғыш тартқан жапырақтары жұмсарып, бойшаң болып өсіп келе жатқан жас шыбықтар да ажарын аша түсіпті. Қасиетті қара жер жас босанған анадай бусанып жатыр. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Нұрсұлтан Әбішұлын сауалы көп, жауабы жоқ самсаған сан ойлар билеп алды. «Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме, – деп ойлады ол. – Ал оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан тұратын республика тұрғындары сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Ал оның құрметінен гөрі салмағы басым, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Ал оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Жолдың азабына шыдармын ба? Күні кеше жай ғана толқыған мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асаудай тулап жатыр. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні қатты тоғыз валдық дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай дауыл кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қиын тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым жоқ…». Ащы шектей шұбатылған ой желісін үзбей үйге кірген Нұрсұлтан Әбішұлына Сара Алпысқызы телефон тұтқасын ұстата қойды. – Кеш мазалағаныма кешірім, – деді алыстан сөйлесе де дауысы ап-анық естілген Түрікменстан президенті Сапармұрад Ниязов. – Оқасы жоқ, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, – қазір уақыт санайтын кез бе? – Оның рас. Мына славяндар одақ құрып, осқырып тұр. Біз мұсылмандар бір әрекет жасамасақ болмас. Ақыл қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Алматыға шақыр. – Ақылдасайық дегеніңіз жөн. Әйт­се де, Алматыда емес, Ашхабадта жинал­ғанымыз дұрыс болар еді. – Неге? – Парсы тілінен енген Ашхабад деген сөз ғашықтар қаласы деген ұғымды білдіреді. Бірін-бірі сағынған ортаазиялық бауырлар ыстық сезімдерін ыстық жерде, ғашықтар қаласында айтса өртке тиген дауылдай өтімді болады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, қысылтаяң шақта да әзіл-қалжыңың қалмайды-ау. – Әзіл – көңілдің ажары, Сапармұрад Ниязович. Ал сөздің шынын айтып, мә­се­­ленің мәнісіне үңілсек те, тап осы кез­десудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды. – Неге? – Себебі, жорналшы ағайындар қазір­дің өзінде: «Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті», деп жазып жатыр. Алматыда кездессек сондай жел сөзге жем боламыз. Дұрысы, біз сізге барайық. – Онда келістік. Келіңдер, күтемін. Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Рохман Нәбиев Ашхабадқа ұшып келді. – Ашхабадта күн ыстық, – деді Асқар Ақаев. – Адамдардың жүрегі күннен де ыстық, – деді Ислам Каримов. – Ғашықтар қаласында кездескен бауырлардың жүрегі бәрінен де ыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әзіл-қалжыңмен басталған басқосу бүкпесіз пікір алысқан ашық әңгімеге ұлас­ты. Бірауыздан мақұлданған мә­лім­­демеде Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығын құру барысында кеңестік ке­ңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрыл­тайшысы болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды. Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ. – Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы қақ­тығыстан да асып түсетін қасіретке апарады, біз өз республикаларымыздың тұр­ғындарын ғана емес, Ресей мен өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын, олардың ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы отты жанары жан-жағына сәуле шашып. – Жүдә, дұрыс, – деп қостады Назар­баевты қуанса да, ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы әдетімен сабырлы қалпын сақтап. – Шоң қазақтың мына сөзі шови­нис­терді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отыр­ған Ақаев қоп-қою қап-қара қасын керіп. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген осы. Ашхабад мәлімдемесіне қол қойып, түрікмендердің шөл басатын көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орталық Азия мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Памир тауларын ғана емес, сол таулардан да биік саяси қиын асулардан асып, өз елдеріне оралды. Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтан Әбішұлының ойына жаңа бір идея келе қалды. «Ашхабад мәлімдемесі, – деп ойлады ол. – Кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүниежүзінде жылы пікірлер туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтымды пайдаланып қалу керек. Сәті түсіп, мұсылмандар одағына славяндар одағын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес, кеңестік кеңістіктегі барлық халықтардың бақытына қызмет етері анық. Алапат өрт болып өршігелі тұрған тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы. Қазір уақыт қат, жұмыс шаш­етектен. Біздің елі­мізге керек нәрсе көп-ақ әйтсе де, сол көп керектің ішінен ең маңыздысын бірінші кезекке қоя білу аса маңызды. Халықтарды қарулы қақтығысқа соқтырмаудан, ел тыныштығын сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Мақсат айқын, міндет көп. Жедел іске кірісу керек!.. ». Осы ойға мықтап табан тіреген Нұрсұлтан Әбішұлы Ашхабад мәлім­демесінде көтерілген мәселелерді славяндармен бірлесіп талқылау үшін Алматыда кездесуді ұсынды. Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсынысқа, басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі – Ресей Президенті Ельцин. Сан түрлі ой сан тарауға алып қашқан Ельцин Кравчук пен Шушкевичке телефон шалды. Олар не де болса бара көрейік, егер бұл ұсыныстың астарында бір жақты ғана пайда ойлаған қулық жатса, келісімге келмеспіз десті. Ельцин бұдан кейін де ойланумен болды. Тек Нұрсұлтан Әбішұлы екінші рет телефон шалып, ашық әңгімелескен соң барып, славян мемлекеттері басшыларының көшін бас­тап Алматыға ұшып келді. Бір қарағанда ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің бо­йында өзінің ақыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қарсы алды. Президенттің жұмсақ жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қалжыңынан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бас­тады… Аса жоғары мәртебелі мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Елбасының жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбазша сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр. Жүзінен жұмсақ нұр төгілген Нұрсұлтан Әбішұлы жорналшыларға былай деп хабарлады: «Алдын ала мұқият дайындалған құжаттар жобалары жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды». Он бір мемлекеттің басшылары қаты­насқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір болғанмен тақырыбы сан алуан. Ассошиэйтед-пресс тілшісі жөнелткен хабардың тақырыбы: «Ғасырдың ғажайып оқиғасы». Француздың «Фигаро» газетінің тілшісі былай деп факс жөнелтті: «Тұ­йық­­­тан шығар жол табылды». «Назарбаевтың көрегендігі». Бұл Франс-престің берген бағасы. «Санди Телеграфқа» «Мұсыл­мандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнел­тілді. Ал қазақ жорналшысы Дүйсенбек Сыздықов өз материалына «Алматы дек­ларациясы» деген сыпайы ғана ат қойып, Ашхабад мәлімдемесімен қан­дас құжатқа қол қойған Әзербайжан пре­­зиденті Ә.Мүтәлибовтан, Тәжікстан пре­зиденті Р.Нәбиевтен суыртпақтап сыр тартты. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықты елеңдеткен ғасырдың ғажайып оқиғасы жай­лы небір ажарлы ат қойылып, айдар тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады. Бұл ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы басталған күрделі кезең – бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді. Сол күні көңілін бір демдеген Нұр­сұлтан Әбішұлы үйге көңілді оралды. «Әйтсе де, алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге болмайды, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Алда әлі алынбаған қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек. Қателесуге құқым жоқ…» Жатар алдындағы желпініске шыққан Нұрсұлтан Әбішұлы қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдыры жайлы ойлаумен болды. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты АЛМАТЫ