07 Шілде, 2016

«Теңізшевройл» арнайы жобалар арқылы шешім қабылдады

670 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
160707-TCO 3 «Теңізшевройл» (ТШО) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс Қазақстанда орналасқан Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі сатысы болып табылатын «Келешек кеңею» жобасы мен «Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыруға қатысты ақырғы шешімнің қабылданғаны туралы хабарлады. Қазіргі таңда ККЖ-ҰЕҚБЖ құны күтілмейтін шығындар мен өсімді қосқанда 36,8 млрд. АҚШ долларына бағаланып отыр. Алғашқы мұнайды алу 2022 жылға жоспарланған. ККЖ аясында 2008 жылы Теңіз кен орнындағы өндірістік қуаттылықты арттыру үшін ТШО-ның алдыңғы жобасында табысты түрде дайындалған және сыналған шикі газ айдау технологиясы пайдаланылады. 160707-TCO 5 Нәтижесінде Теңіз кен орнындағы шикі мұнай өндірістік қуаттылық жылына шамамен 12 млн. тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге артып, жылына шамамен 39 млн. тоннаны немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды. Шарықтау кезінде бұл көрсеткіш тәулігіне 900 мың баррельден асады. ККЖ-ны жүзеге асыру арқылы өндіріс көлемі артса, ҰЕҚБЖ атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетіп, қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіре берісіндегі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнында жұмыс істейтін зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 160707-TCO 4 «Ірі халықаралық компаниялар қабылдаған шешім Қазақстан Республикасының қолайлы бизнес-климаты бар ел екендігін, мұнда ұзақ мерзімді инвестицияларды сенімділікпен жүзеге асыруға болатындығын тағы да айғақтады», – деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. «Қазіргі таңда ККЖ-ҰЕҚБ жобасы жүзеге асыруға дайын тұр. Демек, ол Қазақстан Республикасының экономикасына және ТШО серіктестеріне орасан зор пайда әкеледі», – деді ТШО бас директоры Тед Этчисон. ТШО бас директорының орынбасары Әнуарбек Жәкиевтің айтуынша,  жұмыс орындарын ашу, тауарларды өндіру және қызметтерді сатып алудан жалпы Қазақстан Республикасының экономикасына тиетін мультипликативті әсері айтарлықтай болмақ. 160707-TCO 1 ККЖ-ҰЕҚБЖ құрылысы қарқындаған кезде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. ТШО 1993 жылдан бері 20,8 млрд АҚШ долларынан астам сомаға қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алды. ТШО жобалау, сатып алу және модульдерді жасау жұмыстарын орындау үшін ККЖ-ға қазақстандық кәсіпорындарды тартуда. 160707-TCO 2 Қазіргі таңда 1600-ден астам қазақстандық компания алдын-ала таңдаудан өткен. ККЖ-ҰЕҚБЖ нобайлық жобалау бойынша жұмыстарды аяқтап, егжей-тегжейлі жобалау көлемінің шамамен 52 пайызын орындады. Жоба тобы жеткізілу мерзімі ұзақ жабдықтарды сатып алумен айналысып, Теңіз кен орнында орналасқан нысандарда жобаның негізгі инфрақұрылымын салу бойынша ерте дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. ТШО серіктестері мен ККЖ-ҰЕҚБЖ тобы жобаны жүзеге асыру жоспарларының сенімділік деңгейін арттыру және жобаны орындауды оңтайландыру мақсатында оларды әрі қарай жетілдіретін болады. Айнаш ЕСАЛИ