Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысы өткен сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Астанада өтті. Жиында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша нақты заңнамалық ұсыныстар талқылауға шығарылды.
Бұған дейін өткен мәжілістердің нәтижелерін салмақтап, саралап, бір тоқтамға келу, комиссия мүшелерінің өзара жұмысын пысықтап алу және «жалпыдан жалқыға» көшу арқылы жерге қатысты мәселелерді шешудің нақты жолдарын анықтау бағытында өткен бұл отырыста негізінен жайылым, шекара маңындағы жерлерді пайдалану және жерді шетелдіктерге жалға беру, қазақстандықтардың иеленуі сынды мәселелер қаралды.
«Біз осыған дейін Жер реформасы бойынша комиссияның Астанадағы және өңірлердегі жиындарын өткіздік. Ал бүгін біз үш мәселе төңірегінде сөз қозғамақпыз. Біріншісі – саяси мәні бар, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру, қазақстандықтардың иеленуі сынды мәселе. Оларға қатысты барлық аймақтарды аралап, халықпен кеңесіп, жан-жақты ұсынымдарды жинай отырып, көпшілік болып шешім қабылдау керек екендігі белгілі. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлерге қатысты. Үшінші мәселе, жайылымдық жерлер жөнінде болмақ. Бүгін осындай нақты бағыттардағы ұсыныстарды талқыға шығарып отырмыз», деп атап өтті Асқар Мырзахметов.
Өз кезегінде Жер реформасы бойынша комиссияның штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге беруді жалғастыра отырып, бірінші 5 жылдықта жыл сайын мониторинг жүргізуді енгізіп, жалға беру институтын сақтап қалуды және әрбір 3-5 және 7 жыл кезеңінде мониторинг жүргізуді ұсынды.
Сондай-ақ, ол Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру тәртібін регламенттейтін жаңадан жеке бап енгізуді қарастыру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріс ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде беріп, жер бөлу жөніндегі конкурстық комиссия құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қосу арқылы іске асырылмақ.
«Өздеріңізге белгілі, жалға беру институтын тоқтатуға бағытталған заң нормаларына шектеу қойылып, Жер кодексіне тиісті өзгерістерді енгізуді қарастырған заңға Елбасы қол қойды. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына ауылшаруашылық жерлерін жалға беру институтын сақтау Комиссияның барлық отырыстары мен халықпен кездесулерінде қолдау тапқаны бәрімізге белгілі. Осыған орай, жерді жалға беруде қолданыстағы заң нормаларын жетілдіру қарастырылуда. Атап айтқанда, ауылшаруашылық жерлерін 49 жылға беруді жалғастыра отырып, бірінші 5 жылдықта жыл сайын, соңынан әрбір 3-5-7 жыл кезеңінде мониторинг жүргізу қарастырылады. Жер кодексіне ауылшаруашылық жерлерін жалға беру тәртібін регламенттейтін жаңа 43-1 бап енгізу ұсынылады», деді Е.Нысанбаев.
Одан әрі Е.Нысанбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруде олардың шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу жөніндегі мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруде олардың шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу керек. Әрбір әкімшілік аудандар және республика бойынша қазақстандықтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларда жалда болуы мүмкін ауылшаруашылық жерлерінің түрлері бойынша шекті мөлшерлерін бекіту аса маңызды. Сол себептен, ауылшаруашылық жерлерінің жергілікті жағдайы мен ерекшеліктерін, сапалық сипаттамасын есепке алып, шекті мөлшерін анықтау қажет. Бұл жағдай бір қолға ірі көлемдегі жердің шоғырлануына жол бермеуге тиіс.
Еліміздің жер жағдайлары мен өзгешеліктері әртүрлі, сондықтан жалға берілетін учаскелердің жоғары шекті мөлшерін анықтауға бірқатар сараптамалар мен талдаулар жүргізіп, бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет. Осыған орай, аталған мәселенің күрделілігі мен уақыт тығыздығын ескере отырып, Жер кодексіне өтпелі кезең нормасын енгізу ұсынылады және осы кезеңде жалға берілетін жерлердің шекті мөлшері аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 10 пайызынан аспауы тиіс.
Е.Нысанбаев сөзінің қорытындысында комиссия мүшелері мен халықтың назарында болып отырған елді мекен шегінде халықтың жеке малдарын жаюға арналған жерлерге де тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендер маңайындағы жерлерден халықтың қажеттілігіне керек жайылым мен шабындық жерлердің шеңберін анықтау керек.
«Қазіргі жағдайда, елді мекен шегіндегі жайылымдарды жалға беруге тыйым салынбаған, ал оның маңайындағы жерлер жекеменшікке беріледі. Ауылдағы халықтың малына жайылымдар жеткіліксіз. Сондықтан, елді мекен шегінен тыс жерлердегі халық қажеттілігіне керек жайылым жерлерді анықтау керек. Бұл мәселенің де күрделілігін ескерсек, оны тез арада шешу мүмкін емес, түбегейлі талдау мен сараптамалар жүргізу қажет. Осыған байланысты, Жер кодексіне елді мекен жерлерін ұлғайтуға байланысты өтпелі нормаларды енгізу ұсынылады. Осы өтпелі нормаларға сәйкес, елді мекен шекараларын жер шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес қайта белгілегенге дейін, қажеттілігіне қарай елді мекендегі құрылыс салынған шекарадан 15 шақырымға дейінгі шеңберде жайылымдық жерлерді беруге тыйым салу қажет. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдар осы норма бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін әрбір елді мекен маңайындағы жерлерден халықтың қажеттілігіне керек жайылым мен шабындық жерлердің шеңберін анықтауы қажет. Сонымен бірге, жер шаруашылық жобасына байланысты елді мекен шегінде бұрын жекеменшікке немесе жалға берілген ауылшаруашылық жерлерін мемлекетке қайтару мәселесін қарау ұсынылады», деді спикер.
Отырыста сөз алған Комиссияның экономикалық жұмыс тобының жетекшiсi Ақылбек Күрiшбаев ел азаматтарына жердi жалға беру тәртiбiн бұзған әкiмдердi қатаң жазалауды ұсынды.
«Елбасы мораторий жариялаған, Үкiмет ұсынған заң жобасында жалға алушылар 49 жыл мерзiм аяқталған соң, не жердi сатып алуы керек, не мемлекетке қайтаруы керек. Бұл болашақта жалға алу мерзiмi аяқталған соң, жердiң бәрi меншiкте болады деген сөз. Экономикалық жұмыс тобының мүшелерi мұнымен келiспейдi. Олардың ұсынысы бойынша, бұрынғыдай 2003 жылы қабылданған Жер кодексiне сәйкес жердi жалға берудi жалғастыру керек», дедi А.Күрiшбаев. Оның айтуынша, қазiргi уақытта жердi жалға беру бойынша нақты ереже жоқ. Тек Жер кодексiндегi бiр ғана 43-бапта қысқаша жазылған.
«Ендi Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұсынысы бойынша арнайы ереже болуы керек. Бiз мұны қолдап отырмыз. Кiм, қалай жердi бередi, оны қалай бақылайды, жер тиiмсiз пайдаланылса қалай қайтарылатыны белгiленуi тиiс. Бұл өте маңызды мәселе. Жердi 49 жылға жалға берген кезде, әсiресе, алғашқы жылдары мұқият қарауымыз керек. Өйткенi, жердi игермеу мәселесi бiрiншi жылдан басталады. Алғашқы бесжылдықта жыл сайын, кейiн 3-5-7 жылда мониторинг жүргiзудi қолдаймыз», дедi ол.
Сондай-ақ, ол бос жатқан жерлер туралы мәлiметтер халыққа дұрыс жеткiзiлмейтінін атап өтті.
«Әкiмнiң жанында жүрген азаматтар мәлiметтi естiген соң барып ала салады. Сондықтан, мәлiмет беруiмiз керек. Отыз күн бұрын облыстық, республикалық деңгейде бос жатқан жерлер туралы мәлiмет беру қажет. Сонда ашық түрде барлық азаматтар қатысады. Экономикалық топтың тағы бiр ұсынысы – жердi жалға берген кезде жергiлiктi тұрғындарға, ауыл шаруашылығын бiлетiн мамандарға басымдық беру керек», дедi А.Күрiшбаев.
Сондай-ақ, экономикалық топ жетекшiсiнiң айтуынша, жердi жергiлiктi атқарушы органдар емес, қоғамдық жер комиссиясы беруi тиiс. Бұл ретте, әкiмдер мен комиссия мүшелерiнiң жауапкершiлiгi қарастырылуы керек.
«Мен Әкiмшiлiк кодекстi қарадым. Сонда егер әкiм, жер комиссиясының мүшесi шешiм болмай жатып, жердi берiп қойса, комиссиямен келiспей, жердi тартып алса, шетелдiктерге жалға жердi өз шешiмiмен берiп жiберсе, ол жазаланады. Бiрақ жазасы 30 айлық есептiк көрсеткiш, яғни 63 600 теңге. Мұндай жауапкершiлiкпен тәртiп орната алмаймыз. Сондықтан, бұл жерде нақты жауапкершiлiктi көтеруiмiз керек. Ұлттық мүддеге қайшы келсе, қылмыстық жауапкершiлiкке дейiн тарту қажет. Ал Әкiмшiлiк кодексте айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз», деді А.Күрiшбаев.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, комиссия мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед шекараға жақын аудандардағы жерлердің жайына алаңдайтынын жеткізді.
«Шекаралық аудандарға байланысты бір пікір қосайын деп отырмын. Бұл өте өзекті мәселе. Қазір қолданыстағы заңнама бойынша, шекарадан небәрі үш шақырым қашықтықтан ғана жерді жалға беруге болмайды, қалғанына Қазақстанның өз азаматтарына жалға беруге болады деген норма бар. Осыны пайдаланып кейбір жергілікті әкімдер сол жерді Қазақстан азаматтарына бердім деген желеумен шетелдік азаматтардың да үлесі бар компанияларға берді деген әңгіме бар. Мен қазір ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, оны тиісті құқық қорғау органдары тексеріп, жауабын беруі керек», деді М.Құл-Мұхаммед.
Басқа аудандардың жағдайы жайлы қолында толық ақпарат жоқ екенін алға тартқан комиссия мүшесі, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан, Үржар аудандарының, Алматы облысындағы Алакөл, Жаркент, Нарынқол аудандарының жерлеріне алаңдайтынын айтты.
«Шекараның маңында отырған осы жерлерге ертең түрлі жағдайлармен шетелдің азаматтары болмаса да, кейбір әдейі жасырынған адамдар арқылы шетелдік компаниялар кіріп кетпеуі үшін мен аталған бес ауданның жері түгелдей мемлекеттің меншігінде болуы керек деп есептеймін. Ауданның саны бесеу-ақ болғанмен, Еуропаның бірнеше мемлекеттері сыйып кететін жерлер. Сондықтан, жаңа заң жобасына осы ұсынысты енгізуді өтінемін», деді М.Құл-Мұхаммед.
Ал өз кезегінде Мұхтар Тайжан жер кадастрында жермен айналысатын адамдардың аты-жөндері анық көрсетілуі қажет екенін сөз етті.
«Бізде қазір электронды кадастр бар. Бірақ онда жер иелерінің аты-жөндері көрсетілмеген. Менің ұсынысым, жер халықтікі болғаннан кейін онымен кім айналысатындығы жайындағы ақпараттар ашық болуы тиіс. Қазір бұл мәліметтер жабық. Себебі, «Жеке мәліметтер туралы» заң бар. Сол заңды өзгертейік», деді ол. Сонымен қатар, ол шетелдіктерге жер сатылмайды деп айтылғанымен қитұрқы жолдардың да бар екенін жеткізді.
«Қазақстанға келген шетелдік азамат фирма ашып, 49 пайызын өзі, 51 пайызын ел азаматына береді де жермен айналыса алады. Меніңше, біз мұндайға жол бермеуіміз қажет. Егер жерді шетелдіктерге сатпаймыз десек, онда заңға өзгертулер енгізейік. Бізде дәл осы мәселеге байланысты ортақ шешім жоқ», деді М.Тайжан.
Өз кезегінде сенатор Қуаныш Айтаханов Қазақстан азаматтарына шекара маңы жерлерін игеруге шектеу қоюға мүлдем болмайтынын атап өтті.
«Күн тәртібінде былай жазылыпты: «Қазақстан Республикасы шекарасы маңынан берілетін ауылшаруашылық жерлерін беруге шектеу туралы». Кімге беруге шектеу туралы? Шетелдіктерге ме, жоқ, қазақстандықтарға ма? Мына жерде қазақстандықтарға деп жазылыпты. Ал егер қазақстандықтарға болса, онда оған шектеу қоюға мүлдем болмайды. Керісінше, қазақстандықтар шекаралық жерлерді барып игерсін. Көбірек игерсін. Неге біз қазақстандықтарға шектеу қоямыз? Егер Қазақстан азаматтары шекара маңынан жер алып, шаруашылығын жақсылап жүргізсе, ол шекара нығая береді. Сол себептен бұл шектеуді қазақстандықтар үшін мүлдем алып тастауымыз қажет», деді сенатор.
Сонымен қатар, ол шекарамыздың мыңдаған шақырым жерінде ешкім тұрмайтындығына, бос жатқандығына тоқталды.
«Халықтың қажеттілігі үшін берілетін жайылымдар мәселесіне қатысты осы жерде өте жақсы ұсыныстар айтылды. Бірақ бір проблема бар. Кезінде жердің бәрі беріліп кеткен. Қазір қай елді мекенге барсаңыз да біздің алдымызға сол жайылымдарды қайтарып беріңдер деген мәселе шығады. Бір жерлер сатылып, енді бірі жалға берілген. Мәселен, солтүстік өңірлерде елді мекендер төңірегіндегі жайылымдар жыртылып, егін егілген. Осының тетіктерін ойластыруымыз, тез арада шешуіміз қажет», деді ол. Осы орайда Қ.Айтаханов ауыл төңірегіндегі жалға берілген, егістік алқабына айналып кеткен жерлерді мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу қажет деген ұсыныс жасады.
Ал Дос Көшім жер бөлетін комиссия мүшелерінің басым бөлігі атқарушы биліктен емес, қарапайым халық өкілдерінен тұруы тиіс екенін айтты.
«Қолданыстағы ережеде жерді бөлетін комиссиялар тұрақты жұмыс істейді деген норма бар. Бірақ олардың мерзімі де, құқығы да нақтылануы шарт. Өйткені, әкім ауысқан сайын өзіне тиімді комиссияны құрып алады. Сондықтан да, біз жерді бөлу комиссиясы бес жыл тұрақты мерзіммен жұмыс істеуі керек деген норманы ұсынып отырмыз», деді Д.Көшім. Оның айтуынша, қазіргі кездегі тағы бір олқы мәселе комиссияның мүшелер санына қатысты.
«Біз жер бөлу комиссиясына сол аудандағы барлық ауылдық округтерден бір адамнан мүше болуы керек деп санаймыз. Комиссия ай сайын жұмыс істемейді, тек жер бөлетін кезде ғана бас қосады. Сондықтан да ол комиссияда әрбір ауылдың өкілі болуы шарт», деді Д.Көшім.
Сонымен қатар, ол конкурстық комиссиялардың міндетті түрде ашық өтуі қажеттігін еске салды. Оның айтуынша, бұл қолданыстағы ережеде қарастырылмаған. Осыған байланысты, жер бөлуге қатысты конкурстық комиссияның жұмысына қызығушылық танытатын азаматтардың кез келгені толық қатыса алуы шарт.
«Біздің қолданыстағы ережеде бір қызық бап бар екен, егер комиссия мүшелерінің дауысы тең болса, онда төрағаның дауысы екі дауысқа ие болады деп жазылыпты. Бұл баяғы архаизмнің қалдығы. Адам құқығын бұзатын мұндай норма болмауы керек. Әр адам тек бір дауысқа ие болуы тиіс», деді Д.Көшім.
Сөз арасында саясаткер конкурстық талаптарға қатысты сыбайлас жемқорлықтар көрінісін жоюға да назар аудартты. Оның айтуынша, конкурстың талаптары қазір соны жеңіп алатын тарапқа ыңғайлы жасалады.
«Бұл жасырын да емес. Мәселен, ұтатын адамда бәлендей маркадағы бес трактор болуы керек деп жазады. Сөйтіп, тек жеңуі тиіс адамға ғана лайықталған талаптар жазылады. Сондықтан да, конкурстың талаптарын қайта қарайық», деді ол.
Ал Оразалы Сәбден жерді жалға бергенде бай, кедей деп бөлмеу керектігін жеткізді. «Жерді жалға бергенде кейбір артық мәселелерге кетіп қалып жатырмыз. Бай, кедей деп бөліп қарауға тиіс емеспіз. Сосын, жерге инвестиция беретін адамдарға басымдық берейік, шетелдік емес, әрине, өзіміздің азаматтарымызды айтып отырмыз. Бұл кредит пен лизингке де қатысты. Өйткені, Қазақстанның жері қазір қаражатқа зәру. Сондықтан, жерді байлар алып жатыр деп байбалам салудың қажеті шамалы», деді О.Сәбден.
Жиын соңында Асқар Мырзахметов комиссияның бүгінгі отырысына қатысты қорытынды сөз сөйледі.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, содан кейін барып нақты қорытынды шығарылады. Оған қоса, жер мәселесінде маңызды жайттардың бар екенін көріп отырмыз. Соның ішінде бір адамға жалға берілетін жердің шекті мөлшері қанша болуы керек, жайылым мәселесі бар», деді ол. Оның атап өтуінше, бір адамға жалға берілетін жердің шекті мөлшері республика бойынша мынадай гектар болуы қажет деп айту қисынсыз. Өйткені, әр өңірдің ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай ерекшеліктері бар.
«Сондықтан, ғылыми тұрғыда негіздеу арқылы ғана шектеу мөлшерін айту керек. Жалпы, көпшіліктің пікірі негізінде шектеудің болу қажеттігі айқындалып отыр. Ауыл төңірегіндегі және шалғайдағы жайылымдарды сатуға заңнамада тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен, ол заң 2007 жылы қабылданған болатын. Ал Жер кодексі 2003 жылы қабылданған. Міне, осы екі аралықта кейбір жайылымдардың жекеге өтіп кеткендері де бар. Демек, осының барлығын ескере отырып, қарастырудамыз. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе, бүгінгі таңда халықтың санының өскендігі, оған қоса мал санының да көбейгендігі белгілі. Сол себепті жайылым мәселесі күннен-күнге күрделене түсуде. Осыған орай жұмыс топтары нақты жұмыстар жүргізуде. Келесі отырыстарда оны шешуге қатысты ұсыныстар қаралады деп есептейміз», деді А.Мырзахметов.
Жолдыбай БАЗАР,
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»