12 Шілде, 2016

Тұңғыш чемпион тұғырға шықты

294 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Portugal v France - UEFA Euro 2016 Final Мұндай атаққа Португалия құрамасы қол жеткізді Бұрнағы күні түнде Париж түбіндегі Сен-Дени қаласының «Стад де Франс» стадионында футболдан Еуропа чемпионаты өзінің мәресіне жетті. Оның финалында Португалия құрамасы Франция командасын 1:0 есебімен ұтып, тарихта тұңғыш рет құрлық чемпионы атанды. Осы жолы чемпионат финалының негізгі уақытында қарсыластар бірінші мәрте гол соға алған жоқ. Сондықтан матчтың, соның түйінінде алтын медальдің тағдырын экстра-таймдағы 109-минутта салынған Эдердің жалғыз добы шешіп кетті. Кездесудің қарсаңында оның қоры­тынды нәтижесі туралы ай­тыл­ған болжамдарда есеп болмады. Бұлардың дені, түптеп келгенде, француздардың десі басым болатынына келіп сайды. Бұған «үш түстілердің» бұған дейін әр 14-18 жылда өз алаңында өтіп тұрған әлем не құрлық чемпионаттарында ешкімге есе жібермегені де бір тиек болды. Мамандар осы ретте 1984 жылы да, 1998 жылы да тап солай болғанын алға тартты. Бұл – бір. Екіншіден, екі құ­рама арасындағы ойындар статистикасы француздардың айқын басымдық көрсетіп келе жатқанын танытты. Командалар күні бүгінге дейін өзара 24 рет кездессе, соның 18-інде француздар, 5-уінде португалдар жеңіп, 1 ойын ғана бейбіт тарқасқан. Бұған қоса, соңғы 40 жылдан астам мерзімде ойналған 10 матчтың бәрі Па­риж нояндарының ұтысымен аяқ­талған. Дегенмен, осы турнирдің бас жағында аталған екі құрама да мамандар мен жанкүйерлер тарапынан қатты сынға алынған болатын. Айталық, матч соңында ғана әупірімдеп гол соғып, әрең же­ңіске жетіп жүрген Дидье Дешам шәкірттеріне ащы кекесін арнамаған адам аз шығар. Жұрттың бәрі жұл­дыздар шоғырынан құралған Франция құрама жамағатының әлеуеті өте күшті екенін бірден бай­қады. Бірақ оны дамыту үшін де уақыт керек екен. Мұны біз «Ле Бланың» 1/8 финалда Ирландиядан басында ұтылып тұрып, ақырында жеңіс тізгінін тартып әкеткен кездесуі кезінде байқадық. Бұдан кейін ол 1/4 финалда Исландияны 5:2 етіп тізе бүктірсе, жартылай финалда Германияны 2:0 етіп қапы қалдырып, өзін чемпионаттың басты фавориті ретінде таныта түсті. Ал финалда Португалия анық аутсайдер саналды. Топтағы үш ойынын да теңге бітіріп, 1/8 финалда Хорватияны экстра-таймда (1:0), 1/4 финалда Польшаны матч­тан кейінгі пенальтимен (1:1, 5:3-п) ұтқан, тек жартылай финалда ғана Уэльсті негізгі уақытта жеңе алған (2:0) «Селесаоға» бұдан артығы жараспас та еді. Финалдық кездесуге осындай жүк­темемен келген құрамалар оны басы артық барлаусыз бірден шабуыл­мен бастады. Алғашқы минуттарда Нани мен Муссо Сиссоко ұрған доп­тар екі қақпаның үстерінен зымырап өте шықты. Ал 8-минутта португал­дар жанкүйерлерінің жүректері ұстап қала жаздады. Бұған Димитри Пайемен соқтығыста Криштиану Роналдудың жарақат алып қалуы әсер етті. «Реалдың» шабуылшысы дәрігерлердің көмегімен аздан кейін алаңға қайта оралғанымен, таймның ортасына қарай бәрібір оны тастап шығуға мәжбүр болды.  Бұл екі ортада Фернанду Сантуштың жігіттері гол жіберіп қоюға сәл қалды. Антуан Гризманн баспен ұрған доп «тоғыздыққа» тақаған тұста Руй Патрисиу керемет сейв жасап, қайтарып үлгерді. Португалия құрамасы капитансыз қалғаннан кейін бұрынғыдан бетер тас-түйін болып жинақтала түсіп, біраз уақытты шабуылдың өтінде өткізді. Рас, бұл кездері Уго Льорис бір рет те ойынға қосылған жоқ. Себебі, бірінші таймда португалдар дарбазаға туралап доп ұра қоймады. Ал үзілістен соң француздар қарқынды едәуір арттырып жіберді. Әуелі Поль Погба доп­ты қақпа маңдайшасы үстінен әуелетті. Сосын Гризманн ұрған допты Патрисиу қайтарды. Бірақ, тұтастай алғанда, «үш түстілердің» іс-қимылы Германиямен жартылай финалда ұшырасқан командаға аса көп ұқсамай жатты. Ақырында Дешамға бундестиммен ойында да көгертпеген Пайені алаңнан алып, орнына Кингсли Команды жі­беруге тура келді. Француздар содан кейін біртіндеп кездесу тізгінін өз қолдарына ұстай бастады. Солардың арасында Гризманн мен Оливье Жиру есеп ашудың қолайлы мүмкіндігін пайдалана алмады. Сосын бұлардың соңғысын Андре-Пьер Жиньяк алмастырды. Мұның артын ала Пор­тугалия қауіпті шабуылдармен жауап қайтарды. Оның барысында Нани мен Рикарду Куарежма қақпаға соққылар жасады. Таймның соңында француздар жорыққа шығып, Сиссоко гол соғып кете жаздаса, 92-минутта Жиньяк доп­ты бағанға бағыттады. Ойынның қосымша уақытында да Франция допқа көбірек иелік етіп, қарсы қақпаны торуылдауды күшейтті. Бірақ Португалияның қарсы шолғыны олардан да қауіптірек бола түсті. Алдымен Эдердің соққысын Льорис үлкен қиындықпен қайтарды. Сосын Рафаэл Геррейру айып до­бын маңдайшаға тарс еткізді. Ақырында Лоран Косельнимен таласта допқа бұрын иелік еткен Эдер айып ала­ңы­ның сыртынан гол салып кетті. Фран­цуз­дарда осыдан соң да есепті теңестіру үшін 10 минуттан артық уақыт болды. Алайда, Эдердің голы қатты есеңгіретіп кетсе керек, содан кейін олардың тарапынан жүйелі бір ойын бола қойған жоқ. Алаң иелері тек бір рет қана қауіпті шабуыл жасай алды. Мұның есесіне, Лиссабон жұлдыздары тағы да бірнеше қауырт қарсы жорықтар ұйымдастырды. Ал бас төреші Марк Клаттенбург (Англия) берген ең соңғы ысқырық Португалияның тарихта тұңғыш рет Еуропа чемпионы болғанын мағлұм етті. Бұл елдің футболшылары алғашқы кезекте 1966 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында өзінің атын жаһанға танытты. Сол мундиалда Эйсебио бастаған португалдар құрамасы үшінші орын үшін таласта Кеңес Одағының бас командасын 2:1 етіп ұтып, бірінші және соңғы сапар әлем біріншілігінің қола медалін жеңіп алған. Команданың халықаралық аренадағы бұдан кейінгі үлкен табысы 2004 жылы өз елінде ойналған құрлық чемпионатында келді. Сол доп-додада финалдық кездесуге дейін жеткен Луис Филипе Сколаридің шәкірттері Грекиядан 1:2 болып жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты. Міне, арада 12 жыл өткенде португалдар өз бастарынан кешкен сол жағдайды француздарға да теліп беріп отыр. Осылайша турнир барысында негізгі уақытта бір-ақ рет жеңіске жеткен команда чемпион атанды. Финалдық ойын барысында жан­күйерлер «Рахмет, Мишель Пла­тини!» деген транспорант алып шығыпты. Олардың мұнысы, шамасы, әлі де УЕФА президенті болып табылатын оның осы доп додасын Францияда өткізіп бергеніне алғыс сезімдерін білдірулері шығар. Әйткенмен, Платиниге шын мәнінде француздар емес, португалдар алғыс айтулары керек. Егер оның кәрі құрлық чемпионатына қатысушылар құрамын бұрынғы 16-дан 24-ке дейін жеткізген  реформасы болмағанда, Португалияның тіпті топтан шығуы да мүмкін емес еді. Ал финалдық ойында жұрттың бәрі асыға күткен Роналду мен Гризманн арасындағы жекпе-жек жүзеге аспай қалды. Соған қарамастан, чемпионатта 6 гол соғып үлгерген Антуан «Алтын бутса» жүлдесінің иегері атанып шыға келді. Қазір күллі футбол мамандары мен сарапшыларын Фернанду Сантуш бұл жеңіске қалай жетті, деген сұрақ көбірек толғандырып отыр. Біздің бұған айтарымыз, Португалия құрамасының бас бапкері турнир басталғаннан, командасы сол кезде қандай ойын көрсетіп жүргеніне қарамастан, басты мақсаттарының финалдық ойынға дейін жетіп, онда ұтып шығу екенін ұдайы айтумен болды. Демек, мақсатына табанды адам сол межесіне талмай жеткен болып шықты. Мамандар сондай-ақ, бұл матчта португалдарды жеңіске жеткізген бес түрлі себеп болғанын айтады. Солардың біріншісі команданың Криштиану Роналдусыз ойнауы екен. Кездесудегі ең түйінді сәт Эдердің гол соғуы емес, құрама лидерінің ойыннан шығып қалуы көрінеді. Ол кеткеннен кейін орнына шыққан Куарежма сенімді толық ақтай алмаса да, команда тұтастай жинақы ойнады. Қарсыластар енді нақты кімді «ұстайтындарын» біл­мей абыржыды. Екінші себеп, пор­тугалдардың қорғаныс шебі француздар шабуылшыларының үнемі алдын орап кетіп, құр алақан қалдырып қойып тұрды. Үшіншіден, қақпашы Руй Патрисиу әр таймда кемінде үш реттен өз қақпасын анық голдан қорғап қалды. Ол плей-офф кезеңіне келгелі қақпасын 298 минут аман сақтады. Төртіншіден, португалдар өздерін қосымша уақыттың корольдері ретінде жақсы танытты. Турнирде барлығы мұндай 5 ой­ын ойналса, соның 2-інде ғана гол соғылды, сол екеу де осы команданың еншісіне жазылды. Бесінші себеп, бұрын ресми матчтарда гол соғып көрмеген Эдердің алаңға дер кезінде шығарылуы. Португалдың жаңа жас жұлдызы Ренату Саншештің орнын негізгі уақыт бітуге 11 минут қалғанда басқан ол ойынға қосылса, қалайда гол соғатынын айтып жүрген екен. Сол айтқаны келді. Не дегенде де, жұрт күтпеген нәти­же орын алды. Бірақ бұл чемпионат деңгейін әсте түсіре алмақ емес. Доп додасы кейде осындай сенсациялық оқиғаларымен де қызықты болып көрінеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»