12 Шілде, 2016

Орыс театрының олжасы

431 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Еркин КАСЕНОВМ.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.Брянцев атындағы жас көрермендер театры ұйымдастыруымен өткен 17-ші Халықаралық театр фестивалінен үлкен олжамен оралған болатын. Осы оқиғаға және театрдың 115-ші маусымының жабылуына орай астаналық орыс драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін ҚАСЕНОВ өз ойларымен бөліскен болатын. – Еркін Тілеуғазыұлы, халықаралық «Радуга» фестивалінің ерекшелігі неде? – Мұнда жас көрермендерді тартуға айрықша көңіл бөлінеді. «Радуга» бәйгесі биыл Шығысқа бет бұруымен ерек­шеленді. Альметьевск, Теһран, Тбилиси қалаларынан танымал өнер ұжымдары бәйгеге түсті. Бізге осылардың тасасында қалып қоймау міндеті жүктелді. Ас­тана қалалық М.Горький атын­дағы мем­лекеттік академиялық орыс драма театры бұл додаға Анна Яблонскаяның «Языч­ники» («Пұтқа табынушылар») пьесасы негізінде литвалық режиссер Йонас Вайткус сахналаған тың туындымен қатыс­ты. Олай болатыны, спектакль – ТМД аумағына кеңінен танымал әрі көтеріп отырған тақырыбының маңыздылығына қарай сарапшылар тарапынан өте жоғары бағаға ие. – Соңғы уақытта шетелден театр маман­дары жиі шақырылуда. Мұның себебі неде? – Литвалық белгілі театр және кино режиссері Йонас Вайткус шығарма­шы­лы­ғының сыры – қатысушылар іс-әрекетке, декорацияға тым тәуелді емес. Спектакльде әртістер қозғалмайды, тіпті, көздерін жұмып отырып, көрерменді өз толқынымен үйіріп әкетеді. Й.Вайткус шеберлігін сол үшін де аяқ басқан сайын тұмсығың театрға тірелетін Мәскеу мен Санкт-Петербург жұртшылығы сұмдық құрметтейді. Қараңғылықтан жарық ту­дыруға бола ма? Ойлаңызшы. Жұртқа бәрі алақандағыдай айқын, шайнап, тек жұтуға дайын дүниенің өз басым табынушысы емеспін. Екінші жағынан, театр­дан адам өміріне азықсыз, бос қайтпауы керек. Осы жағынан режиссердің уақыт талабына жауап бере алатындығына, өз кәсібіне адалдығына шүбәм жоқ. Әр­тістердің киімдеріне дейін қара түсті. Жарық тек беттеріне ғана түсіп тұрады. Неге олай шешім қабылдаған? Мұнымен не айтпақшы? Осы әрекеттердің астарында не сыр бар? Мұндағы ойлар театрдың ішінде қалып қоймайды, көрерменмен ілесіп, үйіне кіреді. Отбасына ой салады. Осы ретте сахнаға жаңалық алып келуге ұмтылыс жасаған режиссерлік шеберлікке қатты қызықтым...Тікелей сұрағыңызға қатысты айтатын болсақ, бұл үлгіні біз ойлап тапқан жоқпыз. Әлем театрларындағы жағдай солай. Ай – ортақ, күн – ортақ, өнер – ортақ. – Оның үстіне, сахна өнерінде мұндай дәстүрлер баяғыдан бар емес пе? – Әуелі 2011 жылы Мәскеуге «Кино өнері» журналының әдеби сыйлығын алуға келе жатқанда Домодедовадағы ұшақ­тың жарылысы кезінде лаңкестік салдарынан, бар-болғаны 27 жасында қаза тапқан Украинаның драматург қызы Анна Яблонская кім, және біз оның шығармасын не үшін таңдадық дегенге тоқталып өтейін. Осынша қысқа мерзімде қаршадай қыздың қаншама драматургиялық байқауда топ жарып үлгер­геніне қайран қалмасқа амалың жоқ. Ол «Любимовка», «Еуразия», «Свободный театр», «Премьера» бәйгелеріне қатысып, лауреат атанған. Жас қаламгердің туындысы Мәскеу, Вильнюс, Санкт-Петербург, Одесса, Глазов және басқа да қалаларда сахналанған. Сарапшылар: «Ол – қазіргі әйел драматургтердің арасынан шыққан ешкімге дес бермес, майыспас мығым бұтақ» деп баға берді. А.Яблонскаяның шығармасы бүгінгі күннің шындығы мен отбасы құндылықтарын айна-қатесіз дәл суреттеуімен жан баурайды. Бәрімізге ұғынықты тілмен баяндалатын пьесаның аяқ жағы кісіге қатты әсер етеді. Әр адамға өмір туралы ой салады. Аласұрып ақиқат іздеген жанның жанайқайы шым-шытырық оқиғамен өрілгенде жаныңыз түршігеді. Әр пенде мына жарық дүниедегі атқарған ісі үшін ар соты алдында жауап береді. Өмірге келу – сынақ. Бүкіл жер бетіндегі тір­шілік мұңы мен ойланарлық жайт біреу ғана. Қайткенде адам адам болып қалады? Қазір мейірім мен қайырымдылық, адалдық пен әділдік әлсіреп, замана келбетін тозаң басып тұр. Адамдардың арасындағы бір-біріне деген сенімге селкеу түскелі қашан? Сенім жоғалса, сергелдең жорғалайды. «Язычниктің» бізге келіп қалуының себебі содан. Халықаралық «Радуга» фестиваліне қатысқан 14 мемлекеттің ішінде екі спек­такльдің айрықша аталуы, соның бірі осы А.Яблонскаяның «Язычнигіне» мән берілуі кездейсоқ емес және біздің еңбе­гіміз жанды. (Екіншісі – Теһранның «Мак­бет» спектаклі). Шығармада автор бір отбасының басындағы жағдай арқылы ортақ күйзелісті, ортақ өкінішті баяндайды. – Ал Й.Вайткустың мұнда алғаш рет келуі ме? –Йонас Вайткус Литвадағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Литва Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, «Золотое руно» (Тбилиси қаласы), «Әулие Христофор» сыйлықтарының иегері. Біздің таныстығымыз Санкт-Петербург фестивалінде, осыдан көп жылдар бұрын басталды. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында Й.Вайткус сахналаған «Қорқыттың көрі» спектаклі кезінде Татарстаннан жүл­демен оралғанын жақсы білеміз. Мен танымал режиссерге осы спектакльді әуелі өз театрымызда қоюға қолқа салған болатынмын. Бірақ ол: «Еркін, мен сенің театрыңа сыймаймын. Маған кеңістік керек. Ал Горький театрының іші тар, оның үстіне әртістерің де жетпейді» деген соң, шетелдік қонақтың еңбегіне обал болмасын деген мақсатпен М.Әуезов театрына қойдыртуға себепкер болған адаммын. Бұл осыдан екі жыл бұрынғы әңгіме. Жалпы, соңғы уақытта Ресейдегі мүйізі қарағайдай театрлардың қай-қайсысын алсаңыз да, әсіресе, Балтық жағалауы елдерінің режиссерлері көп. Саны жағынан ғана емес, оларға сұраныс басым. Йонис Вайткус досымыздың Қазақстанға сүйіспеншілігі алабөтен. «Язычники» спектаклінің өте сәтті шығуы, меніңше, оның осы жерге сондай ағеділ көңілінен болса керек. Мұнымен үш фестивальге қатыстық. Ең бірінші былтыр Астана күні құрметіне ұйымдастырылған «Сахнадан сәлем!» халықаралық фестивалінде өте жоғары бағаға ие болдық. Мұнан соң Алматыда өткен мемлекеттік емес театрлардың «От­кровение» фестиваліне бардық. Бәсеке «Арт и Шок» театры негізінде ұйым­дастырылды. Үшіншіден, 17-ші рет тігілген бәйгеде жүлдеге қол жеткізу оңай олжа деп кім айтады? Жыл сайын мемлекеттің қаржысымен өткізілетін бұл додаға Польша, Болгария, Грузия, Израиль, т.б. көп­теген елдерден дүлдүлдер қатысты. Соған қарамастан Ресейдің үш-ақ театры ғана өнер көрсетті. – Ұлттық театрлардың соңғы уа­қытта төл драматургияға көңіл бөліп келе жатқаны қуантады. Қазақ қалам­гер­лерінен кімдер сахналанды? – Алматыда өнер адамдарына алаңдайтын ештеңе жоқ. Өйткені, көрер­мені түгел. Ал елордаға бұл ретте көп тер төгуге тура келеді. Және де ол жұмыс қазір тиянақты атқарылуда. Біз көрерменімізді жаңадан қалыптастырып жатқан театр­мыз. Өйткені, мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар қоныстануда. Биыл 115 жылдық мерейтойы атап өтілетін театр ұжымының соңғы он жылғы жұмыстарына келсек, репертуарымыздан қазақ драматургтерінің алатын орны бөлек. Оралхан Бөкейдің «Атаукересі» Дағыстандағы, Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарысы» Венгриядағы, Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» Уфада өткен фестивальдерден жүл­демен оралса, ал Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне Болат Жандарбековтің романы желісінде сахналанған «Томирис – сақ патшайымы» спектаклін Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына апармақпыз... Бұл спектакль театр саласындағы шоқтығы биік үлкен шығарманың бірі болып табылады. Премьераны Мемлекеттік хатшының өзі келіп тамашалады. Сонымен қатар, біздің тұрақты көрермендеріміздің арасында дипломатиялық корпустың өкілдері бар, атап айтсақ, Ресейдің, Беларусьтің, Украинаның, Болгарияның, Еуроодақтың елшілері бірде-бір қойылымды бос жібермейді. Спектакльдің нәтижесі бойынша Роман Чехонадский Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді, Томиристі ойнаған Анастасия Воронцова Президент сыйлығымен марапатталды. Дулат Исабековтің «Бақыт құсы» шы­ғармасы негізінде министрлік тарапынан ұйымдастырылған ауқымды жобаға қатыстық. Мұнда еліміздегі бірнеше этнос өкілдерінің өзара ынтымақ-бірлігі, жергілікті ұлт өкілдері шаңырағындағы шаттық жыры насихатталады. Сондай-ақ, «Құрт» қойылымы көп адамның көзіне жас алдырды. Идеясы адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағатына, адамгершілік пен қайырымдылыққа негізделген туынды өмірде бар адамның тағдырынан алынған. АЛЖИР тұтқыны – неміс әйелінің поэ­масы негізінде дүниеге келген сахналық құндылықтың сюжеті мынадай: саяси қуғын-сүргін құрбандарының әйелдері күндіз-түні ақ қар, көк мұзға қарамастан қамыс кесумен айналысады. Аш-жалаңаш қамыс оруға шыққан бейбақтарға бұл аз болғандай жергілікті жердің адамдары жан-жақтан «тас» лақтырып маза бермейді. Жылап-сықтаған сорлылар: «Мына ауылдың адамдарының алдында біздің не жазығымыз бар еді? Неге бұлар бізді соншама жек көреді?» деп жазықсыз пенделерге көрсеткен тұрғындардың «қа­тыгездігіне» қорланады. Сондай сәтте әлгі неміс әйелдің басына бір «тас» келіп тиеді. Құлап жатқанда кенет тас түйіршіктен әлсін-әлсін сүттің иісі сезіледі. Жалап көрсе, кәдімгі ірімшік дәмі. Дәмді. Сөйтсе, аштықтан қалжыраған ғаріп жандар тым болмаса құртты талғажау етсін деген тұрғындар солай істеуге мәжбүр болған екен. Осы оқиғаға орай автор поэма жазған, біз содан қойылым әзірледік. – Биылғы маусымның айшықтары туралы айтып берсеңіз. – Финнің белгілі драматургі Мики Мюллюахоның 2007 жылы жазылған шығар­масы желісімен режиссер Кен­жебай Дүйсенбаев сахналаған «Хаос» спектаклінің мазмұны адами қасиеттер туралы болғандықтан әлем театрларының оған барынша назар аударғаны байқалады. Өйткені, қазіргі таңда құнды қасиеттерді қозғау өте өзекті. Біреуге біреудің қарауға уақыты жетпей жатқан заманда кеудені кеу­леген мұң мен шерді білу маңызды. Неге десеңіз, жанымыздағы адамдарды көрмейтін көр соқырға айналып барамыз, тіршіліктің тіліне көңіл бөлінбейді. Мұндағы музыка мен әндер солардың түйінін түсінікті тілмен жеткізуге қызмет етеді. Сол сияқты «Пробуждение» спек­таклі театрымыз үшін айшықты тағы бір танымдық қойылымға жатады. Мұны Халықаралық «Сахнаға сәлем!» бәйгесіне текке қосқанымыз жоқ. Сонымен бірге, 115-ші маусым салтанатты жағдайда жа­былғанын атап өткім келеді. Оған басқа мемлекеттерден әріптестерімізді, айтулы өнер майталмандарын арнайы шақырдық. Армениядан, Грузиядан, Белоруссиядан, Украинадан, Ресейден, т.б. елдерден мәр­тебелі қонақтар Астанаға атбасын ті­реді. Мерейлі мерекемізді «Театр түні» жаңа бағдарламасымен атап өтудеміз. – Гастрольдік сапарларға жиі шығып тұрасыздар ма? – Биыл қыркүйекте Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері өтеді деп жос­парлануда. Осыған үлкен жоба әзірленуде. Бұл сапарға әкімдік бізді «Томирис – сақ патшайымы» спектаклімен қосып отыр. Мұны өнеріміздің шынайы бағасы, сонымен қатар, зор сенім деп есептеймін. Бұл қойылымды 21 қыркүйекте мәскеуліктер тамашаламақ. Содан кейін Белоруссия бізді Брест фестиваліне шақыруда. Оған Кен Людвигтің пьесасы негізінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов сахналаған «Примадонна» спектаклімен бармақпыз. «Хаос», «Примадонна», «Про­буждение» биылғы жылдың ең үздік туын­дыларына жатады. Қуануға әлі ертерек, бірақ орайы келгенде айта кету керек, Б. Пармановқа «Алпамысты» сахналауды ұсынып отырмыз. Бұйыртса, өзіміздің келесі 116-шы маусымымызды сонымен ашамыз ба деген үміттеміз. Бұған Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Рысқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Еуропаға кеңінен танымал сценограф-суретші Юлдаш Нұрматовты шақырып отырмыз. Сахнаны безендіруді, киім үлгілері мен дизайн жағын осы кісіге тапсырдық. Театрдың көркемдік кеңесінде бұл ұсынысты өткізуге көп тер төгілді. Алдағы уақытта бұған қоса ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Аманат» композициялық қойы­лы­мын әзірлемекпіз. Қоюшы-режиссері – Людмила Крючкова. Мұны орыс тілді қазақ авторлары – Олжас Сүлейменов, Бақытжан Қанапиянов сияқты қалам­гер­лер шығармаларының желісімен дайын­дамақпыз. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА