Мексиканың ежелгі қаласынан табылды
Мексиканың ежелгі Теотиуакан қаласының маңынан қазба жұмыстары кезінде тістері минералды тастармен әшекейленген ақсүйек әйел адамның бассүйегі табылды. Ғалымдар осыдан барып сол кезеңде өмір сүрген халықтың тіс протездеуді жақсы білгенін мәлімдеді. Зерттеу жұмыстары кезінде алдыңғы екі тісіне дөңгелек формадағы пирит тастары орнатылғаны анықталған. Ал оның құрамында темір өте көп.
Болжамға сәйкес, ақсүйек әйелді осыдан 1600 жыл бұрын 35-40 жас шамасында жерлеген. Ол сол тұстағы қоғамның жоғарғы топтарының мүшесі болған. Қазба жұмыстары кезінде оның қабірінен тағы бірнеше ыдыс-аяқ табылды. Мамандардың пікірінше, ол Теотиуакан қаласының жергілікті тұрғыны емес, өзге аймақтан көшіп келіпті.
Сол сияқты, арнайы механикалық күштің көмегімен бассүйегінің формасы өзгертілгені де белгілі болды. Мұндай үрдісті мәйіт иесі жерленген орталық аймақтың халқы емес, көбіне оңтүстіктің тұрғындары жүзеге асырып отырған. Ежелгі адамдар бұл формадағы адамдар өте сұлу әрі табынушыларына өзгелерден жақынырақ болады деп есептеген екен.
Айта кетейік, Теотиуакан өз заманында әлемдегі ең ірі қалалардың бірі болған. Кейбір деректерде халқы 200 мыңнан асқан деген мәліметтер бар. Біздің дәуіріміздің VII ғасырында қала тұрғындары белгісіз себептермен бұл аймақтан көшіп кеткен екен.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»