Жалпы ережелер
Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, әсем әндерімен тыңдарман жұртына шуақ берген ұлы әнші Ә.Қашаубаевтың шығармашылығы ұлттық музыка өнеріндегі қайталанбас дара құбылыс. Осы киелі мұраны кеңінен, тереңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі орындаушылардың VIII конкурсын (әрі қарай - конкурс) өткізеді.
Конкурс 2011 жылдың 20 - 22 сәуірі аралығында Астана қаласында өткізіледі. Конкурсқа Қазақстан Республикасында және алыс-жақын шет елдерде тұратын 16 мен 35 жас аралығындағы халық және қазіргі заманғы композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын кәсіби өнерпаздар қатыса алады. Осының алдындағы өткен конкурстардың жүлделі орындарына ие болған жеңімпаздар аталмыш конкурсқа қатыса алмайды.
Конкурстың мақсаттары мен міндеттері
Конкурстың мақсаттары мен міндеттері: ұлы әнші Ә.Қашаубаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу; дарынды адамдардың кәсіби шеберлігін жетілдіру; ұлттық ән өнерінің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту және насихаттау; халықтың мәдени демалысы мен эстетикалық тәрбиесін, рухани және мәдени құндылықтармен алмасуды ұйымдастыру; мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; өнердің шығармашылық жетістіктерін анықтау және талантты, өзіндік ерекшелігі бар орындаушыларды қолдау; мәдени мұраны насихаттау және олардың дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету; жастардың эстетикалық және ұлтжандылық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тартылуына ықпал ету.
Конкурсты өткізудің тәртібі және шарттары
Үш кезеңнен тұратын конкурс көрермен алдында өтеді. Конкурсқа қатысушылар әр кезеңде төрт шығарманы жатқа орындайды. Ол алдын-ала көрсеткен шығармалар тізімін өзгерте алмайды.
Конкурс лауреаттары қорытынды Гала-концертте ақысыз өнер көрсетеді.
Конкурс жеңімпаздарына төмендегідей жүлделер тағайындалады:
Әміре Қашаубаев атындағы бас жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық); бірінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық); екінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық); үшінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық).
Конкурсқа қатысу үшін облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәдениет басқармалары, концерттік ұйымдардың дирекциясы мен көркемдік кеңесінің, шығармашылық оқу орындарының ұсыныстары болуы қажет.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өтініш береді. Өтінішке төмендегі құжаттар қоса ұсынылады: тууы туралы немесе жеке куәлік көшірмесі; өмірбаяны, ұстазының аты-жөні; музыкалық білімі туралы құжаттың көшірмесі; оқитын (оқушылар мен студенттер үшін), жұмыс істейтін жерінен анықтама; 13х18 көлемдегі түрлі-түсті екі фотосурет (электронды нұсқасын қоса берген жөн); әр кезеңде орындалатын шығармалар тізімі; тиісті мекеменің ұсынысы.
Тапсырылған құжаттар қайтарылуға жатпайды.
Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуына 25 күн қалғанға дейін мына мекен-жайда қабылданады: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Абай даңғылы, 18 үй, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы, 8 (7172) 39 01 40, 39 04 78, 39 05 14 (факс).
Конкурсқа қатысушылар ұйымдастыру комитетінің сараптауынан соң конкурсқа шақырылатын болады. Конкурсқа қатысушылардың қатысушылар тізіміне кіргені туралы ресми хабар қажетті құжаттар толығымен тапсырылғаннан соң сайысқа 10 күн қалғанға дейін хабарланады.
Конкурсқа қатысушының барып-қайту жол шығындарын жолдама берген, ал олардың жатын орны мен тамақтануын конкурсты өткізетін жақ көтереді. Конкурсқа қатысушыға қоса ере келген адамдардың барлық шығындары өз тараптарынан өтеледі.
Келесі кезеңге өтпеген конкурсқа қатысушылар немесе конкурсқа қатысудан бас тартқандар конкурстың аяғына дейін көрермен ретінде қалуға ниет білдірген жағдайда өз қаражаты есебінен күнелтеді.
Конкурстың қатысушыларына мынадай шарттар қойылады:
І кезең:
Ә.Қашаубаевтың орындауындағы ән (сайыскердің таңдауы бойынша
14-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Халық әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Батыс немесе Алтай-Тарбағатай әндері.
ІІ кезең:
Ә.Қашаубаевтың орындауындағы ән (сайыскердің таңдауы бойынша
14-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Сыр немесе Қазығұрт өңіріндегі әуендер;
Қазақстан композиторларының әні.
ІІІ кезең:
Ә.Қашаубаевтың репертуарынан міндетті түрдегі ән: «Ағаш аяқ» - жігіттерге, «Ардақ» - қыздарға; Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша); Халық әні (сайыскердің таңдауы бойынша); Арқа немесе Жетісу дәстүріндегі ән.
Әміре Қашаубаевтың орындауындағы әндер тізімі:
«Қос барабан», «Топайкөк», «Баянауыл», «Шіркін-ай», «Сырғақты», «Көкаршын», «Қызыл бидай», «Екі жирен», «Қорлан», «Ақ сиса», «Сарымойын», «Қарғам-ау», «Хаулау», «Үш дос», «Балқадиша», «Гауһар қыз», «Дудар-ай», «Келіншек», «Ақ қайың», «Бес қарагер», «Смет», «Қанапия».
Ұйымдастыру комитеті
Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті конкурсты өткізу бойынша ұйымдастыру комитетінің құрамын бекітеді.
Ұйымдастыру комитеті мемлекеттік органдар мен конкурсты өткізуге қатысушы мәдениет ұйымдары өкілдерінен құралады. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері өз функцияларын қоғамдық бастамамен жүзеге асырады.
Ұйымдастыру комитеті конкурсты дайындау және өткізу бойынша басшылықты жүзеге асырады.
Ұйымдастыру комитеті конкурс қатысушыларына қосымша сыйақы төлеусіз конкурстың тыңдаулары мен қорытынды концерттерін радио және теледидар арқылы тарату, дыбыс және бейнетаспаға жазу және оны одан әрі тарату құқығына ие. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитеті басқа тараптармен конкурстың аталған материалдарын жүзеге асыру жөніндегі келісім-шартқа отыру құқығына ие.
Ұйымдастыру комитеті іс-шараның ақпараттық-жарнамалық қолдау түрлерін айқындайды.
Ұйымдастыру комитеті конкурсты дайындау және өткізу барысында туындайтын өзге де ұйымдастыру мәселелерін шешеді.
Конкурстың қазылар алқасы
Конкурс қатысушыларының өнерін бағалау, сондай-ақ, қорытынды шығару үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы мемлекеттік органдардың өкілдерінен, мәдениет және өнердің көрнекті қайраткерлерінен құралады және Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитетімен бекітіледі.
Қазылар алқасының саны, төрағаны қосқанда, тақ сан болуы тиіс.
Қазылар алқасының шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды, хаттамамен ресімделеді және барлық қазылар алқасының мүшелері қол қояды.
Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Қазылар алқасы белгіленген жүлделі орындарды бермеуге немесе үміткерлер арасында бөлуге (бас жүлдені қоспағанда) құқылы.
Қазылар алқасы қазылар алқасының барлық мүшелері келіскен жағдайда бағдарламаны қысқарту және/немесе шығармаларды орындауды тоқтату туралы шешімді қабылдауға құқылы.
Қазылар алқасы бағаларының критерийлері: орындаушылық шеберлігі (орындаушының дербестігі); сапалық деңгейі; сахна мәдениеті; орындалатын шығармалардың конкурстың шарттарына сәйкестігі.
Конкурсты қаржыландыру
Конкурсты дайындау мен өткізуді қаржыландыру республикалық бюджетпен көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Конкурсты өткізуге көзделген ақшалай қаражат ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша бекітілген сметалық шығыстармен қатаң сәйкестікте жұмсалады.
Конкурсты дайындау мен өткізу үшін демеушілердің және басқа да қосымша қаражат көздері жұмылдырылуы мүмкін.
Демеушілер конкурстың қатысушыларына заңда белгіленген тәртіппен өзінің ынталандыру сыйлықтары мен сыйақыларын тағайындай алады.
Қорытынды ереже
Осы қағидамен реттелмеген барлық мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.