Азия ойындарында қазақстандықтардың жеңіп алған 70 медалінің тең жартысы кенді Алтай шеберлерінің үлесіне тиесілі. Алматы мен Астанада өткен Ақ Азиадаға Шығыс Қазақстан облысынан 47 спортшы аттанған еді. Оның ішінде: шаңғы жарысынан 6, тау шаңғысынан 1, биатлоннан 4, фристайл бойынша 4, қысқы спорттық бағдарлаудан 3, қыздар арасындағы шайбалы хоккейден 5, допты хоккейден 1 адам қатысты. Хоккейден Қазақстан құрамасының сапында жүрген жігіттеріміз тағы бар. Жерлестеріміз намысты жанып, 15 алтын, 11 күміс, 7 қола барлығы 33 медалға ие болды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел намысын жоғары ұстап, айшықты бәсекелерде топ жарған саңлақтарға ел есінде қаларлықтай құрмет көрсетті. Чартерлік рейспен топ жарған спортшылармен бірге қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов, әнші Роза Рымбаева, ақын Ұлықбек Есдәулет бірге ұшып келді. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы 33 медальді қоржынға салған жерлестерімізді әуежайда қарсы алып, құттықтаған соң айшықты топ орталықтағы Республика алаңына бет алды. Бұл жерде 5 мыңға жуық өскемендіктер үкілеген үмітті ақтап, байрағымызды көкке көтерген саңлақтарды күтіп тұрған. Роза Рымбаева, Ерболат Құдайберген, басқа да әншілер сахна төрінде ән шырқады.
– Кенді Алтайдың спортшылары байрақты бәсекелерде үнемі топ жаратыны белгілі. Олимпиада чемпионы Борис Александров, мұхиттың арғы жағында өнер көрсетіп жүрген атақты хоккейшілеріміз ел мақтанышы. Азия ойындарында шаңғышы Алексей Полторанин 4 алтын, 1 қола медальді, Оксана Яцкая мен Елена Коломина әрқайсысы 2 алтын, 2 күміс, 1 қоланы жеңіп алса, фристайлдан Юлия Галышева 2 алтын, 1 күміс, Дмитрий Бармашов 1 алтын, 1 қола, Дмитрий Рейхерд 1 алтынды жеңіп алды. Сонымен бірге, биатлоннан Ольга Полторанина, Инна Можевитина, Ян Савицкий әрқайсысы бір-бірден алтын алқаны иеленді. Қысқы спорттық бағдарлау бойынша жерлестеріміз, алтын, күміс, қоласы бар 8 алқаны омырауларына тақты. Тау шаңғысы спортынан да 5 медалға ие болдық. Жерлестеріміздің бұл жеңісті жолдары енді 3 жылдан кейін Ресейдің Сочи қаласында өтетін Ақ Олимпия ойындарында жалғасса деген ниеттеміз, – деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін сахна төріне жеңімпаздар шақырылды. Өңір басшысы А.Полторанин, О.Яцкая, Е.Коломина, Ю.Галышеваға су жаңа шетел көліктеріне қоса қомақты қаржы ұсынды. Атап айтқанда, Алексейдің бір өзі 2 млн. 200 мың теңгенің сертификатын алды. Басқа спортшылар мен жеңімпаздардың бапкерлері де сыйақыға ие болды. Одан кейін түнгі Өскемен аспанында от шашу шалықтап, әсем әнге кезек берілді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.