19 Шілде, 2016

Клубтың кезекті отырысы

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
19 07 - club Жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Дүниежүзілік экономика және саясат институтында «Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ – жақындасу жолдары» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 17-ші отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының қоғамдық-саяси, іскерлік және сарапшы топтарының белгілі өкілдері қатысты.   Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов өзінің сөзінде Қазақстан мен Германия арасын­дағы сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастықтың негіз­гі аспектілерін, сондай-ақ, осы жылдың 31 мамырында Астана­да өткен Жоғары Еуразиялық эко­но­­микалық кеңестің мәжі­лісі барысында Мемлекет басшы­сы­ның үстіміздегі жылы ЕАЭО-ның үшінші мемлекеттермен және не­гізгі интеграциялық бір­лес­тік­тер­мен экономикалық қарым-қаты­настарды нығайту жолын­дағы Қазақстанның ЕАЭО-дағы төр­аға­лығының негізгі басым­ды­лық­тарын белгіледі. Баяндамашылар ретінде қазақ­­стандық тараптан А.Рау, С.Әкім­беков және Е.Бәкенов сөз алып, ЕАЭО мен ЕО арасында түрлі салалық бағыттар бойынша эко­но­микалық ынтымақтастықты ұл­ғай­тудың үдемелі мүмкіндіктері туралы баяндады және Қазақстан мен Германия арасындағы өзара әрекеттесудің жеке мысалдарының негізінде ГФР-дың экономикалық ұйымдарын және Германияның Еуроодақтағы жетекші рөлін инте­гра­циялық бірлестіктердің эконо­ми­калық мүдделерін жақындастыруға көмектесуге шақырды. Өз кезегінде сөз алған М.Хармс, Э.Кинсбрунер, Й.Хетч және У.Вокурка кездесуге қатысушыларды Қазақстандағы неміс экономикасы тарапынан екі­жақты сауда-экономикалық қа­рым-қатынастарының өзекті дамуы жөнінде хабарландырып, оларды ЕАЭО мен ЕО форма­тын­да кеңейтудің елеулі мүм­кін­­дік­­теріне назар аударды. Сондай-ақ Гер­мания экономикасының шығыс ко­ми­теті жыл сайын Берлинде ұйым­дастыратын Шығыс пен Батыс ара­сындағы экономикалық ынты­мақ­тас­тықты кеңейту және жандан­дыру үшін сенімді негіз болып отырған «East-Forum» халықаралық экономикалық форумын атап өтті. Тараптардың пікірлері бойынша, Қазақстан – интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы бола отырып, келешекте Лиссабон­нан Владивостокқа дейін еркін сауда аймағын құру мақсатында ЕАЭО мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және нығайтуда сенімді әрі тиімді байланыстырып тұратын буын болу үшін барлық қажетті алғышарттарға ие мемлекет. Астанада болу кезінде Михаэль Хармс бастаған Германия экономикасы шығыс комитетінің делегациясы Сыртқы істер министр­лігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, сон­дай-ақ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың, «Атамекен» ҰКП-ның және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басшы­ларымен де кездесті. Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы Президент Н.Назарбаевтың Еуразияшылдық бастамасы мен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру аясын­да Қазақстан мен Германия арасын­дағы қоғамдық-саяси мәселелерді кең ауқымды талқылау үшін пікір алмасу алаңы ретінде құрылған. Клуб Қазақстанның Еуропадағы осындай жобаларының алғашқы нұсқасы болып табылады және жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге, еуропалық және азиялық мәде­ниеттер арасындағы үнқатысуды нығайтуға бағытталған. Бүгінгі күнге дейін клубтың он алты отырысы өтті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА