19 Шілде, 2016

Copy-paste журналистика

367 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
copy&paste-2 Бүгінгі журналистиканың бағыт-бағдарына қарайсың да біртүрлі көңілің құлазып сала бе­реді. Айбаты арыстандай, бір қа­­рағанда жердің қуысын із­детіп жіберетін мысы бар баяғы Шерағаңдар жоқ. Оралханды шығыстан, Фаризаны батыстан, Шахановты оңтүстіктен арнайы алдыртып, қазақ руханиятына томағасын сыпырып салып жі­берген Шерхан Мұртазаның сол кездегі әрекеті қазір айтсаң ертегі сияқты. Талантты бағалау, бұлақтың көзін ашу дегеніңіз осы емес пе? Еңбек демалысына шығып, санаторийде демалып жат­­са да тілшісі жазған мақалаға тақырып қойып, өз кәсібіне өмі­рінің соңына дейін адалдық танытып кеткен Сейдахмет Бер­ді­құловтың редакторлығы туралы аңыз әңгімелер әлі де айтылады. «Шерханның шекпенінен», «Бердіқұловтың бешпентінен» шыққан шәкірттер осы күнгі жур­налистиканың негізгі тірегіне айналды. Дегенмен, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап «ұлттық партияның рөлін атқарған қазақ журналистикасы» қазір әбден әлсірегендей. Титықтап, айналасына мазақ болып, көрінгеннің түртпегіне ұшырайтын жағдайға жеткендей. Оған не себеп? Сайттарда сапа бар ма? Ілгеріректе бір ортада отырғанымызда: «Отан – оттан ыстық. Қызылорда одан да ыстық» дей салғанбыз. Осы бір ауыз сөздің елге кеңінен тарап кететінін біліппіз ба сол кезде? Десек те, Сыр өңіріндегі күннің райын дәл бейнелегендей екенбіз. Қарғаның миын қайнатар ыстықта көлеңке іздеп сабылып кететініміз бар. Дарияның суы да шай құйып ішуге жетеғабыл болады. Маңдайын күн, табанын құм қыздырған қызылордалықтар осындайда өзін бір сәт Араб Әмірліктерінде өмір сүріп жат­қандай сезінетіні жасырын емес. Шілде айы басталысымен Құдайдың күні қаһарына мінді. Соңғы бірер күнде қарқынын тіпті үдетті. Жерге жұмыртқа қуырып жеп алатындай жағдай болды-ау деймін. Осы ыстықты бейнелегісі, өзге жұртқа жеткізгісі келген ғой, Ал­мат Смайылов деген әлеуметтік желі қолданушысы еріп кеткен бағдаршамның суретін «Фейсбукке» салды. Бұл суреттің интернет әлемінде жүргеніне біраз болған негізі. Бірақ Қызыл­ордадағы аптап ыстықты көз алдыңызға әкелердей көрініс екенін мойындаймыз. Осының аяғы не болды деңіз. Сайттар жерден жеті қоян тапқандай: «Қызылордадағы аптап ыстықтан бағдаршам еріп кетті» деп ақпарат таратты ғой. Бас­тапқыда езуге күлкі келді. Әріп­тестеріміздің алаңғасарлығына жымидық та қойдық. Одан бұл ақпаратты екінші, үшінші сайт көшіріп баса бастады. Мұнымен қоймай жұрт WhatsApp арқылы бір-біріне таратты. Осы тұста ойланып қал­дық. «Мынаның рас болғаны ма?» деп. Сау адамның өзін жынды қылғандай тірлік болды. Ақпараттың тасқынынан бағ­даршам туралы жаңалықтың жалған екенін білетін біздің де көңілімізге күмән кірді. Сосын амал жоқ, облыстық ішкі істер басқармасына хабарласуға тура келді. Ондағылар да аң-таң болып отыр екен. Дер сәтінде ақпараттың рас-өтірігін айта алмады. Қызыл­ордада мұндай жағдайдың орын алмағанын білсе де, қаладағы барлық бағдаршамды тексеріп шықты ғой деймін, біраздан кейін барып хабарын берді. «Бұл жағдай Қызылордада тіркелмеген. Әрі-беріден соң қалада суреттегідей емес, бағдаршамның басқа түрі орна­тылған», деген дерек берді. Суретті же­лі­де жариялаған Алмат Смайылов та ақпараттың жылдам тарағанынан сескенсе керек, артынан түсініктеме берді. Ең бас­тысы, ол: «Қызылордада аптап ыстықтан бағдаршам еріп кетті», деп жазбаған. Жай ғана күннің ысып кеткенін жазып, суретті салған. Болды. Бір суреттің соңы осындай жағдайға ұласты. Жалпы, интернет сайттардың ақпараттың рас-өтірігін тексермей, мәселенің ақ-қарасын анықтамай, жағдайдың анық-қанығына жетпей қос танауы желбіреп, жаңалықты алаулатып-жалаулатып жариялай салуы бұл бір емес. Күнделікті бетпе-бет кездесеміз мұндай жағдаймен. Бұл нені білдіреді? Бірінші, біздің ақпараттық қауіпсіздігіміз өте осал деген сөз. Кім, нендей пиғыл­мен ақпарат ұсынса да талғамай жұтып жіберуге әзірміз. Қолдан жем жеген құс сияқтымыз. Лақтырғанды қағып ал­ғанымызға ғана мәзбіз. Бастысы, елді елең еткізетін, жұрт назарын өзіне аударатын жаңалық болса жеткілікті. Екінші, сайттардың басым бөлігінде сауаты төмен мамандар отыр. Олардың ақпаратты тексеруге не құлқы жоқ, не білімі жетпейді. Орфографиялық қате дегенді елемейтін болдық қазір. Адам аттары мен қызметі, жер-судың атаулары қатесімен жүре береді. Тақырыптарының өзі бірнеше сөйлемнен құралады. Қарапайым ғана журналистиканың қағидаттарын сақ­тамайды. Үшінші, барлығы өздігінен ізденуге ерінеді. Бір сайт жариялаған дүниені басқалары түгелдей көшіріп басады. Осы орайда мынаны да айта кетуіміз керек. Бүгінде бар­лық мемлекеттік мекемелер мен ірі компанияларда баспа­сөз қыз­меті жұмыс істейді. Кейде бізге журналистердің жұмысын осы баспасөз қызметі атқарып отырған сияқты кө­рінеді. Журналистерге жазылатын қалам­ақыны соларға беру керек шығар деген де ой келеді. Өйткені, сайттар мен газеттер баспасөз қызметі таратқан ақпаратты айна-қатесіз көшіріп алады да, жариялай салады. Тіпті, бар ғой, әлгілердің соншалықты адалдығының көрінісі шы­ғар, бас­пасөз парағындағы қате де сол күйі жүреді. Copy-paste журналистика деп отырғанымыз да осы. Бұрынырақта қолымыздан бір бала өндірістік тәжі­рибеден өткен еді. Тапсырма берсең, қара портфелінің тасасына тығылып, мұрны пысылдап бірдеңе жазып жатады. Бір күні қызығушылығымыз оянып, портфелін көтеріп қалмаймыз ба? Сөйтсек, арғы жағы толған газет қиындылары. Жа­рықтық, берілген тапсырмаға орай га­зеттерді ақтарып, оны қиып алып, керек жерін көшіре береді екен ғой. Бірақ дейміз да, оныкі еңбек қой. Көшірудің өзін ізденіп, еңбектеп жасайды. Ал мыналар тапа-тал түсте тонап жатқандай әрекет етеді. Осыдан кейін бізге «журик», «журналюга» десе, несіне ренжисің?! Шерағаңның шеберлігін көрмеген, Сей­дағаңның тәрбиесін алмаған, одан кейінгі журналистика корифейлерінің тәліміне сусынданбаған, жабайы өскен ағаш сияқты өз бетімен қалыптасқан, солайша бір сайт ашып алып өзін редактор сезінетін адамдар арамызда жүргенде мұн­дай таңбадан әзір құтыла алмаспыз. Блог деген не? Блогер кім? Технологияңыз көз ілеспес жыл­дам­дықпен дамып барады. Өркениеттің жалына жармасқан біз де сонымен бірге, дөңгеленіп кетіп бара жатырмыз. Қай жерден барып тоқтарымызды Құдай білсін?! Бірақ дүрмектен қалмау керек. Атыңа мініп, қараша үйіңді тігіп, жайлауда арқаны кеңге салып жүретін заман емес. Көз ілеспес жылдамдықпен жылжып бара жатқан көш азаматтық журналистиканы да дамытты. Бүгінге әркім қолындағы телефоны арқылы әлемнің қай түкпірінен болмасын ақпарат тарата алады. Бұл үрдіс бізге де мықтап енді. Соның арқасында блогер деген ұғым пайда болды. Көре алмағандықтан, күндеген я болмаса қызғаныштан айтып отырғаны­мыз жоқ. Бірақ осы күні жалпы жұрт та, билік өкілдері де журналистерден гөрі әлеуметтік желі қолданушыларының айт­қа­нына иланатын, солармен санасатын болған. Мойындайық, мойындамайық алдымызда тұрған ақиқат осы. Десек те, мұның дұрыс та, бұрыс та тұсы бар. Өйткені, желіге тіркелгеннің бәрін блогер санай беруге болмайды. Ең бірінші, біз блогер дегеннің кім екенін айыра алмай жүрміз. Қазір әлеу­меттік желіде белсенді адамның бәрін блогер санайды. Шындығында солай ма? Жоқ. Арнайы блок тұғырнамаларда өзінің парақшасы бар, жәй ғана парақша ашып қоймай оны үнемі жүргізіп отыратын, елге пайдалы ақпараттарымен бөлісетін адам ғана блогер делінеді. Ал Facebook, Twitter, Instagram секілді әлеуметтік желілердегі тіркелушілерді блогер деп айта алмаймыз. Дегенмен, «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, қазіргі күні желіге желімдей жабысып, барды-жоқты оңды-солды жаза беретіндерді де блогер санайды. Осының өзі қате түсінік. Жазудан хабары кем, жан-жақты сараптама жасауға шеберлігі жетпейтін, ақпараттың анық-қанығын анықтауға құзыреті жоқ адамдарды блогер санап, олардың айтқанына имандай ұйып отырудың өзі ақылға сыймайды. Журналистердің беделінің төмендеуіне осы жағдай да аз ықпал етіп жатқан жоқ. Әлеуметтік желіні қолданушы мен оқыған-тоқыған, мектептен өткен, кәсібінде әбден ысылған мамандарды қатар қойып, кейде олардан төмен санауының өзі адамның намысын келтіретінін жасырмаймыз. Сон­дықтан блогер мен әлеуметтік желі қол­да­ну­шысының арасын ажыратып алған дұрыс. Қазақстанда кәнігі блогерлер аз емес. Және олар журналистиканың қи­ын да қызықты кәсіп екенін түсінетін, қалам­герлер еңбегін бағалайтын, өздерін бәсе­келес емес, бірін-бірі толықтырушы санайтын адамдар. Copy-paste журналис­тиканың «майталмандарына» қарағанда, бұлар сауатты, ақпаратты беру тәсілі ерекше, елді еліте алатын жазбаларымен ерекшеленеді. Олардың қатарында Аршат Ораз, Ұлықбек Әлиакбарұлы, Мерей Ермұханов, Абылай Әділханов, Тимур Бектұр, Марфуға Шапиян секілді қыз-жігіттер бар. Бұлар белгілі бір та­қырыптарды індете зерттеп, сол туралы жан-жақты сараптама жасап, оқырманына ұсынады. Мысалы, Ұлықбек пен Марфуға дін мәселесін жазады. Аршат түрлі қы­зықты тақырыптарға қалам тартады. Абылай технологиялардың жетістіктерін сараптайды. Тимур IT тіршілік тура­сындағы соңғы ақпараттармен бөліседі. Оқырмандарын адастырмайтын, жал­ғандыққа ұрындырмайтын осындай жігіттердің еңбегі шын бағалануы керек. Құрметке де лайық. Қысқасы, осы тектес азаматтарды ғана блогер деп қабылдай аламыз. Ал монитордың бергі бетінде монтиып отырып, «ту неге қисайып тұр?», «автобус неге уақытымен жүрмейді?» деген секілді жазбалармен ерекшеленетін адамдарды елге үлгі етуге болмайды. Айтып-айтпай не керек, біз біртіндеп ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ жур­налистикасының мектебін жоғалтып жатырмыз. Ұрпақтар сабақтастығы деген ұғым үзілуге жақын. Кеше ғана қолына қалам ұстаған бала қазақтың қарасөзіне еңбегі сіңген азаматтарды менсінбейтін, шекесінен қарайтын жағдайға жетті. Аяғы салбырап аспаннан түсе салғандар журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген редакциядағы кәтепті қара нардай қаламгерлерден тәлім алғысы келмейді. Ал өздерінің тірлігі шала. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ауыр сөзді еске түсіреді... Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы