19 Шілде, 2016

Кадет корпусы

1099 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
3-57.-3JPG Оған оқуға түсу үшін үміткерлер қандай талаптарға сай болуы тиіс? Қазақстан Республикасы Қор­ғаныс министрлігінің Кадет корпусына іріктеу жалғасуда. Биылғы жылы оқу орны 280 кадетті оқуға қабылдауға дайын. Жыл сайын оқуға 1 500 жас қазақстандық құжаттарын тапсыратынын ескере отырып, ниет білдірушілерге бірқатар талаптарға сай болу үшін маңызды байқаудан өтуге тура келеді. Біріншіден, үміткерлердің жа­сы. Бұдан бұрын әскери борышын өткермеген  бозбалалар Кадет корпусына 17-21 жас аралығында оқуға түсе алады. Әскери қызмет өткерген немесе қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметтегі азамат­тардың оқуға түсу жасы 24 жасқа дейін, ал қазіргі кезде ҚР ҚК-де келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүргендердің жасы 25-ке дейін шектелді. Одан басқа, болашақ кадет­тердің денсаулығы мықты және үлгерімі 3,5-тен төмен емес орташа балы бар білімі туралы құжаты болуы тиіс. Бұл ретте ҰБТ сертификаты мен кешенді тестілеудің нәтижесі қажет емес. Нағыз кадет болмас бұрын боз­балаларға іріктеудің бірнеше кезеңдерінен өту қажет. Ең алдымен алдын ала медициналық куә­ландыру. Оны талапкерлер өтініш берген жері бойынша өтеді. Әрі қарай алдын ала кәсіп­тік-психологиялық іріктеу, дене даярлығын тексеру, соңғы медициналық куәландыру және кәсіптік-психологиялық іріктеу. Ал ең соңында конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау. Барлық осы кезеңдерді бозбалалар 20 шілдеден бастап тамыздың бірінші жартысына дейін Кадет корпусында өтеді. Бұл ретте қолданыстағы әс­кери қызметшілер, азаматтық бала­лар мен әскери мектеп түлек­терінің кезеңдерді өту мерзімі ерекшеленеді. Қорғаныс министрлігінің Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусы – бүгінгі таңда кіші командалық құрамдағы әскери кадрларды даяр­лауды жүзеге асыратын Қазақ­стандағы бірден-бір оқу орны.  Оқу орны мотоатқыш, танкті, әуе-десанттық әскерлер мамандықтары бойынша кадрларды даярлайды. Жалпы оқыту мерзімі 1 жыл 10 ай. Осы уақыт ішінде кадеттер әскери ғылымды теория жүзінде және ҚР ҚК әскери бөлімдерінде іс жүзінде меңгереді.  Оқу аяқталысымен барлық кадеттер Қарулы Күш­тердің әскери бөлімдеріне бөлі­неді. Әрқайсысымен 10 жылдық мерзімге келісімшарт жасалады. Биылғы жылы Кадет корпусы 185 кадетті түлетіп ұшырды. Білім ошағы құрылған сәттен бастап 20 жыл ішінде оқу орны әскерлерде қызмет атқарып жүрген 2 500-ден аса сержантты даярлап шығарды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»