19 Шілде, 2016

«Жібек жолы-2016» жарты жолға жетті

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
жибек жолы 8 шілдеде Мәскеуден аттанған «Жібек жолы» ралли-марафонына қатысушылар Қазақстан аумағын басып өтіп, Қытай жеріндегі 8-кезеңге жетті. Бас-ая­ғы 16 кезеңнен тұратын марафон  24 шіл­деде Бейжіңде мәреге жетуге тиіс. Жол талғамайтын көліктер арасында Қазақстан жерінде үздік нәтиже көрсеткен Сириль Депре әзір көш басын ешкімге берер емес. Ол өзінің басты қарсыласы Себастьен Лёбтен уақыт айырмашылығын 7 минутқа дейін жеткізді. Жерлесіміз Айдын Рақымбаевтың экипажы Депреден 20 минутқа қалып келеді. Жүк көліктерінің жарысында М.Ван ден Бринк экипажы екінші келе жатқан Козловский экипажынан 20 минутқа ұзап шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жібек жолы-2016» әлемдік ралли-марафондардың ішіндегі ең ұзағы. Аңызға айналған «Париж-Дакар» көпкүндігінің өзі 9 300 шақырым болса, «Жібек жолының» қашықтығы 10 700 шақырымға тең. Оған қоса, бұл көпкүндік өтетін жолдың бедері де спортшыларға бейтаныс екен­дігі жарысты одан сайын қиындатты һәм тартымдылығын да арттыра түсті. Бұған дейін Мәскеуден шыққан көліктер Уфаға соғып, одан соң Қостанай арқылы Астанаға атбасын тіреген-ді. Елордадан Балқашқа жетіп бір аялдап, Алматыға атбасын тірегеннен кейін Қытай жеріне өтті. Жақын күндері Гоби шөлін артта қалдыруға тиіс. «Жібек жолы-2016» ралли-марафонына әлемнің 40 елінің 92 жүк талғамайтын көлігі, 24 жүк көлігі қатысып жатыр. Олардың арасында қазақстандық 7 экипаж да бар. Бұған дейін «Давар» ралли-марафонында бірнеше мәрте топ жарған Себастьен Лёб, Стефан Петронсель, Сириль Депре сынды автоспорт әлемінің саңлақтары «Жібек жолында» да алғашқы орындарды ешкімге берер емес. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»