Орал өңірінде іске қосылды
Орал өңірінде электрод шығаратын зауыт іске қосылды. «БатысГазСтрой» ЖШС жанынан ашылған бұл зауыт дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың түрлі маркасын шығаруды бастап кетті. Шағын кәсіпорынның сынақ мерзімінен еш кедергісіз өткенін айтқан «БатысГазСтрой» ЖШС директоры Сапарғали Айтқалиев жиналғандарды электрод дайындайтын цех жұмысымен таныстырды.
«БатысГазСтрой» ЖШС газ және су өткізумен әрі жол және көпір құрылысымен айналысады. Жұмыс барысында мұнда үнемі жекелеген материалдардың жетіспеушілігі байқалып тұратын. Соның нәтижесінде дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың жетіспеушілігі айқын сезілетін еді. Өйткені, бұл материалдар көрші Ресей елінен келетін. Сондықтан отандық компания біреулерге үнемі тәуелді болудан бойларын аулақ салуды ұйғарды. Содан соң оларға «Осы электродтарды өзіміз дайындап көрсек қайтеді?» деген ой келді.
Сөйтіп, өткен жылдың желтоқсан айында осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Ресейдің кәсіби мамандарымен байланыс орнатылып, электрод зауытының жобасы әзірленді. Бұған Мәскеу қаласының «Роттекс» компаниясы көмектесті. 6-7 айдың ішінде жоба дайын болды. Бүгінде зауыт өзінің алғашқы өнімін бере бастады. Іске қосылғанына бір аптадай ғана болған зауыт бір ауысымда 2 тонна, тәулігіне 6 тонна электрод шығарады. Бір айта кететін жайт, электрод даярлайтын мұндай зауыт облысты былай қойғанда, бұрын-соңды елімізде болмаған. Демек, оның Қазақстанда әзірге ешқандай баламасы жоқ.
Электрод өндіретін құрылғылар Ресейден сатып алынған. Аталмыш өнімді дайындауға қажетті сымтемір мен оның сыртын қаптайтын күкіртті жабындылар да сол жақтан әкелінеді екен. Бірақ, мұның өзі де уақытша жағдай. Егер осы жоба сәтті жүзеге асып жатса, Қазақстан қойны-қонышы кең, қазынаға толы ел ғой, бұл шикізатқа сұраныс берушілер өз елімізден де табылары анық. Электрод шығаруға қажетті шикізат арнайы құрылғыда уатылып, уақ түйіршіктерге айналады, иленеді. Содан кейін оны электродтардың сыртын қаптауға пайдаланады. Цехта тастарды да қамырша илеп, ұнтаққа айналдырып жіберетін тағы бір қуатты құрылғы бар. Жұмысшылардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап үлгіретін көрінеді.
Әзірге цехта бір ауысымда оншақты адам жұмыс істейді. Кейін жұмыс көлемі ұлғайғасын, зауыт жұмысшылары екі немесе үш ауысымға көшірілмек. Әр ауысымда он адамнан болса, бұл цех толық қуатына көшкенде барлығы 30 шақты адам жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпорын электродтың 50-ден астам түрін шығаратын болады. Ал енді кәсіпорын өніміне сұраныс бар ма? Әзірге Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарының кәсіпорындарымен келісім жасалу үстінде. Нарықтық қарым-қатынас болғандықтан, базарларда Қытай мен Ресейден әкелінген электродтар, әрине, толып тұр. Бірақ, тұтынушылар қай өнімді де сапасына қарап бағалайды ғой.
Сондықтан, «БатысГазСтрой» ЖШС-да «Сапасы – сізден, бағасы – бізден» деген шарт қойылыпты. Егер зауыт өнімдері сапалы болса, әрине, тауарлар да өтімді болады. Барлық кәсіпорындар сияқты, аталған отандық компания да өз тауарларын жарнамалайды. Бұл үшін сауда нүктелері ашылып, кәсіпорын өнімдері сатуға шығарылмақ. Әзірше, электрод зауыты «БатысГазСтрой» ЖШС-нің жанынан жұмыс істейді. Бірақ, өндіріс орны аяғынан тік тұрғаннан кейін жеке кәсіпорын болып тіркелмек.
Бұл зауыттың бұрынғылардан бір айырмашылығы – таза кәсіпкердің өз қаражатына құрылғаны. Кәсіпкер бұл зауытты жасақтау үшін 100 миллион теңге қаражатын шығарған. Бұл жағдай қазақстандықтардың Елбасы саясатын терең түсінетінін көрсетеді. «БатысГазСтрой» ЖШС басқаратын Сапарғали Наурызұлы – шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген өңірдегі белгілі кәсіпкер. Іскер басшының бұл істе де оза шауып, үлкен жетістікке жететініне сенім мол.
Айша ӨТЕБӘЛІ, журналист
Батыс Қазақстан облысы