20 Шілде, 2016

Ел экономикасында ілгерілеу бар

254 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
20-07 ukimet Кеше өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы 1 минут үнсіздікпен басталды. Осылайша, Үкімет мүшелері Алматыда 18 шілде күні болған қайғылы оқиға құрбандарын еске алды. Үкімет басшысы қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына ел Үкіметінің атынан көңіл айтты. Сонымен қатар, Үкімет отырысында биылғы жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Қауіпсіздік қатаң қадағалануы қажет Отырыс барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа, Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбекке, Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­нистрі Тамара Дүйсеноваға бей­біт ха­лық­тың қауіпсіздігін кү­шейту, қайғылы оқиға кезінде зар­дап шеккен адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау мәсе­лелеріне қатысты бірқатар нақты тап­сырмалар берді. «Біздің полицейлеріміз бен арнайы қызметтің кәсібилігін ерекше атап өткім келеді. Лаңкестік әрекет­терге ерлікпен, сауатты тойтарыс берілді. Қазір жағдай бақылауда, азаматтарымыздың өміріне еш­қан­дай қауіп төніп тұрмағанын тағы да атап өткім келеді», деген Премьер-Министр тиісті тұлғаларға сәйкесінше тапсырмалар жүктеді. Оларға тоқталар болсақ, біріншіден, Ішкі істер министріне азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауды, сондай-ақ, елдің барлық өңірлерінде қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді міндеттеді. Екіншіден, Ішкі істер министрі мен Алматы қаласының әкіміне қаза тапқандардың отбасына көмектесуді тапсырды. Үшіншіден, Алматы әкімдігі мен Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министріне  зардап шек­кен­дер мен жараланғандарға тиісті медициналық және басқа да кө­мек­тер жасалуы керектігін ескертті. Төртіншіден, Алматы әкім­дігіне тиісті өкілетті органдар­мен бірлесіп, қалада өзекті әлеу­меттік мәселелерді шешу жөнінде қосымша нақты шаралар кешенін әзірлеу жүктелді. Бұл орайда, жұмыспен қамту, жастар ісі, дін мәселесі, шағын және орта бизнес, көші-қон саясаты сынды  жайттарға баса көңіл бөлінуге тиіс. «Қазір баршамыз бірлігіміз­ді бекемдеп, лаңкестікке қарсы тұру үшін және тәуелсіздігіміздің жемісін баянды ету үшін Елбасының айналасына топтасуымыз керек. Біз – бейбітшілікті қалайтын елміз. Мұндай террорлық әрекеттер бізге жат, оған жол бермеуіміз керек. Сондықтан да Елбасымызбен бірге береке-бірлігімізді сақтайық», деді Үкімет басшысы. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек атап өткен­дей, қазір қалада жағдай қалып­қа түскен. Елбасының төр­аға­лығымен өткен Қауіпсіздік кеңесі­нің отырысынан кейін террор­лық қауіптіліктің «қызыл дең­гейі» алынып тасталған. «SMS хабар­лан­дырулар және басқа да құрал­дар арқылы халықты террор­лық қауіптіліктің «сары деңгейі» туралы құлақтандырдық. Барлық дүкендер, қоғамдық орындар штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Күзет күшейтілді. Жағдай қалыпқа түсті», деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек. Ішкі істер министрі Қалмұхан­бет Қасымов заңнамаларға экст­ремистік және лаңкестік мақсатта шетелге аттанған азаматтарды Қазақ­стан азаматтығынан айыру­ды және олардың елге қайта оралуына жол бермеуді қарас­ты­ра­­тын өзгерістер енгізу қарас­ты­ры­лып жатқанын жеткізді. Соны­мен қатар, жыл соңына дейін Пар­ламентке   дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге қатысты жаңа заң жобасы ұсынылуы мүмкін. Жарты жылдағы жетістіктер қандай? Жиын барысында Үкімет бас­шы­сына биылғы жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындысы туралы баяндалды. Ұлттық эконо­мика министрі Қуандық Бишімбаев атап өткендей, Үкімет пен Ұлттық банктің дер уақытында қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларының арқасында ел экономикасы ал­ғаш­қы жартыжылдықта оң нәтиже­лерге қол жеткізіп отыр. Мәсе­лен, қ­ұ­рылыс қарқыны – 6,6 %-ға, көлік қызметтері – 4,3 %-ға, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру көлемі 2,7 %-ға ұл­ғайып, соның нәтижесінде ІЖӨ 0,1 пайызды құраған. Ми­нистр­дің айтуынша, мұндай өсім­дерге «Нұрлы Жол» және индус­трия­­лық-инновациялық даму бағ­дар­­ламаларын жүзеге асырудың арқа­сында қол жеткізіліп отыр. «Елімізде соңғы алты ай ішінде орташа айлық еңбекақы көлемі 9,9% -ға артып, 133,5 мың теңгені құрады», – деді Қ.Бишімбаев. Оның айтуынша, аймақтардағы экономикалық өсім бойынша көш басында Ақмола облысы тұр. Одан кейінгі орындарға Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары жайғасқан. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы елімізде республикалық маңызы бар бірқатар нысандардың құры­лысы аяқталды. Толығырақ тоқ­талар болсақ, Қарағанды облы­сында «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» темір­жол желілері мәреге жетті. Қызыл­­орда облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салы­нып, «Жезқазған-Сексеуіл» темі­ржол желісі іске қосылды. Алма­ты облысында «Алматы-Өске­мен» және «Алматы-Қорғас» авто­жолдары жөнделді. Экспортқа бағытталған 8 сектор Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасының жүзеге асырылу бары­сы туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Елбасы алға қойған міндетте­мелер­ді орындау мақсатында Ин­вес­тициялар және даму министр­лігі бұған дейін экспортқа бағыттал­ған 8 секторды анықтап алғаны тура­лы айтылған болатын. Олар – қара және түсті металлургия, мұ­най өңдеу, мұнай-химия және агро­химия, автокөлік құрастыру және электротехникалық машина құрастыру, сондай-ақ, азық-түлік өнімдері. Баяндамада айтылғандай, 2019 жылға қарай еліміздің өңдеуші саладағы экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19 %-ға артады деп жоспарланған. Мақсат – экспортты арттыра отырып, ең­бек өнімділігін 22 %-ға ұлғайтып, негізгі капиталға салынатын ин­вес­­тицияны 2015-2019 жылдар аралығында 4,5 триллион теңгеге жеткізу. Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда халықты өнімді еңбекпен қам­тамасыз ету бойынша тиісті шара­лар қабылданғанын жеткізді. Осы­лайша, мықты өңдеуші сектор­дың айналасына өнімді қызмет түрлері топтастырылады, ал тауар экспортын арттыру экономиканы одан әрі орнықтырып, шикізатқа деген тәуелділіктен арылуға мүм­кіндік береді. Төрт түлік көбейіп келеді Премьер-Министрдің орын­басары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешеніне қатысты алты айдың ішінде атқарылған жұ­мыс­тар мен қол жеткізілген жетіс­­тіктер туралы баяндады. Оның айтуынша, аграрлық сектор­да тұ­рақты даму ырғағы сақталып отыр. «Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 %-ға өсті. Ал қайта өңдеу саласындағы өсім 2,8 %-ды құрап отыр», деді ол. Министрдің айтуынша, елі­міз­де төрт түлік малдың үлесі жыл санап көбейіп келеді. Егіс алқап­тарының көлемі де биыл 21,6 миллион гектарға жетіп, был­тыр­ғымен салыстырғанда 448 мың гектарға ұлғайған. Асқар Мыр­зах­метов атап өткендей, азық-тү­лік  қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге бағытталған шаралар тиісті нәти­же беріп, соның арқасында жар­ма – 72 %-ға, ұн өндіру – 20 %-ға, қойылтылған сүт пен кілегей шы­ғару 59 %-ға артыпты. Жиын соңында Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша қабылданған бар­лық бағдарламалар мен шешімдер әр бағдарлама әкімшісінің, әрбір әкімнің бақылауында болуы керек­тігін ескертті. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»