20 Шілде, 2016

Шындық. Адалдық. Әділдік

1009 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Рахметулин А.Ж.Адамды адамның өлтіруге қақы жоқ. Тіпті, мемлекет те жаза ретінде адамды өлтіруге тоқтау салып жатады. Қанды қол кәнігі қылмыскердің өзі бірнеше жылды арқалап, тас қапасқа қамалса да, оның өміріне ешкім балта шаба алмайды. Бірақ солай екен деп, адамдар адам өлтіруден қалыс қалып жатқан жоқ. Алып қашады, зорлайды, өлтіреді, әйтеуір, адамға адам дегенін жасайды. Артынан бар болғаны өмір бақи бас бостандығынан айырылуға сотталады. Ал бұлардың арасында кім жоқ дейсіз, нағыз баскесері де, қосақ арасында қоса кеткені де кездеседі. Ондай жазықсыз жандардың тағдырын сындыруға кім себепкер болады? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтылатын бір жайт, оған нағыз адам өлтірушіні іздеуші адамдардың өздері кейде себепкер болады екен. Сондықтан нағыз қылмыскер мен жазықсыз жанды айыра алу қай заманның болмасын көкейтесті мәселесі. Демек, қылмыстық істерді саралау, зерделеу, дәлелдемелерді таразыға тарту, адам өлтірді дегенді кінәлі немесе кінәсіз деп тану, өмір бақи көрер жарығынан айырып, тар қапасқа тоғыту – айтуға ғана оңай. Иә, қылмыстық істерді қарау сол қылмыстың қалай жасалғанын зерделеп шығу ғана емес, оның ауыр­лығын сезініп, қасіретін жүрек­тен өткізу. Сондайда адам­ға демеу болар адалдық, әділдік, шындық қағидаттары ғана. Шы­найы ақиқатқа жеткізер үш негіз – осы. Дауласа қалған жанның алдан күтер әрі арқа сүйер үміті де осы үш-ақ нәрсе. Тағдыры таразыға тар­тыл­ғанда көздегені осы талап аясынан табылып жатса, сот менің құқығымды қорғады деп жаны жай табады. Ал бұл орайда екінші тараптың, яғни екінші жақтың талабы тасқа соғылып дегені болмай қалса, сот менің құқығымды қорғамады, менікі дұрыс еді, бірақ оны ескермей бұра тартты дейді. Қылмыстық істегі мұндай келеңсіз көріністер көптің көңілін күпті етері де жасырын емес. Қудалау органдарының қатесін анықтауда сот органдарының атқа­ратын қызметі зор. Адамға қысым жасалып сұрау алынған тек­серіс­тердің сырын сот қана біле алады. Бұл, баршамыз жалықпай айтатындай, әділдікке жетудің жалғыз ғана жолы. «Міне, сол жұрт аңсаған әділдікті орнату үшін бүгінде біз сот жүйесінде көптеген жаңалықтар мен өзгерістерді алға тартып отырмыз», дейді осы бір көкейтесті тақырыпта сот жүйесінің жаңа қызметі туралы әңгімелеп берген Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Абай РАХМЕТУЛИН. Айтса айтқандай-ақ, ағымдағы жылдан бастап, еліміздің сот саласы жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл өзгеріс көзі қарақты оқырмандар мен жаңалықтарға жақын жүретін жандарға, етене таныс екені сөзсіз. Өйткені біздің халқымыз қашан да жақсылыққа жаны құмар ғой. Жақсылық бізді жаңа жетістіктерге, ойлаған ісімізге, аңсаған мұрат-мақсаттарымызға жеткізеді дейміз. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының Бес институттық реформасы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парында белгіленген мінде­т­терді, әсіресе сот саласы қызмет­кер­леріне орындау халыққа – жақсылық, судьяларға – абырой әкелмек. Ал онда Ұлт Жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бағы­тында 11 қадам түгел сот жүйе­сіне арналып отыр. Әлемдегі озық отыз елдің қатары­на ену үшін Қазақстанның тек экономикасы, саяси, мәдени жағдайлары ғана емес, құқықтық саласы дамып, осыған сай сот жүйесі айтарлықтай алда болуы қажет. Өйткені, мұндай реформалар не үшін, қандай мақсатпен шығарылады? Әрине, ең алдымен ол халыққа тиімді болуы қажет. Қандай жағдайда болмасын адам­ның құқығы қорғалуы тиіс. Бұл орайда аталған Ұлт Жоспарында айтылғандай, енді нақты талап алқабилерге де қойылып отыр. Заң үстемдігін қамтамасыз етуде басымдық берілген «100 нақты қадамның» 21-қадамына сәйкес, алқабилер соты қолданылатын салалар аясы кеңейтілді. Ең маңыздысы, алқабилер соты міндетті түрде қатысатын қылмыстық істердің санаттары анықталды. Елбасы қол қойған жаңа заңға сай, алқабилер қатысатын соттардың қарау­ын­дағы істердің аясы ұлғайып, қосымша төрт құраммен толықтырылды. Жалпы, мемлекет тарапынан көңіл бөлінген сайын, бұл жүйе өзі­нің тиімділігін көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2010-2014 жылдары алқабилердің қатысуымен 133 адамды ақтау туралы үкім шы­ға­рылды. Бұл көрсеткіш алқа­би­лердің қатысуымен қаралған қылмыстық істер бойынша сотталған адам­дар­дың 8,5 пайызын құрады. Яғни, бұл деректер алқабилер іс­тер­ді қарау процесі кезіндегі ақ­тау үкімінде үлес салмағының едәуір басым болғанын растайды. Мәселен, бұрын олардың алдына ату жазасына кесу мен өмір бойы­на бас бостандығынан айы­руға тартылғандардың тағ­дырын шешу талабы қойылса, енді адам ұр­лап, ауыр халге ұшырату және жасөс­пірімдерді зорлау қылмысы бо­йынша құрам қосылды. Мұндай істер аса ауыр қылмыстық санатта болғандықтан алқабилер қаты­суы­мен қаралатын болады. Бірақ айыпкердің адамды ұр­лағаны немесе жасөспірімді зор­ла­ғаны қудалау органдары арқылы тексеріліп, сот алдына анықталып келіп тұрса, онда неліктен оның кінәлі, кінәлі еместігіне бас ауыр­тудың қажет бар дейді біреу­лер. Расында, алқабилерсіз-ақ судья­ның өзі ондай адамды соттап жібермей ме? Соттай алмайды. Неге? Өйткені, сот тексерудің заң­ды­лығына көз жеткізбей, дәлел­дер­дің нақтылығын зерделемей, қос тараптың уәждерін елеп-екшемей ақиқатты айта алмайды. Адамның айыбы заң жүзінде айқындалып тұрса ғана ақиқат айтылады. Ал оны алқабилер алдында анықтап беру үшін бір тараптан қорғаушы, екінші жақтан айыптаушы, яғни прокурор сайысқа түседі. Олар өз пікірлерін ортаға салып, уәждерін дәлелдеп береді. Міне, бұлардың дәлелдемелерін тыңдаған алқабилер де оны іш­терінен сарапқа салып, қоры­тын­ды шығарып, бюллетеньге сот­талу­шының кінәсі бар ма, жоқ па деген бір ауыз сөзді белгілейді. Осы­лайша халық мұндай адамдарды алқабилер арқылы өздері соттайды немесе ақтайтындығын айтады А.Рахметулин. Әрине, алқабилер институтын енгізу барысында талай ай­тыс-тартыстың болғаны белгілі. Бір­қатар адамдар, оның ішінде тіпті заңгерлердің өздері де қалайша кәсіпқой судья емес, керісінше құқықтан ешқандай хабары да әрі заң білімі де жоқ адамдар ең жоғары қылмыстық жазаны тағайындауға қатыса алады деп, о баста шу көтергені белгілі. Олар қалай­ша кінәлі, кінәлі емес деп адам тағдырын шеше алады деп тартыс туғызды. Бірақ алқабилер алғаш рет Қазақстанда ғана қолданысқа енбегені рас, ол дамыған елдердің тәжірибесінде баяғыдан бері бар. Сондықтан оның қоғамға берер пайдасы зор екені айқындалып, сонау 2007 жылдан бері жұмысын бастап, өз тиімділігін көрсетті. Алқабилер институты енгізіл­гені­мен оның құрамын дайындау, алғашқыда қиындыққа соқтырғаны белгілі. Қоғам дайын емес пе, әй­теуір, алқабилерді іріктеу барысы орасан кедергілерге ұласып отырды. Өйткені, жергілікті әкімдіктер әзірлеген тізімді дайындап, одан соң тексеріле келгенде қараса, арасында тіпті жүйкесі сыр бергендер, бұрын сотталғандар, шетелдік азаматтар да, т.б. адамдардың да қосылып кететіні талай анықталды. Демек, әкімдік ұсынған алқабилер тізімі арасында небір адамдар болады деген сөз. Кейде оларға сенім­сіздік артылатыны да сондық­тан ба дейміз. Бұл жерде кейде көпшілік, нелік­тен аудандық, облыстық сот­­тар­­дың шығарған шешімдері өз­геріссіз қалып жатады дейтіні тағы бар. Әрине, егер заң бойынша ол шешімдер дұрыс шығарылған болса, оны қалайша дұрыс емес деп айтуға болады, дейді А.Рах­метулин. Қылмыстық істер жөнін­де­гі алқа төрағасының пікірі бойынша, сот жұмысын статистикамен мүлде байланыстырмау қажет. Біреулер соттарда ақтау үкім­дері аз деп айтады немесе көп дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Статистика бойынша жағым­ды ақпарат беру үшін ақтау үкімі осыншама, ал өзгеріссіз қал­дыру осыншама деп қолдан құрас­тырылу қажет пе? Бұл адам тағ­дыры ғой. Бұл мүмкін емес қой. Оның үстіне қазіргі уақытта қудалау органына да айрықша талаптар қойылуда. Олардың дұрыс тексерілмей жіберілген істері сотта шешімін таппаса, қайта тексеріліп, бұзылып жатса, онда оларға да сұрау салынады. Шикі істерінің соттан өтпейтіндігін тергеу органдары жақсы біледі. Ал егер талапқа сай тексеріліп, заңға сәйкес, іс дәлелденіп сот алдына жеткізілсе, тұтас заң талабына сай жүргізілген болса, оны қалайша сот дұрыс емес деп шешім қабылдауы тиіс? Демек, осының бәрін зерттеп, зерделеп отырумен айналысатын сот қана дұрысты дұрыс деп тани алады. Мәселен, алқа төрағасының айтуынша, өткен жылы республика соттарына 49 215 қылмыс­тық іс түскен. Оның 16 639-ы қыс­қар­тылса, соның ішінде тарап­тардың татуласуы бойынша 12 971 іс болды. Жалпы, сол өткен жылы 31 597 адам сотталды. Бұл аз сан емес. Дегенмен, солардың ішінде 8 054 сотталғанға немесе 25,5 пайызына нақты бас бостандығынан айы­ру тағайындалған. Сонда 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда, нақты бас бостан­дығынан айыруға сотталған адам­дар­дың саны 13,1 пайызға төмен­деген. Бұған қоса, сол өткен жылы алғашқы рет соттармен тағайын­далған жазалардың теңдігі өзгер­генін баса айту керек. Иә, расында 2014 жылмен салыс­тырғанда, баламалы жаза шара­ларының арасынан айыпп­ұл­ды қолдану 7,8 есеге, ал қоғамдық жұмыстарға тарту бойынша 5,5 есеге өскен. Бұл келтірілген мәлі­­мет­­тер жазалардың балама­лы бас бостандығынан айыруын қол­дану бойынша жаңа қыл­мыс­тық заңның неғұрлым жоға­ры әлеуетін аңғартады. 2015 жылы бірінші сатыдағы соттармен 9 001 сотталған жазаны өтеуден мер­зі­мінен бұрын шартты түрде босатылған, 2014 жылмен салыс­тыр­ғанда, (7 979 сотталған) 11, 4 пайызға артқан. 2015 жылы бірінші сатыдағы соттармен 5 520 сотталғанға жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылған, яғни 2014 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 3 есеге асқан. Қорытындылай келе, егер 2014 жылы колониялардан босатылған сотталғандардың саны 6,5 мыңнан артпаған болса, өткен жылы ол 2 есеге жоғарылаған және 11,6 мыңды құрапты. Қудалау органдары тергеп, тек­серіп, сот алдына жіберген істер­дегі кемшіліктерді, заңсыз­дық­тарды табу – соттың міндеті. Ал бұл міндетті орындау барысында әр судьяға үлкен талап жүк­теледі. Уақыт өткен сайын білік­тілік те жетілдіріліп отыруға тиіс. Осы орайда сот жүйесінде жа­ңа­дан Сот жюриі құрылғаны бел­гі­лі. Ұлт Жоспарына сәйкес, Сот жюриінің жаңа құрамы бекі­тілді. Ол комиссиялардың жұмы­сын неғұрлым айқындай түседі, әрі оның шешімдеріне деген судья­лардың сенімін арттырады. Бұл құрылым қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметіне баға береді. Сонымен қатар, судьяның орнынан түсу құқы­ғын растау, оны тоқтату мә­се­лелерін және оларға қатысты тәр­тіптік істерді қарайды. Таратып айтқанда, Сот жюриінің құрамы біліктілік және тәртіптік комиссия­лардан тұрады. Олар жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметіне баға береді. Біліктілік комиссия­сы 7 судьядан тұрады, олардың құрамында облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және отставкадағы үш судья қызмет етеді. Қазіргі уақытта осы комис­сия­лар аймақтарға шығып, бір­неше жыл жұмыс істеп жүрген судья­лардың кәсіби деңгейін тексеруде. Олардың білімі, кәсібилігі қазіргі заман талабына сай нақты зерделенеді. Расы керек, мұндай талап деңгейінен өте алмай қалған судьялар да табылып отырғандығын қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы жасырмайды. Өйткені талап қатаң. Бұл арада олардың тек білімдері, тәжірибелері ғана емес, нақты жұмыс, яғни қараған істері, шығарған шешімдер барысы, іс-әрекеттеріне шағымдар, сот этикасын және жұмыс тәртібін сақтау – бәрі ескеріледі. Демек, істі қарауда сапа бірінші тұруы қажет деген сөз. Көрсетілген тексеріс тек Сот жюриінің бақылауында болу емес, ол судьяның өзінің кәсіби біліктілігін көтеру жөнінде үнемі жұмыс жасауды білдіреді. Енді үш буынды сот жүйесіндегі басты мақсат – сот сатыларын мейлінше азайту арқылы азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот әділдігіне қолжетімділікті арттыру болып табылады. Іс бойынша сот шешімінің жедел қабылдануына қолжеткізуге негіз қалайды. Үш буынды сот жүйесі Еуропаның көп­теген дамыған елдерінде қалып­тасқан үрдіс. Қазір сотқа түс­кен істердің басым көпшілігі бірін­ші және екінші сатыдағы, яғни аудан­дық, облыстық және оларға теңес­тірілген соттарда өзінің түпкі­лікті шешімін тауып жатыр. Бұрын облыстық сотта апелляция мен кассация қатар жұмыс істеген. Енді тек апелляциялық саты облыстық сотта қалып, ал кассациялық саты Жоғарғы Соттың құзырына берілді. Мұның пайдасы, сот шешімдерінің жедел әрі сапалы қабылдануына және орындалуына мол мүмкіндік тудырады», дейді қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы. Әрине, бүгінгі таңда соңғы реформаларға байланысты үш сатылы сот жүйесінен басқа да үлкен өзгерістер енгізілді. Судьялар өте білікті де жауапты болулары керек. Сондықтан болашақ және бүгінгі жұмыс істеп жүрген судьяларға талап күшейтілді. Бұрын судьялыққа үміткерлер тиісті біліктілік емтиханын тапсырып, тағылымдамадан өткеннен кейін судьялық қызметке тағайындалатын. Үміткерлерге қойылатын талап бойынша бұрын еңбек өтілі екі жыл болса, енді бес жыл мерзім болып белгіленді. Қазіргі таңда судьялыққа ірік­теу талаптарын қатайту мақ­сатында бірқатар жұмыстар атқарыл­ды. Мысалы, жоғары заңгер­лік білімі бар, моральдық-адам­гер­шілік ұс­танымы берік, кемін­де бес жыл сот отырысының хат­шысы бол­ған, судьяның консуль­танты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалып алынады. Бұларға қоса, тағы бір маңыз­ды жайт, Ұлт Жоспарының 22-қадамын­да адамның және азамат­­тардың конституциялық құқы­ғын шектейтін барлық тергеу қыз­меті жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету көзделген. Осы арқылы сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудің міндеті жүк­тел­ген, яғни тергеу судьясына қосым­ша төрт процессуалдық әре­кетке рұқсат етілген. Бұдан бұлай тергеу судьясына қосымша берілген құзыреттері бойынша тексеру, тінту, алу және жеке адамды тінту әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы. Қазіргі уақытта тергеу судьясы нәти­желі жұмыс жүргізуде. Атап айт­қан­да, бірінші сатыдағы сот судьясы ретінде ай­қын­далған тергеу судьясы, негізі­нен, прокурорлармен бірге аза­маттарымыздың құқықтарын қорғау­ды қадағалайды. Ол күзет­пен ұстауға санкция беру, үйқамақ­қа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың заңдылығын тексереді. Және де оның өкілетті­гіне ауыр немесе аса ауыр қылмыс­тар­дан бөлек істер бойынша кепілзат­тың көлемін анықтау міндеті жатады. «Қысқаша айтқанда, тергеу процесі кезіндегі заңдық негіздер мен құқықтардың сақталуын жүзе­ге асыруы тиіс. Жалпы алған­да, тергеу судьясы бірінші саты­дағы сот судьяларының арасынан тағайын­далады. Сот алдына бар­ғанда кейбіреулердің бұған дейін берген жауабынан бас тартатын оқиғалар өмірде жиі кездесіп қалады. Осындай дәлелсіз деректерді азайтып, істің сотқа бұлтартпас айғақтар негізінде бар­уын қамтамасыз ету – тергеу судьяларының басты міндеті деу керек. Тергеу судьяларының институты қызмет ету кезінде танылды және өзін ақтап шықты. 2015 жылы тергеу судьяларының қарауына жалпы алғанда, барлығы 25 мың өтініш, шағымдар, ұсыныс­тар келіп түсті. Қылмыстық ізге түсу ор­гандарының әрекеттеріне (әрекет­сіздігі) және прокурордың шеші­міне түскен шағымдардың қаралғандарының ішінде үш бөлігі дерлік толық немесе ішінара қана­ғат­тандырылған. Осылайша, қыл­мыстық процеске қатысушы тұлға­лар тергеу судьяларына өтініш жолдау арқылы өздерінің құқықтарын белсенді қорғап келеді», – дейді Абай Рахметулин. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»