Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ашылған «Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы партиялық құрылыс» атты тарихи-құжаттамалық көрмеге келушілер сөреге қойылған суреттерден халық пен билік арасындағы тығыз байланыстың куәсі іспетті әсер алды.
– Саяси шараның өтуіне «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануының 14 жылдығы себепші болды. Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық мерейтойы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын орындау бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде өткізіліп отырған көрмеге елімізге танымал саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлерінің, жас ұрпақ өкілдерінің жиналуы соның айқын дәлелі, – деді бізге берген сұхбатында Президент Архивінің Жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы Құралай Қабдолова. Жұртшылыққа көрмеге қойылған тарихи құжаттардың тарихы туралы қысқаша баяндалып, нақты әрі айғақты түсініктемелер берілді. Тарихи құжаттар легінің арасында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылы республикалық «Отан» (Отчизна) партиясы Орталық атқару аппаратының бастауыш партия ұйымының атына өзін партия мүшелігіне қабылдауы туралы жазған өтініші, Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаевтың Халықаралық ғарыш стансасындағы партияның туын көтерген қызықты суреті сияқты басқа да мазмұнды фотодеректер келушілердің назарын өзіне еріксіз аудартты. Бүгінгі тақырыптың мазмұнын ашып, тұшындыратын деректі фильм көрсетілді.
Құжаттар таныстырылымынан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров шараға жиналған халық алдында былай деді:
– Қазақстан Президентінің Архиві – Қазақстанның саяси тарихының архиві. Кеңес заманында бұл ғимаратта партия тарихы институты болды. 1917 жылы Кеңес дәуірі орнағаннан бастап, кешегі ыдырағанына дейінгі, Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын саяси-тарихи құжаттардың барлығы осында сақталған. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан көппартиялық жүйеге көшті. 25 жыл ішінде партия құрылысында қыруар жұмыстар атқарылды. Ондаған партиялар құрылды. Олардың әрқайсысының тарихы әрқалай болып қалыптасты. Демократиялық елде көппартиялық жүйенің болуы – заңды құбылыс. Өйткені, көппартиялық жүйе – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан көпшілік назарына ұсынылып отырған тарихи құжаттарымыз тарихи шынайы шежіре деп ойлаймын.
Көрмеге «Нұр Отан» партиясы мен оның Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне байланысты фотоқұжаттар кеңінен ұсынылыпты. Әрбір саяси партиялардың әрбір кезеңдердегі жетекшілері Олжас Сүлейменов пен Ғани Қасымовтың, Әнуар Әлімжанов пен Азат Перуашевтың және басқаларының фотосуреттері мен тарихи құжаттары көрмеге әр беріп тұрды.
Дөңгелек үстел басында философия ғылымдарының докторы Әбдімәлік Нысанбаев, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Омарбекова, «Нұр Отан» партиясының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Қазақбай Қасымов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы бөлімшесінің жетекшісі, саясаттанушы Мәдина Нұрғалиева және басқалары партия тарихына байланысты көкейде жүрген пікірлерін ортаға салды, Қазақстандағы партия құрылысы тарихына байланысты қызықты әңгіме өрбітті.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорларынан партиялық құрылыс туралы архивтік материалдардың көбі жұртшылықтың назарына алғаш рет ұсынылды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген автор