20 Шілде, 2016

Асық ата білесің бе?

919 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20 07 - asyk Ғылым мен білім дамыған ХХІ ғасыр адамзат баласы үшін небір озық ойлы технологиялар мен роботтардың ғасыры десе болғандай. Жаһандану заманында бұрынғы мәдениетіміз ұмытылып, ескінің сарқыншағы болып бара жатқандай. Өйт­кені, бұрын қолынан кітабы түспейтін адамның бүгінде қолынан ұялы телефоны түспейді, ал асық­пен ойнайтын балалар қазір көп уақы­тын көк жәшіктің алдында өткізетіні рас. Асық ойыны қазір бар ма? Бұрындары «доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар» деген сөзді жиі естуші едік. Бірақ, асық ойыны ауылдың бір думаны еді. Шынымен қазіргі балалардың өмірі басқа арнаға өзгеріп кеткендей, асық ойынын кешегінің сарқыншағы деп қарай ма? Әлде, асық ойнауға қызықпай ма? Асық ату – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек – асықтай ойналады. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған  қорғасын құйы­лып жасалғаны – сақа, оң қолмен атуға ың­ғайлысы – оңқы асық деп аталады. Сондай-ақ, асықты кемі екі баладан бас­тап, бірнеше бала ойнаса да бола береді. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып, құрдаспен құрдас бір-бірімен бәсекелесіп ойнаса да болатын нағыз тартысты ойын түрі. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың, асыққа бірде бай боласың, бірде жұрдай боласың. Таза бәсеке, таза тәрбие. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Шеберлікке, мер­­ген­дікке, батылдыққа, алғырлыққа тәрбиелейтін құрал. Ал қазіргінің балалары көп жерде, сірә, асықтың не екенін де білмейді. Өкінішке қарай, қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүл­­де ойналмайды. Ауылда болмаса, қалада балалар мүлдем асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік дәлдеп ататын әдісі бар. Асық атудың осы бір әдісі қазіргі боулинг деген ойынның тәсіліне ұқсастау. Бұл асық ойынының сан қилылығы мен әралуандығын, көптеген қимыл-әрекеттерді қам­титындығын білдіреді. Бұл да спорттың бір түрі десек болады. Ұлттық ойындарды қайта насихаттап, мектеп бағдарламасына енгізіп, дене­шынықтыру са­бағына пән ретінде қосылса, не болмаса үйрену үйірмелері ашылса, дүкендерде асық сатылса, төл ойындарымыз жаңарып, жаңғырып жатса нұр үстіне нұр емес пе. Осындай ұлттық бай­лығымызға лайық­ты деңгейде көңіл бөлмей, ұмыт қал­дырып бара жатқанымыз өкінішті-ақ. Қазақта: «Асығың алшысынан түссін», деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді. Ендеше, ұлттық ойынымыз асықты ұмытпайық, сіздің де асығыңыз алшысынан түссін! Айман МҰҚЫШЕВА АСТАНА