Үлкен Қаратал ауылында Оразбай Есдәулетов саябағы ашылды
Сауыр, Сайқандай сеңгір таулар бауырындағы Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері және ұзақ жыл білім беру саласында еңбек еткен ұстаз Оразбай Есдәулетовтің атында саябақ ашылып, Зайсан қаласында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Есдәулетовтер әулетінің ұйымдастыруымен өткен ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, жас ақын Қалқаман Сарин және ауыл тұрғындары қатысты.
Қазақта тек деген керемет ұғым бар. Ұлықбек Есдәулет пен Гүлнәр Салықбаева сынды қазақтың көрнекті ақындарын сыйлаған әулеттің туған жерге тағзым етіп, аядай ауылды абаттандыруға үлес қосуының тәрбиелік мәні зор. Яғни, қарапайым еңбегімен ел ықыласына бөленген Оразбай ақсақалдың балалары әке қолымен отырғызылған мәуелі бақты қоршап, балалардың ойын алаңын салып берді. Үлкенқараталдық тұрғындар бау аумағында бұрын мектеп болғанын айтады. Оразбай қарт қай жаққа барса да түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін тамыр-топырағымен атына өңгеріп әкеліп, мектеп ауласына отырғызып, будандастыруды жаны сүйетін адам болыпты. Алайда, 1990 жылы Зайсан жеріндегі зілзаладан кейін мектепті қайта салуға басқа орын таңдалып, аталған бау қараусыз, мал көлеңкелейтін орынға айналған. Міне, осы әке бағын жаңартып, саябаққа айналдырған Есдәулетовтердің игілікті ісіне ауылдастары шексіз ризашылықтарын білдірді.
– Баяғыда Қызылорданың Аралында туып-өскен досым Жарасқан Әбдіраш Зайсанға келгенінде: «Мұндай шұрайлы, көркем жерде туған екінің бірі ақын болмай қайтеді? Мықты болсаңдар құмнан басқа түгі жоқ Аралдан шығып өлең жазып көріңдер», деп әзілдегені бар. Расында, дүниенің қай шетінде болсам да, туған топырағыма жетер жер жоқтығын байқадым. Түгін тартса майы шығатын шұрайлы өлкеде қада қақса көктеп, өсіп кетеді. Қазір Астананың шетіндегі кең даланы қалың орманға айналдырып, арасына қырғауылдан бастап түрлі жануарды жіберіп жатыр. Бұл өте тағылымды іс. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Сіздер де осы жұмақ мекенде ағаш ексеңіздер құба-құп, – деді ауылдастарына Ұлықбек Есдәулет.
Ал О.Есдәулетовтің Зайсан қаласында тұрған үйіне орнатылған мемориалдық тақтаны осы әулеттің тағы бір талантты тумасы, өмірден ерте өткен театр режиссері Рүстем Есдәулеттің отбасы ашты. Жиын соңында Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов туған жерді көркейтуге үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, жерлестері ақын Ұлықбек Есдәулетке тұлпар мінгізді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы
Суретті түсірген
Марат Салбанов