20 Шілде, 2016

Ара бағып аман жүрмін

1602 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ара-бал-1 – дейді омарташы шал Сергей Каратков Бұланды ауданындағы Макинка селосы маңындағы тас жолдың бойында қысы-жазы саңырауқұлақ пен ара балын сататындар бір үзілмейді. Саңырауқұлаққа әу бастан әуестігіміз шамалы. Ал араның балы. Балдың жөні бөлек қой, шіркін... Сергей Митрофанович Карат­ков жетпістің жуан ортасына келіп қалған, бойы сәл еңкіш тартқан, түксиген қалың қабақтарының астынан өңмеңіңнен өтетін өткір көздерімен тесіле қарайтын сары шал. Сары шал бүгінде Бұланды ауданының Макинка селосының оңтүстік күнбатыс жақ бетіндегі қайың-қарағайы аралас орманды мекен етеді. Ала жаз бойы. Кәсібі бал арасын баптап, жинау. Сергей Митрофановичпен кездейсоқ жолықтық. Жол-жөне­кей кезіккен тұзы татымды тақы­рып болса, тастамайтын ашкөз­дігімізге басып, ара баққан ақса­қал­дан бал жайлы білмек болып, жата жабыстық. Бал арасын бағу оңай шар­уа емес. Ол қазекеңнің қыстан көтерем болып шыққан, мың салса бір баспайтын мұқыл мүйіз сиы­ры немесе алты ай жаз шарбаққа қамалып, ыңыршағы айналған жылқысы емес. Қант үшін екі аяқты пенденің құлына айналған соқыр сенімі болмаса, еркіндікте жүрген жәндік. Ара бағып, табыс табады екен дегенді біздің ағайын ести қоймаған-ақ шығар. Естісе де біртүрлі жат, өзгеше тірлік, тосын әрекет. Ертеректе біздің елдің желкесіндегі «Светлый» кең­шарында дәл осындай омарта ұстайтын Антон шал болатын. Ауыл іргесіндегі Қамысақты өзенінің екі жағалауы сыңсыған жасыл шалғын, көк құрақ, жай­қалған гүл. Антон шал өзен жаға­сына омартасын орнатып, жаз бойы тапжылмай жататын. Ауылға азық-түлік алуға аптасына бір-ақ рет соғатын. Біздің ауылдың жатыпатарлары «шыбын бағатын шал» деп ат қойып, айдар таққан. Сергей Митрофановичтің айтуына қарағанда, бал арасын өсіру – бақуатты бизнес. Мұндай іске ықылас білдіргендер алдымен омарта сатып алуы қажет. Онда да қайсысын таңдайтыныңызды жаза баспай, қолайлысын қарма­ғаныңыз жөн. Тіпті, әрі-беріден соң, бұрын ұсталған, бүйірлері бүтін, оншалықты ескі емесін алса да болады. Кәнігі омарташылар өздері-ақ жасап ала береді. Ал жаңа бастаған талапкер ескісін алса да оқа емес. Араның да түр-түрі болады. Айталық, ортаресейлік аралар. Бұлар өзге тұқымдастарынан әлдеқайда ірі, салмақты. Тұмсық­тары қысқа болғанмен, әлеуеті зор. Түстері сәл қара сұр. Басқа араларға қарағанда, олар долы, ашушаң болып келеді. Жұмысқа кіріскен, яғни гүлдерден бал жи­нап жүрген кезінде алқапқа аяқ бассаңыз, үйір-үйір болып шабуыл жасаудан тайынбайды. Аналық аралардың өнімі де өте жоғары. Олардың әрқайсысы 2000 жұмыртқаға дейін салады екен. Ара тіршілігін бақылап, бажайлап қараған өте қызық. Құдды бір тұтас мемлекет, әйтпесе, іргелі отбасы тәрізді. Адамдар сияқты олар да әрқилы болып келеді. Яғни, жаз бойы еңбек­тенетіндері, жүздеген шақы­рым қашықтықта ұшып, бал жинайтындары, жатып ішіп, бал жалағысы келетін еріншектері де кездеседі. Бұл жерде темірдей тәртіп. Омарта орналасқан алқап­тан ұзап шығып, шалғыны мол, гүлі көп алқаптарды іздейтін барлаушылар тобы болады. Олар тәулігіне ондаған шақырым жер­лерді ұшып өтіп, қалтарыс, панасы көп алқаптарды іздейді. Тапқаннан кейін тек өздеріне ғана мәлім ишара-ыммен омарта маңындағы жұмысшы араларға хабар жеткізеді. Алқаптардан бал жинап, оны омартаға таситын жұмысшы аралар жасағы – аралар арасындағы ең үлкен топ. Құдыреті күшті жаратқан иеміз 18 мың ғаламды бір-бірі­не ұқсамайтын өзгеше рең, айрық­ша бітіммен жаратқан-ау. Жұмыс­шы араларға керісінше, кез кел­ген омартада жалқаулар да бола­ды. Оларды жұмыскер аралар балымызға ортақтаспасын деп, шағып өлтіріп тастайды. Жалқаулықты ара екеш аралар да жақтырмайды екен-ау. Тек адамдардан айырмашылығы олар тым қатыгездеу. Және бір қаты­гездігі бал аралары алдағы қыстың қатты болатындығын біз үшін беймәлім, тек өздері ғана түсініп, түйсінетін әлдебір сезім арқылы күні бұрын біледі. Қара күзде олар омартадағы еркек араларды шағып өлтіреді. Қысты күні жинаған балға ортақтаспауы үшін. Сондай-ақ, әрбір омартада жиналған балды күзететін өзге тұқымдастарына қарағанда бас­тары ересен үлкен, тұмсықтары әнтек жоғары шаншылған күзетші аралар болады. Олар жұмыскер аралар омартаға жинаған балды қаңғыбас, жалқау аралар жеп кетпес үшін жуан бастарын балауыздың тесіктеріне тығып алып, кірпік қақпай күзетеді. Алдындағы асын жәндік екеш жәндік те өзгеден қызғанады екен-ау. Ортаресейлік аралармен қатар, Карпат аралары деген тұқым бар. Олар өзге туыстарына қарағанда, таза сұр реңді болып келеді. Дене мөлшері орта­ресейлік аралардан сәл кішілеу. Дегенмен, кавказдық туыстарымен салыстырғанда, айтарлықтай үлкен. Бұл аралар жуас, тыныш, қысқа төзімділіктері орташа. Ал, қиыршығыстық аралар сұр реңді. Бұлар да карпаттықтар сияқты момақан. Аралардың негізгі тамақтану көзі гүл шырыны. Олар өздері­нің жемін тауып, қысқы азық қорларын жатпай-тұрмай әзір­лейді. Шырын балға, бал тозаң­дарына айналдырады. Және ол өнімдері ұзақ уақыт сақтауға болатын, ара ағзасымен өңделген, дәмді де пайдалы шырынға айналып шыға келеді. Тәжірибелі омарташылар бал араларын қосым­ша қант шәрбатымен мег­зіл-мезгіл азықтандырып отырады. Әйтпесе, былтырғыдай қуаңшылық жылдары даланың реңі келмей, бәйшешектер тым ерте солып қалғанда, қарны ашқан аралардың жайлы жер іздеп, ауа көшетіндері де кездеседі. Оның барлығы жоқшылықтан. Кәдімгі «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, жаз жайлы, төңіректің бәрі жайқалған бал татитын өсімдік болса, ара да өсіп-өнген, тұқым жайған, қалыптасқан, қанатын қаққан ортасын тастап, беталды кете бермейді. Сергей Митрофанович: Ара­лар мазасыздана бастады, сәл әрі­рек отырайық, деді. Алғашында ұқпадым. Сары шал түксиген қабағының астынан шүңірек көз­дерін қадап, таза ауаны был­ғап отырған темекімді нұсқады. Өзі­міздің етіміз өліп кеткен. Біз­­дің танау темекінің иісін сезуден қалғалы қашан. Ал, ара анық сезеді екен. Сезгені былай тұрсын, табиғаттың тұнығын лай­лаған, ауаны жағымсыз иіспен былғағанды жақтырмайтыны анық. Содан соң ашу шақырып, айнала ұшып, долырып ескертеді. Ескерткенін ұқпасаңыз, сансыз найзасын самсатып, тап бермек. Журналиске де жан керек, түксиген сары шалдың соңынан еріп, қайыңды орман­ның селдірлеу тұсына, желкемдеу бағытқа барып отыр­дық. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, тосын тақырыпты тағы да қаузадық. Бал аралары туралы бас­тауыш білімімді жетілдіріп алған­нан кейін, екі қолға бір күрек таба алмай кәсіп іздеп жүрген ағайындарға септігі тисін деген ниетпен кіріс-шығыс табыс мөлшері туралы суыртпақтап, әңгі­ме сабақтадым. Жапан далада жаз бойы жалғыз күн кешіп, іші пысты ма екен, сары шал қамшы салдырмады. Омарта ұстаудың оншалықты көп шығыны жоқ. Бұрын пайда­ланған омарталар қазір 1,5-2 мың теңгенің көлемінде сатылады. Егер бесеуін бір-ақ сатып алсаңыз 10 мың теңгеңіз шығын. Бес отбасының арасын сатып алу әрқайсы 11 мың теңгеден, яғни 55 мың теңгеге түседі. Басқа құрал-жабдықтарға тағы да 15 мың теңге жұмсадыңыз делік. Ал, табыс былайша: араның балы қазір 1 килосы екі мың теңге тұрады. Әрбір отбасынан бір маусымда 30 килодан бал алуға болады. Отыз килоны литрге айналдырсаңыз, шамамен 20 литр. Сонда әр омарта 60 мың теңге табыс береді. Ал, сізде бесеуі бар. Яғни қарапайым долбармен алғанда 300 мың теңге. Ал, бос жатқан қазақ даласының кез  келген өңірінде бес емес, төзіміңіз жетсе, ынтызарлығыңыз ауып тұрса, онын әйтпесе, жиырмасын ұстасаңыз қолыңыздан қағып жатқан кім бар. Балдан басқа балауыз, ара жемін, гүл тозаңын, араның уын да сатуға болады. Сергей Митрофанович саналы ғұмырын Айыртау ауданында өткізген. Соңғы біраз жыл Саумалкөл селосында тұрыпты. Одан соң, Астанадағы баласының қолына көшкен. Өзінің айтуына қарағанда, жаз айларында қалада тұру, еркін далада емін-еркін тұрып өскен адам үшін тозақ. Сондықтан да у-шудан, шаң-тозаңнан аулақта, құжынаған бал араларымен сырласып, күн кешеді. Он, әлде он бес жыл бұрын өкпе ауруымен ауырғаны бар. Дертінен айықпаққа жол іздеген. Сол сәтте ақыл берушілер табылып, балмен емделсең құлан-таза айығып шығасың деген. Әуелде сатып алып көрді, бірақ, өзің баққанға жетпейді екен. Содан бері бал арасын ұстайды. «Менің тіршілігімді ұзартып тұр­ған осы бал арасы» дейді ол. Әйт­песе баяғыда өліп қалар едім. Балдың емдік қуаты өз алдына. Таза ауа, жасыл жайлау, жүйкенің тыныштығы, бәрі айналып келгенде, бір рахат, ғажап дүние. Жұмыр жердің бетінде жұмақ бар болатын болса, ол осы омартаның табаны тиген жер. Омарта ұстағанды «шыбын бағып жүр» деп мазақ қылатын біздің ел сары шалдың шын сырын түсінер ме екен?  Байқал БАЙӘДІЛОВ Ақмола облысы