Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров жақында өзінің жеке топтамасындағы «Бүркітші» туындысын Ұлттық музейге сыйға тартты.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында өткен шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, бірегей жәдігерді ұсынушы тұлғаға белсенділігі үшін алғысын білдірді.
– Тайыр Мансұров ағамыз мемлекеттік қызметтің қай саласында жүрсе де өз ісін өте жақсы білетін, сонымен қатар тарихи-мәдени мұрамыздың жанашыры ретінде кеңінен танымал. Ал, оның жеке коллекциясынан шыққан мына гравюраның құндылығы өте жоғары әрі оның Ұлттық музейге сыйға тартылуы қуантарлық жайт, – деді А.Мұхамедиұлы.
Тайыр Мансұров аталмыш акцияның маңыздылығына тоқталып, Ұлттық музейдің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы еліміздегі бірегей жобалардың бірі деп білемін. Естіп-көріп отырғанымыздай, бір жыл ішінде 2 мыңнан астам жәдігер жинақталыпты. Сол акцияға қосқан үлесіміз ретінде осынау картинаны тарту еткім келеді. «Бүркітші» деп аталатын бұл туындының тарихы тым әріде жатыр. Бұл байлық ерекше, құнды дүниелердің қатарына кіреді деп сенемін әрі Ұлттық музейдің алдағы жұмыстарына жеміс тілеймін, – деді Т.Мансұров.
Картинада ІІ Александр ұлықтау рәсіміне (1855 жыл) арнайы шақырылған аңшы қазақтың бүркітін түлкіге салып жатқан сәті бейнеленген. Ал оның артында саятшылықты қызықтап тұрған император ІІ Александр бейнеленген.
Айта кетейік, Ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу мәселесіне қоғам назарын аударту мақсатында ең алғашқы акция 2015 жылы Астана қаласынан бастау алған болатын. Оған белгілі азаматтар мен коллекционерлер, жалпы мәдениет жанашырлары айтарлықтай үлес қосқаны мәлім. Ізгілікті іс мұнан кейін Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жалғасын тауып, музей қоры қыруар қазынамен толықты.
Қаршыға КҮЛЕН