Мақсат – адам денсаулығына мұқият қарау мүмкіндігін арттыру
Ұлт Жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) енгізу болатын, 100 нақты қадамның 80-ші қадамында оның мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтастығы негізінде жүзеге асатыны айқын көрсетілген. Яғни, осы үш тұғыр жауапкершілікті тең көтермек. Тоқетерін айтқанда, МӘМС дәл осы қағидат негізінде орнықпақ. Сондай-ақ, жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық бермек. Ендеше, өңірде бұл істің жай-күйі қандай деңгейде? Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ.Ирменовпен әңгіме осындай бағытта өрбіді.
– Қамидолла Мүтиғоллаұлы, биылғы жылдың тоғызыншы маусымынан елімізде МӘМС жүйесін жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар кешені басталып кеткені белгілі. Осы бағытта облыстағы медициналық ұйымдардың алғашқы беталыстары жөнінде не айтар едіңіз?
– Әуелі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не өзі? Оның тұрғындарға және тұтастай денсаулық сақтау жүйесіне тигізетін пайдасы қандай? Негізгі қағидалары нендей критерийлерге арқа сүйейді? Облыста осы басы ашық сауалдардың ара-жігін ажырату мен түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталып кетті. Соның ішінде Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің кафедра меңгерушісі Құралбай Құрақбаевтың қатысуымен өңірдегі медициналық ұйымдарда өткізілген кездесулер біршама нәтижелі болды дей аламыз.
Бүгінде бұл бағытта өңірде білікті мамандар арасынан арнайы жұмыс тобы құрылып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастады. Топ мүшелері алдын ала бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Олар өткен маусым айында Орал қаласындағы №2 және №5 емханалар ұжымдары және Теректі мен Зеленов аудандары медициналық мекемелері арасында кең көлемдегі ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын атқарған болса, ендігі кезекте бұл істің ауқымы облыстағы өзге медициналық ұйымдарға қарай бағыт алып отыр. Мұндағы іс-шаралар алдағы тамыз айының аяғына дейін созылмақ.
Ал қыркүйек пен қараша аралығында азаматтар мен жұмыс берушілер арасында нағыз жанды, ой-пікір алмасу алаңдары пайда болады деп күтілуде. Оның бастауында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тұр. Дәл осы кезден бастап мемлекет пен жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігі бөлінбейтіндей біртұтас ағзаға айналады деуге де болады. Осы негізде шын мәніндегі медициналық сауықтыру жүйесін енгізу басталмақ. Бұл іс бұған дейінгі үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып атқарылмақ.
– Республика тұрғындарының бәрі бірдей экономикалық белсенділігі жоғары халық қатарына кірмейді ғой. МӘМС жүйесі олар үшін тиімсіз, қажетті бола тұра қажетсіз болып жүрмес пе екен?
– Бір есептен бұл мәселеге алаңдауымыз өте орынды. Әйтсе де бұлайша қауіптенуге негіз жоқ. Өйткені, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен топтар үшін жарна төлеу тәртібін орнықтырмақ. Өз кезегінде жұмыс берушілер мұндай жарнаны жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді. Сонымен бірге, ортан қолдай қызметкерлер және салық органдарына тіркелу арқылы өзін-өзі қамти алатын азаматтар аталмыш жарнаны өздері төлейтін болады. Денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бар екенін білетін шығарсыз. Мемлекет осы көлемге сәйкес әрі қарай да азаматтарға қаржылай қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Сондай-ақ, мұның қатарына әлеуметтік астары мен мәні бар ауруларды қамту, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және екпе егу кіреді.
– Қалай дегенде де, ел-жұрттың бәрі бірдей медициналық сақтандыру жүйесіне енуі мүмкін емес қой. Айталық, көпшіліктің ішінде сақтандырылмаған азаматтар болатынын жоққа шығаруға болмайды. Өмір болған соң олардың да бастары ауырып, балтыры сыздайтыны анық. Сонда не істемек?
– Мемлекетімізде азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығы орныққан. Құқықтың аты құқық. Заңның аты заң. Оны орындамау, қамтамасыз етпеу еш мүмкін емес. Осы тұрғыда, өзіңіз айтқандай, сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады. Осы шеңберде олар қажетті дәрі-дәрмектермен де қамтылмақ.
– Ал МӘМС аясында сақтандырылған азаматтар қандай артықшылықтарға ие бола алады?
– Оларға жоғары технологиялық-медициналық қызметтер көрсетіледі. Стационарды алмастыра алатын тетіктер қолданылады. Ұзақ мерзімді мейіргерлік күтімдер жасалады. Мұның сыртында олар үшін дәрілермен қамтылған амбулаторлық-емханалық көмек қашанда әзір. Бұған қоса, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмектерге де қол жеткізе алады. Бұл мәселе жеке сақтандыру компанияларымен келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
– Сіз жоғарыда сақтандыру үшін жарна төлеу қажеттілігі жөнінде айтып өттіңіз. Бұл қай уақыттан бастап төленбек? Оның мөлшері қандай?
– Алдымыздағы 2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жарна төлеуді бастай алады. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының жеті пайызын құрайды. Оның көлемі кейінгі жылдарда біртіндеп өсетін болады. Ал жұмыс берушілер жарнасының жалпы көлемі кірістің бес пайызына тең. Табыс табатын тұрғындар мен өзін-өзі қаржымен қамти алатын азаматтар үшін олардың кірісінің жеті пайызы жарна мөлшерлемесі болмақ.
– Мұндай жағдайда жалдамалы жұмысшылардың жағдайы қалай болмақ?
– Олар жарнаны 2019 жылдан бір пайыз, 2020 жылдан бастап екі пайыздық мөлшерде төлемек.
– ӘМСҚ жарнасын республика тұрғындары мен азаматтардың бәрі бірдей төлемейтін шығар? Әлде, төлей ме? Мәселенің осы жағын ашыңқырап берсеңіз екен?
– Жарна төлеуден азаматтардың он бес санаты босатылады. Оның он екісі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары. Сонымен бірге, осы қатарда әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
– Әңгімеңіздің астарына қарағанда, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна мөлшеріне тәуелді болып қалатын секілді. Бұған не дейсіз?
– Бұған ешқандай негіз жоқ. Ең бастысы, жарна өз уақытында әрі ұдайы төленіп тұрса болғаны. Елімізде қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін әрі оның қолды болып кетпеуін Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті өз бақылауында ұстайтын болады.
– Әңгімемізді МӘМС мемлекет пен оның азаматтарына және еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне қандай пайда әкеледі деген сауалмен түйіндесек, қалай қарайсыз?
– Әлбетте. Жаңа жүйе ұлт денсаулығын сақтау мен аурудың алдын алудың қамын ойлайды. Осы екеуінің өрісін кеңейтуді қарастырады. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін еліміздегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің сапасы мен деңгейі одан әрі арта түспек. Сондай-ақ, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болмақ.
Әрі республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ауруханалар мен емханалар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Бұлар емдік қасиеті жоғары қымбат дәрі-дәрмектермен қамтылмақ. Ең бастысы, МӘМС республика азаматтарының жоғары санатты медициналық-скринингтік тексерулерден өтуіне қажетті алғышарттар туғызады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аурудың алдын алу дегеніміздің өзі де осы емес пе. Сондай-ақ, МӘМС жағдайында азаматтар қажет болса өз қаржысын жұмсамай ем ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ