21 Шілде, 2016

Қант Семейде де қымбаттады

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
кант3 Семейдегі азық-түлік дүкен­дерінде соңғы 10 күн шамасында қант бағасы 280 теңгеден 350 теңгеге дейін көтерілген. Қалалық кәсіпкерлік бөліміндегілердің айтуынша, бағаны көтеріп отырған қант зауыттары. Және тағы бір мәселе, қанттың бағасы өсуі былай тұрсын, ол көп жерлерде дүкен сөрелерінен жоғалып кетіпті. Ал қазір, жеміс-жидектің піскен уақыты, елдің бәрі қысқа түрлі тосап, қайнатпа дайындап, азықтарын қамдауға тырысып жатыр. – Бұл жағдай әрі кетсе бір аптаға ғана созылады, одан соң жағдай қалпына келеді, – деп түсіндірді қалалық кәсіпкерлік бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Юсупов. – Қант бағасының көтерілуі қазір жіті бақылауда. Бұл сөзбұйдаға салатын мәселе емес. Алыпсатарлыққа жол бергендерге шара қолданылады. Қант бағасының көтерілуіне байланысты кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береміз. Қазір Семейдегі қанттың орташа бағасы 290 теңге шамасында. Қалаға тәулігіне 14 тонна құмшекер қажет. Бүгінде қалада 200 тоннадан астам қант қоры бар. Алдағы 3 күнде тағы жеткізілмек. Елімізде Үкімет қаулысымен 27 түрлі азық-түлік өнімі әлеуметтік маңызы бар деп бекітілген. Оның ішінде қант та бар. Сондықтан, үстеме ақы 10 пайыздан аспауы тиіс. Семейде қанттың көтерме саудасымен 3 кәсіпорын айналысады. Жақында «Ақсұңқар» және «Спутник» ЖШС-лерге қант әкелінеді деп күтілуде. Кәсіпкерлік бөліміндегі сауданы дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенованың айтуынша, қаладағы қант көтерме саудасымен айналысатын үш мекеменің екеуінде қант қоры түгелдей таусылған. Әзірше бір ЖШС ғана 68 тонна қант жеткізген. Осы серік­­тес­тікке қала бас­шы­лығы әкелген қант­ты өзінің әріптестеріне беру­ді қоя тұрып, ха­лық үшін қала дүкендерінің сөре­лерін то­­лық­­тыруды сұрап отыр. Семейде қант­ты халық­­қа сататын 1,5 мың сауда нүктесі бар. Күн сайын халыққа 14 тонна қант тұрақты өтеді. – Біз Орталық Азия қант корпорациясы басшылығымен келіссөздер жүргіздік, онда біздің қалаға жеткізілетін 12 тонна қант дайын тұрғандығын айтты, – дейді Айжан Хасенова. – Қалада көтерме сауда жасаушылар қанттың келісін 260 теңгеден саудалап жатыр. Осыған жекелеген дүкендер 10 пайыз қосса, қанттың келісі шамамен 290 теңгеден сатылуы керек. Талап бойынша бөлшек саудадағы баға осы сомадан аспауы тиіс. Ал базарларда 340-360 теңгеден саудалануы осындай қысылтаяң уақытты пайдаланып, алыпсатарлардың қолдан жасап отырғаны. Қазір осының барлығын анықтап жатырмыз. Қанттың қымбаттауына Жамбыл облысындағы екі қант зауытындағы бағаның өсуі де әсер етіп отыр. Олардағы көтерме бағаның өзі 250 теңге. Жамбыл облысынан қаламызға келгенге дейін 260 теңге болады. Бұл жерде 5-6 пайыздан артық қосылып отырған жоқ. Ал бөлшек саудада 10 пайыздан артық қосылмай, орташа алғанда 290 теңгеден саудалануы керек. Сонымен, жүргізілген барлық келіссөздер нәтижесі бойынша Семейге жан-жақтан, яғни қант қызылшасын өсіретін зауыттардан 408 тонна қант келеді деп күтіп отырмыз. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ