Кеше қала халқы 25 минуттық зұлматта қаза тапқан полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салды.
Қаладағы Балуан Шолақ атындағы республикалық спорт кешені қаралы жиынға жиналған халыққа лық толды. Боздақтардың рухына арналған 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Атшаптырып кең зал ішіне жиналған мыңдаған азаматтың ойы мен санасына осынау дүниенің қас-қағым тылсым сәтінде не келіп, не кетпеді десеңізші...
Қаралы митингіде сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек Алматы тарихындағы қасіретті бұл оқиғаны «25 минуттық зұлматқа» теңеді. Бейбіт халықтың өмірі үшін өздері ажал құшқан есіл ерлердің есімдерін шын жүрегімен тебірене тұрып атады.
– Бүгін ақтық сапарға аттанып бара жатқан азаматтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын қорғау жолында мерт болды. Олар осында тұрған әр біріміздің бейбіт ғұмырымыз үшін өздерінің өмірлерін қиып, жандарын пида етті. Бұл оқиға, ішкі істер органы қызметкерлерінің әр күні, әр сағаты болжаусыз екенін, сондықтан да ерлікке пара-пар болатынын тағы бір дәлелдеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда халқына адал еңбек етіп, ерен ерлік көрсеткен бауырларымыздың жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталмақ.
Батырларымыздың есімдері ел мен қала тарихында қашанда алтын әріппен жазылады, – деді қала әкімі.
Ол күн, яғни 18 шілде Алматы тұрғындарына ашық аспаннан кенет найзағай ойнағандай әсер етті. Жұрттың көбі болған оқиғаның мән-жайын әлі күнге дейін дұрыстап түсініп болған жоқ. Полиция старшинасы, арнаулы екінші батальонының полиция қызметкері Аян Ғалиев қылмыскермен бетпе-бет келіп, маңдайын оққа төседі. Алайда, ақырғы демін жинап, қанішерге оқ атып үлгерген. Ақыры жауызды Аянның оғы ауыздықтауға себепші болды. Жаралы күйінде: «Орталыққа хабар бер!..», деп айтып үлгерді. Жиналған қауым Аянның ерлік қадамдарын құлағымен ести тұрып, күллі залды күңіренте «аһ» ұрды.
Алғашқы болып оққа ұшқан подполковник Ғани Нұриманов өзінің ұлымен жасты жас жігітті сабырға шақырып, шалыс баспауын өтініп тұрған шағында опат болды. Ғани өткен жылдың күзінде ғана кәсіби еңбек өтілінің толуына орай еңбек демалысына шыққан еді.
– Ғани Айтбайұлы Нұриманов менің туған әпкемнің ұлы болып келеді. Өзінің үлкені – Әлішер Алматыда жоғары оқу орнын бітірген, қазір Польшада білімін жалғастыруда. Екіншісі – Санжар биыл ғана мектеп бітірген. Келін – жесір, балалар жетім қалды. Ғани жастайынан балажан еді. Қылмыскерді ақылмен тоқтатамын деген қарусыз жиенім өзі оққа ұшты, – деп қайғырған Ермекбай Мантаев қаралы жиынға Алматы облысының Жамбыл музейі ауылынан келіпті.
Белгілі саясаткер-сараптамашы Айдос Сарыммен пікір бөлістік.
– Болған оқиға біз үшін үлкен қасіретке тең. Соңғы жылдың ішінде мұндай оқиғалар көбейіп те кетті, – деді саясаттанушы. – Осының өзі пісіп-жетілген кешенді мәселе үлкен де ауқымды, жан-жақты шараларды қажет етеді деп есептейміз. Мына қаралы жиын үстінде мен шын мәнінде қоғам болып, ел болып болған оқиғадан сабақ алуымыздың кезі келгенін ұғынуымыз керек деп ойлаймын. Шеттен келген діни ағымдарды бұдан әрі еркелетуге, еркінсітуге тыйым салу керек сияқты. Қоғам болып ұйысып, өзіміздің тәуелсіз жолымыз бар екенін, өз мінезіміз, өз пікір-пайымымыз, дәстүрлі дініміз бар екенін осындай кезде баршаға паш етудің артықтығы жоқ.
Бұл кезде Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақастек ауылында да Алматыдағы қанды оқиғаның аяқталар тұсында құрбан болған полиция қызметкерінің мәйітін қара жердің қойнына тапсырып жатқан. Жол-патрульдік қызмет полкінің кіші сержанты Мақсат Сәлімбаев қылмыскердің жолын бөгеу кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей көз жұмған еді. Жаназаға облыс әкімі Амандық Баталов келіп, марқұмның туған-туыстарына облыс халқының атынан көңіл айтты. Мақсаттың жесіріне «Асыл арман» шағын ауданындағы пәтер кілтін табыстады. Сәлімбаевтың жас отбасы бұған дейін Алматыда пәтер жалдап тұрған екен.
Қаралы жиыннан бір күн бұрын қантөгісте ауыр жарақат алған жол-патрульдік полиция лейтенанты, алтыншы құрбан – Тимур Бегасылов дәрігерлердің барынша күш жұмылдырғанына қарамастан, ауруханада көз жұмды. Лейтенант 25 шілде күні 30-ға толатын еді. Кеше 23 жастағы шекара қызметкері Азамат Әзімжановтың денесі Алматы облысының Панфилов ауданындағы Пижім ауылына, полиция капитаны 28 жастағы Бауыржан Нұрмұханбетовтің денесі Жамбыл облысының Қордай ауылында жерленді.
Алматыда әдеттегідей тағы да аяқ астынан нөсер төпелеп жауды. Қатты жауды да, 20 минуттан соң кенет басыла қалды... Бейне халықтың тыныштығы үшін өмірін құрбан еткен боздақтарға арнап Табиғат-Ана егіліп тұрып көз жасын төккендей...
Күн шайдай ашылғанда қалалықтардың жаңа легі – дені жастар, Ғани мен Азамат мерт болған Мұхтар Әуезов атындағы драма театры алдындағы метро стансасының кірер аузына, Мақсат ауыр жараланған, артынша көз жұмған қалалық ҰҚК қақпасына, Бауыржан мен Аян қайтқан Абылайхан мен Төле би көшесінің қиылысына, Алмалы ауданық ІІБ қақпасына гүл шоқтарын әкеліп қоюды жалғастырды.
Сөйтіп, Алматы тұрғындары қандай да болсын қылмысқа иық тірестіріп күрескенде ғана қарсы тұра алатынын аңғартты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген автор