21 Шілде, 2016

Қайырымдылық

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_1005 Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Байқа жолда, балақай!» тақырыбымен театрландырылған қуыршақтар қойылымы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық қорының «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны аясында ұйымдастырылған салтанатты шара лейкоз, онкология және ауыр сырқатқа шалдыққан балаларды қолдауға бағытталған. Қамкөңіл ана мен сырқат балаға ерекше қуаныш сыйлауға арналған жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық қоры директорының орынбасары Талғат Балпышев мұндай қайырымды­лық шаралармен 6 жылдан бері бел­сен­ді айналысып келе жатқанды­ғын айтады. «Біз тап осы Ана мен бала ғылыми орталығының онкология бөліміне тұрақты түр­де ұдайы көмектесіп тұрамыз. Биыл­дың өзінде бұл орталыққа осымен үшінші келуіміз. Бұл жолы біз сүйек кемігі сырқатына ұшыраған жанға дәлме-дәл сәйкес келетін ресейлік азаматтың донорлығын қамтамасыз етудеміз», – деді ол. Жалпы, ҚХА қоғамдық қоры ел ішінде шұғыл көмекке мұқтаж жандарға әркез қолұшын созып келеді. Әсіресе, қор қызметкерлері әлеу­меттік жағдайы аз қамтылған от­басы балалары мен ауыр дертке ұшырап, шипа іздеген жандардың жанынан табылуға тырысады. Сон­дай-ақ, бұл ұйым азаматтарға материал­дық қажеттіліктерді өтеу­мен ғана шектелмеуде. Ойын-сауық бағы­тындағы сал­танатты жиындарға қуыршақ театр­ларын қатыстыру арқылы бүл­діршіндерді шаттыққа кенелтуде. Олардың ата-аналарымен де жақын араласып, психологиялық тұрғыда қолдау білдіруге әркез дайын. Ал мерекелік жиынға шаңы­рақ иесі ретінде қатысқан «UMC» корпоративтік қоры» фи­лиалының директоры Бекбай Хай­рул­лин мұндай игі істі қолдап, қуаттайтындығын білдірді. «Біз, әрине, науқас балаларымыздың тезірек сауығып кетуіне тілеулес болып, осындай көмек көрсетіліп жатқанына дән ризамыз. Сондықтан да ұйымдастырушыларға зор алғы­сымды білдіремін. Ал енді жуы­рда ғана орталық 2016-2017 жыл­дарға гемопоетикалық бағаналы жасу­ша (ГБЖ) донорлығының халық­аралық тізіміне авторизациялау үдерісін жүргізді. Соның аясында ҚХА қоғамдық қорының тікелей көмегімен Ресейден донор табылып, енді оны жүзеге асыру мүмкіндігі туып отыр», – деді Бекбай Есләмұлы. Айта кетейік, бүгінде «UMC» корпоративтік қорына қарасты Ана мен бала ғылыми орталығы филиа­лында 100-ден астам бала түрлі деңгейлі дертке шалдығып, ем-дом қабылдау­да. Ал жасөспірімдерді сырқат азабынан арашалайтын мұндай қыз­мет көрсету республика бойын­ша Астана мен Алматыда ғана іске асырылады. Б.Хайруллиннің айтуынша, өткен аптада екі балаға өте күрделі операция жасалған. «Біз әлі тура осындай диаг­нозбен жатқан 5-6 бүлдіршінге операция жасауымыз керек», – деді ол. Мемлекет басшысының арнайы жарлығымен құрылып, жұ­мыс істеп жатқан бұл орталық бүгін­­де Қазақстанның тәуелсіздік жыл­­дарындағы ең таңдаулы жетіс­тік­тердің бірі болып саналады. Өйткені, бұл жер ұлт саулығын нығайтуға қомақты үлес қосып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ең күрделі операциялар да жүзеге асырылатын озық үлгілі орталыққа айналып үлгерді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА