21 Шілде, 2016

Барлығы ел ішіндегі ынтымақтан басталады

439 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ala tau 03_0351 25 жылдың ішінде Еуразия кеңістігінде және Орталық Азияда біздің ел үлкен қадамдармен және дұрыс бағытта алға басып келеді. Соның ішінде бейбіт­шілік пен келісім қадамын айрық­ша айтар едім. Екіншіден, қан­дай қиындықтар мен қаржы дағ­дарыстары кездескенмен, Прези­дент тапсырмасы бойынша белгі­ленген барлық әлеуметтік бағдар­ламалар орындалу үстінде. Бүгінде жол қартасы бағдарла­масы жүзеге асырылуда, оның оң әсері алыс ауылдарға да жетті. Өңірлерде жаңа нысандар мен жолдар салынды, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның бәрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келді, ол халықтың жағдайы жақсара түсуіне ықпал етті. Бұрын шикізат өндірумен ғана шектелген болсақ, соңғы жылдары қандай өнім болса да, оны өзіміз түпкілікті өңдеп, да­йын тауар түрінде шығару ісі жан-жақты қолға алынды. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде негізгі бағыт­тар бойынша кластерлік даму­ға жол ашылды. Өйткені, кластерлік саясат қазіргі заман жағ­дайын­да әлемде инновациялық даму­дың басты көзі болып отыр. Сол себепті кластерлер иннова­ция­ларға, өнеркәсіптік дамуға, бәсе­кеге қабілеттілік пен экономи­ка­ның тиімділігіне ықпал ететін маңызды құрал екені анық. Қазақ­станда жаңа кластерлік сая­сатты іске асыру инновациялық даму моделі мен отандық эконо­ми­каның жаңа бәсекелес артық­шы­лық­тарының негізін жасауға, эко­но­миканың, шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті базалық және жаңа секторларын арттыруға, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол үшін еліміздің қай өңірін­де қай саланы дамыту тиім­ді екендігі айқындалды. Және де солар бойынша нақты бағдар­ла­малар жасалды. Мысалы, оңтүс­тік өңір химия және фармацевтика саласын дамыту ісіне дендеп кірісуде. Ал Қостанай мен Өске­мен қалаларында машина құрас­тыру саласы дамып келеді. «Жаңадан велосипед ойлап шыға­ру­дың қажеті жоқ» дегендей, егер автокөлік нарығында әлемдік бәсекеге қабілетті машиналарды өзімізде құрастырып шығарсақ, ол өтімді болатыны сөзсіз. Әрі құрастыру зауыттарында өз азаматтарымыз жұмыс істейді. Астанада «Тальго» пойызын шығару, электровоздар, вагондар құрастыру ісі жолға қойылған. Орал қаласында шағын кемелер жасалып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблея­сында қызмет істеп жүрген кезім­де Ассамблеяның Кәсіпкерлер қауым­дастығына басшылық жаса­дым. Оның мақсаты әрбір этнос­тық топ тарихи отанымен мәде­ни-рухани бағытта байланыс ор­нату­мен қатар, тиімді эконо­ми­ка­лық қарым-қатынасқа, яғни инвес­тиция тартуға, жаңа заманауи технологияларды әкелуге ықпал етуі керек. Сол арқылы жаңа инновациялық жобаларды іске асыру – бүгінгі заман талабынан туындап отырған қажеттілік. ҚХА-ның XVII сессиясында Елбасының бастамасымен сондай шешімге келген едік. Осы бағытта жұмыстарымыз өз жемісін беріп келеді. ҚХА Кәсіп­керлер қауымдастығының ар­қа­сында, темір жол, жол-көлік инфра­құры­лымы, энергетика және басқа да салаларда бірнеше бірлес­кен кәсіпорындар құрылды. Қазір елімізде қант өнеркәсібін дамыту ісіне де үлес қоспақшымыз. Мысалы, Украинада қант өндірісі жақсы дамыған. Сондай-ақ, кейбір технологияны Беларусь, Германия және Өзбекстаннан алып жатырмыз. Соның нәтижесінде аталған ел­дермен арада сауда-эконо­мика­лық байланыстың үлесі де арта түсетіні белгілі. Ең бас­тысы, бізге деген сенім бар. Сондықтан да бірлескен кәсіпорындар құруға барлық мүмкіндік жасалған. Шетелдік инвесторлар қаражатын салудан қорықпайды. Өйткені, біз дамып келеміз, олардың бастаған істері далада қалмайды. Қазақстан көп салалы саясатты ұстанған ел, ол өз жолымен жүріп келеді. Біз экономикалық бағытта 150-дей елмен байланыс ор­натқанбыз. Ізгі ниетпен келетін адамға есігіміз ашық. Қазақ халқының қонақжайлы мінезі елдің сыртқы саясатында да көрініс тауып отыр. Кезінде Жібек жолының үлкен саудасы да осы қазақ жерімен өткен. Бізде жасы үлкенді, бірге тұрып жатқан адамдарды құрметтеу мәдениеті қалыптасқан. Қандай ұлттың өкілі болса да, оның дініне, тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне сый­лас­тықпен қарау керек екені ұр­пақ­тан ұрпаққа тәрбиемен беріліп келеді. Ол аз десеңіз, көрші тұрып жатқан өзге ұлт өкілінің ұлттық тағамдарын да жақсы біледі. Мәсе­лен, борщты білмейтін қазақ жоқ шығар. Мен өзім қазақтың етін, қуырдағын, қазы-қартасын, бауырсағын сүйсіне жеймін. Кеңес Одағы құлаған тұста Өзбекстан бірден өзбек тілінде сөйлеуді қолға алды. Ал біз 25 жыл бойы қазақ тілін барлық салаға бірте-бірте енгізіп келеміз. Қазір ұлты өзге көптеген жастар жақсы сөйлей алатындай деңгейге жетті. Бұл да тағаттылықты білдіреді. Тілді зорлықпен үйретсек, іштей қарсылықтары болуы мүмкін, ал өздерінің қызығушылығын, қажеттілігін тудырып барып, олар құрметпен, ынтамен оқып үйренсе, оның нәтижесі біз күткендегіден де жоғары болмақ. Қазақстан халқы – біртұтас. Өткен жолы – бір, тағдыры – бір, болашақ мақсаты – бір! Біздің елдің өзіндік ерекшелігі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымында үлкен мәртебеге ие болуымыз және Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемге үлгі болуы – елдік жеңісіміз. Қазақстанға келген сапарында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Муннің: «Сіздерді шағын Біріккен Ұлттар Ұйымы дер едім», – деген сөзінде үлкен мән бар. Шынымен де, бізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату­лық пен келісімде өмір сүріп­ жатыр. Бізде бәрі – тең. Мыса­лы, орыстар үлкен этнос, ал қара­шай-балқарлар бірнеше мың­дай болса да, бәріне де бірдей қарай­мыз. Ешкімге санына, тіліне, дініне, салт-дәстүріне немесе мәде­­ние­тіне қарап артықшылық беріл­мейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – елді бірлік пен тұтастыққа бастайтын әлемдегі бірден-бір институт. Қазір көптеген мемлекет­тер ҚХА-ның тәжірибесін, құрылымдық ерекшелігін, қызметін зерттеп жатыр. Жылына 20 шақты делегация келіп, біздің жұмысымызбен танысады, тәжірибемізді өздерінде енгізгісі келеді. 21 жылдың ішінде этностар тарапынан да, мемлекет деңгейінде де көптеген жұ­мыс­тар атқарылды. Бұл жерде Ассамблеяның Төрағасы ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болғандығы да үлкен рөл атқарып отыр. ҚХА-ның әрбір сессиясына өзі төрағалық етеді. Ол жерде қабылданған шешімдерді барлық мемлекеттік органдар орындайды. Облыс әкімдері – кіші Ассамблеялардың төрағалары. Барлық шешімдер жоғарыдан төменге дейін орындалатыны сондықтан. Ел ішінде бейбітшілік пен келісім болса, бизнес те дамиды, экономикалық өрлеу де айқын көрінеді. Қай жерде тұрақтылық болса, адаммен дұрыс қарым-қаты­нас жасайтын болса, әрбір аза­мат – ол бизнесте, мәдениет сала­­сында немесе мемлекеттік қыз­метте болсын, қай салада жүрсе де өз мемлекетін дамытуға үле­сін қосуға тырысады. Ел іргесінің беріктігін нығай­ту саласында қызмет жасап келе жатқандықтан, әрбір ұлт­тың өзіндік ерекшеліктерін де бай­қаймын. Дегенмен, қазақ пен украин халықтарының арасын­да ұқсастықтар да бар. Бірін­шіден, менталитеттері ұқсас. Кеңпейілділігі, дарқан көңілі, қонақ­­жайлылығы, жан дүниесінің ашық­тығы бір-біріне жақын дер едім. Адамдарымыздың еңбек­қор­лық қасиетін атап өтер едім. Жаңа дүниені білуге деген құл­шы­ныстары басым. Маған екі ұлттың да халық әндерінің әуезділігі қатты ұнайды. Бір жақындық бар сияқты. Сөздік қорымызда ортақ сөздер бар. Мысалы, майдан деген сөз. Тұрмыстық салт-дәстүрімізде де ұқсас жайттар аз емес. 90-жылдары еркіндік беріл­ген кезде шамамен 800 мыңдай украиндық атажұртына оралды. Қазір кері келіп жатқандары да бар. Осы жақтан көшіп кеткендер Қазақстан дегенде ерекше ықылас танытып тұрады. Қазақстанның әрбір жетістігіне қуанады. Жазғы демалыс алған кезде осында келіп, туып-өскен жерлерінде болып, бұрынғы көршілерімен, достарымен кездесіп, қуанышқа бөленіп жатқандарды да көріп жүрміз. Олар біржола қоныс аударса да Қазақстанмен байланыстарын үзген жоқ. Өзім Украинаға барып тұра­мын. Онда тұрып жатқан қазақ диас­порасы да аз емес. 15 мыңдай қазақ бар. Жоғары оқу орнын бітіріп қалып қойғандар, әскери қызметтен кейін қалғандар және жұмыс барысында барғандар тұрады. Қазақстан елшілігімен тығыз байланыс жасайды. Үш қоғамдық бірлестік бар. Әсіресе, Харьковте, Киевте үлкен ұйымы бар. Маңызды мерекелерге шақы­рып тұрады. Олармен біз де тығыз байланыс жасап тұрамыз. Киевте Абай атындағы кітапхана бар. Әттең, Украинада біздегідей Ассамблея жоқ, ондай ұйым болса, қазіргідегідей оқиғалар, қақты­ғыс­тар болмас па еді?! Мүмкін, болашақта осындай іргелі ұйым құрылар. Бізбен ниеттес елдердің бәрінде бейбітшілік пен келісім болсын деп тілейік. Юрий ТИМОЩЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты