21 Шілде, 2016

Ажырасудың азаймауы неліктен?

636 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
развод-2 Соңғы уақыттарда екі жастың үйленуі үшін несие алып, барынша шашылатындар, артынан еш қам жемей ажырасуға асығатындар артып келеді. Кереге кеңейтуді көксейтіндер кеміп, қоғамға салтымызға сай келмейтін салт бас­тылар еніп келеді. Бірі махаббат отының сөнгенін, енді бірі жиған-тергенін, тіпті, бірі өзгеден көргенін алға тартып жалғызбастылыққа, оған да емес-ау, еркіндікке еліте түсуде. Отбасылық өмірдің аз-маз қиындығын көз көрген соң, тартып отырып АХАТ-қа жүгіретін жастардың бойында жауапкершілік жүгін сезіну тыйылып барады. Ұлттық экономика министр­лігі Статистика комитетінің мә­лі­меттеріне жүгінсек, биылғы жыл­дың алғашқы тоқсанында Қазақстан бойынша 11070 неке тіркеліп, оның 3071-і бұзылған. Ал Астана қалалық әділет департаментінің АХАТ бөлімінің қызметкерлері бір елорданың өзінде үстіміздегі жыл­дың қаңтар, ақ­паны мен наурызындағы жағдай бойынша көңіл көн­шітпейтін деректерді алға тартты. Бас қала бойынша 2608 неке тіркеліп, 972-сі бұзылып отырған көрінеді. Ал өткен жылдың бірінші тоқсанында 2573 некенің 1012-сі бұзылған. Са­лыстырмалы түрде өткен жылы да, биыл да некеге тұру саны мен оның бұзылуы тең жартысына жуық көрсеткішті аңғартып отыр. Сонда, отау құрған үш отбасының бірінің шаңырағы шайқалуда деген сөз. Мұндай көрсеткіштер жыл са­йын айтылып, көрсетіліп келеді. Тек, проблема сол күйінде тұр. Себебі, жаһандық сипат алған бұл мәселенің себептері мен салдары көп. Бүгінгі таңда әлем бойынша отбасы тұрақсыз институтқа айналып келеді. Еуропа мен АҚШ-та да осы мәселе алаңдатарлық ахуалға айналғалы біршама уақыт болды. «Мир 24» ақпараттық агент­­тігі осы тақырыпқа бір­қатар талдау жүргізіп, ажы­ра­судың алғышарттарын ажы­ратып ба­ғыпты. Аталған агенттіктің дерегі бойын­ша, Еуропа елдерінде мем­лекеттік жәрдемақы жүйесінің жетілгендігі, материалдық жағ­дайлардың дұрыс бол­ғандығынан азаматтар бір-біріне тәуелсіз өмір сүре ала­­ды. Сондықтан да неке эко­номикалық тірек болу­дан қалады, ал отбасы болу үшін азаматтық некенің өзі жетіп жа­тыр. Осы себептен де ажырасу артып отырған сы­ңайлы. Одан кейінгі мәселе – көзге шөп салу. Еуропадағы ажырасу себептерінің басым көпшілігі ерлі-зайыптылардың бірін-бірі алдауы, көңіл жа­распаушылықтан туындайды. Ал үшінші себеп – алкогольді ішімдікке салыну мен есірткі қолдану фактілері. Әрі қарай, бедеулік немесе бала сүюден қашу мәселесі көлденең тұ­рады. Бүгінгі таңда мансап жо­­­лында балалы болудан бас тартатын іскер әйелдердің кө­бейіп кеткендігі ерлердің нара­зылығын тудыруда. Осы себептен жас жұбайлардың арасында келіспеушілік туындайды. Ендігі кезекте соңғы он­жыл­­дықта Еуропа елдеріндегі ажырасуға үлес қосып келетін жаңа себеп компьютер ойын­дарына тәуелділік екен. Күндіз-түні монитор алдында отыратын ерінің зайыбына назар аудармауы ажырасуға бірден-бір себеп. Айта берсек, ажырасу жөнінен Португалия көш бастап тұр. Онда әр 100 некенің 67-сі бұзылады. Одан кейінгі кезекте Солтүстік Еу­ропа елдерінде – 44-45%, АҚШ-та – 53%, Австралияда – 43%, Канада – 48%, Жаңа Зеландия 42%-дық ажырасу көрсеткіштерімен алда келетін болса, ТМД бойынша Ресейде – 51%, Украина, Молдовада – 42%, Белоруссияда – 45%, Эстонияда – 58%, Латвия, Литвада – 52%, Грузия 19% болса, Қазақстан – 27%, және аз пайыздық көрсеткішпен Өз­бекстан – 8%, Тәжікстан 6% болып отыр. Ұлыбританияның «The Economist» журналының дәстүр­лі «Әлем статистикасы-2015» жи­на­ғында Қырғызстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлем ел­дері арасында 48-ші орында тұр. Ал Қазақстан болса, ал­­ғашқы ондыққа кірген, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы. Осыдан бір жыл бұ­рын әлеуметтанушылардың еліміздің ажырасу бойынша ондыққа кіргені жөнінде дабыл қағуы тегін емес. Себебі, жаппай ажырасу салдары көптеген өкі­­­ніштерге ұрындыратыны айтпаса да бел­гілі. Бірін­ші ке­зекте мемлекет мерейін ай­шық­тай­тын, Отанның оша­ғы са­нала­тын отбасылар­дың ыдырауы демография саясатына салқынын тигізетіні анық. Одан кейін, әрине, ұлт ретіндегі құндылықтар­дың құлдырауы, ажырасу ұр­пақ тәрбиесіне ауыр соққы әкеледі. Батыста бой көрсет­кен азғындық әдеттің көрінісі, бүгінгі таңда сол елдердің өзіне де опа бермей отыр. Ал о баста «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақтың салтына кірер, үлгі аларлықтай үрдіс осы ма еді? Әлеммен бірге аяқ алысып, өзге елдермен иық тірестіріп да­мып келе жатқан жас мем­лекетіміздің жаһанданудан қа­лыс қалуы мүмкін емес. Тек даму жолында тамыр-тари­хы­­мызды, ұлтымыздың ұсты­нын, ата-баба салты мен діни құн­дылықтарымызды жоғалт­пауымыз қажет. Гендерлік сая­сатты ұстанғанда әйелдер мен ерлердің құқығы тең болуы әлем көшіне іліккен соң, жөн де шығар. Тек, бұл сая­сат әйелдерді жоғары қыз­метке қойғанымен, олардың отбасындағы орны қа­шанда бөлек екенін әрбір нәзік жанды өзі ұғынуы тиіс-ақ. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын тұрмыс құрған қыз-келіншектердің төр­кінге қайтып келуі өліммен тең бол­ғанын үлкендер жағынан жиі естиміз. Ұзатылар қызына «тастай батып, судай сіңуіне» кеңес беріп, келіндік қызметін жөнімен атқаруға жол сілтейтін аналардың бүгінгі таңда мақалы да өзгерген. «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» дегенді алға тартып, тұрмыстың түрлі сынына төзбеген қызын ажырасуға өзі үгіттейтін аналар көбейді. Айтар болсақ, ажырасу ардың ісі емес, бардың ісі секілді. Бұрынырақта ажырасқанда кімге сыямын не­месе қайда барамын дейтін келін­шектердің қазіргі таңда баратын жері, басатын тауы бар. Құ­шақ жайып қар­сы алар анасы, қолындағы бөбегін бауырына басатын төркіні бар. Ата-ананың үкілі үмітін ақтап тұрмысқа шығып, бө­тен үйдің түтінін түтетуге бет алған соң, жолы нәзік қыз­дың алдағы стратегиясы – барған жердің бағы және сол шаңырақтың үзілерге жаны болуға ұмтылуынан бастау алады. Айтарға жеңіл, әрине, дегенмен салтымыздың сауы­тына сыятын үрдіс осы. Қа­шанда мұсылман қауымында келіннің орны босағада болған. Сол арқылы өзінің жөнін, өзінің орнын білетін келін уақыт өте жүректердің төрінен орын алған. Келін болып түскеннен тектілігін, одан қалды епті­лігін көрсетуге тырысатын болса, қыздың ұтылар жері жоқ. Ал бүгінгі таңда көңілі күпті, күн­шілдік пен қанағатсыздық бойын билеген келіндер мен жа­тыпішер, жалқаулық пен на­мыссыздыққа бой алдырған күйеулер көбейді. Шөптің басын қимылдатып, ақша таппайтын жалқау ерлердің бір­қатарын өз ма­ңайымыздан кө­ріп те жүрміз. Тап солай, беттен алып төске ша­батын, енесімен ерегісіп, қайын­жұртпен керіл­десіп отыратын келіндер де жоқ емес. Ерінің тап­қан аз-маз қар­жысын қанағат тұт­пай, аспандағы айдың сыңарын сұ­райтын нәзікжандылар да жетерлік. Десек те әр мәселенің екін­ші ұшы барын ескермеуге болмайды. Бұл ретте жаңадан ша­ңырақ құрып, араға тағы бір кіші мемлекет қосылған соң, сол мем­лекеттің құламауына, ыдырап қирамауына үлкендер жағы, тәжірибелі жандар септесуі керек-ақ. Осы мә­селеде келінге күн бермейтін ене­лердің де дені артып келетінін ескерген маңызды. Біреудің аялы алақанында өсірген қызын үйіне келін етіп түсірген соң, оның осы шаңыраққа кірі­гіп, өзгелермен бірігіп кетуі үшін аянбай жағдай жасайтын ардақты енелер болса, шаңырақтың құламауы бек мүмкін ғой. Келінге бөтен еке­нін ұғындырып, босағадағы орнын беталды нұсқай беретін, баласын келінге қарсы айдап салып отыратын енелер от­ба­сының қас жауы деуге болады. Ажырасуға себеп көп, оның салдары жетім жүректерді кө­бейтті. Әлемдік проблемаға айналған бедеулік мәселесі, яғ­ни баласыздықтан ажыра­сып, шаңырағы шайқалып жатқан отбасылардың көбейіп отырғандығын айтып өттік. Осы сауалдар бойынша арнайы репродуктолог-эмбриолог ғалым Салтанат Байқошқароваға хабар­ласқанымызда, маман қазіргі таңда ажырасу үшін баласыздық сылтау емес екендігін қынжыла жеткізді. Себебі, ЭКО жасатуға келген ерлі-зайыптылардың кейінгі уақытта ажырасып кетіп, бас­қаға үйленіп жатқандарын өз тәжірибесінде көп кездестірген ол бедеулік проблемасы жа­һанды жайлап тұрғаны­­­­­мен, меди­цинаның қарыштап да­мы­­­­ған заманында бұл мәсе­ленің 95-97 пайыз шешіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, бірнеше баласы бола тұра, бақытсыз отбасылардың көбейгенін жасырмады. Тіпті, он жыл бойы бала сүю бақытын аңсаған ерлі-зайыптылардың етегі жасқа толып, жасанды ұрықтандыру жолмен балалы болу үшін өзіне арнайы келіп, сол арқылы үшемді дүниеге әкелген соң жұбайлардың артынша ажырасып, әлгі әйелдің кейінгі күйеуінен тағы да ЭКО жүйесі арқылы балалы болғысы келетінін естігенде қа­мығып қалғанын айтты. Үшемді босанған соң, сол үш перзентін анасына тастап, тағы тұрмыс құрған келіншектің бұл қылығы санасына сыймағанын көлденең тартты. «Абай атамыз айтқандай, «Адамның бір қызығы бала деген...», көр­діңіз бе, тек бір қызығы, бар қызығы емес», деген ғалым бұл мәселеде адамдардың санасының бұзылуы, Батысқа еліктеушіліктің салдарынан құндылықтардың құлдырауы артуда екенін айтты. Жас­тар­дың жауапкершілік­ті сезінбеуі, төзбеушілік, өзара сый­лас­тық­тың бұзылуы, эгоизм ажырасуға әкеп соғады, дейді Салтанат Берденқызы. Ал «Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб-имамы Әділ­хан Иман­әліұлының айтуы бойынша, ажырасу ерлі-зайып­тылардың шариғат бойынша өз міндетте­рін орындамауынан туындайды. Мысалы, әйелдің күйеуіне ба­ғы­нуы, рұқсатсыз сыртқа шық­­­пау, ерінің жағ­дайын жасап қас-қабағына қарау басты мін­деттердің бірі болса, ерлердің міндеті отбасын материалдық, моральдық тұрғыда толыққан­ды қам­та­масыз ету болмақ. Ал бүгінгі қоғамда ерлер мен әйел­дердің міндеттері ауысып, сынық­қа сылтау іздеп тұратын жұбайлар ажырасып кетуге бейім болып барады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны ақиқат. Сондай жағдайларда жұбайлардың бірі төзімділік танытып, ұрысты ушықтырмай бірден тыйылуы тиіс. Берекелі, іргесі мықты отбасы болу алғаш­қы қадамнан, яғни жақ­сы жар табудан басталады. Қыздың имандылығына, діндарлығына қарап әйелдікке алса, мұсылман бауырларымыз адаспаушы еді. Шариғат жолымен жүретін жандар кез келген келеңсіздіктер мен түйткілдерді төзімділікпен, сабырмен жеңе алады, деді Әділ­хан Иманәліұлы. Мемлекетке жарық сәуле мен жылу беретін күш – отбасы, ал отбасының оты – ондағы бірлік, ынтымақ және өзара сыйластықтың арқасында мәңгі алаулап жанбақ. Бір, екі және ондаған отбасының құрылымы бір Отанды қалыптастырады. Сондықтан да оның отын сөндірмеуге тырысатын әр азамат елі үшін қызмет етеді десек, артық айтқандық болмас. Жан дүние жарасым тауып, түсіністік тұғыры биік болса, бәрі де жөн болушы еді. «Отбасылық өмірде бас­тысы – шыдамдылық, махаб­бат ұзақ болмайды», деген екен орыстың ғұламасы Антон Чехов. Ал атақты Артур Шо­пенгауэр: «Үйленіп үй болу – жауапкершіліктің екі есе артуы», дейді. Сан жылдар бұрын отбасы құндылықтары туралы осындай іргелі сөздер қалдырған философтардың әлдеқашан бұл мәселенің түйінін ағытып кеткенін ескерсек, дұрыс жолмен жүруге ұмтылыс танытар едік. Ал ажырасу жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» деген. Үйлену –сүннет, үй болу – міндет екенін білсек, өмірде ең әуелі жар таңдауда, одан кейін мерейлі отбасын қалыптастыруда асқан жауапкершілік таныту қажет. Адамзат Адамата-Хауана за­­манынан бері жұптасып ғұ­мыр кешіп келеді, жалғыздық Құдайға ғана жарасқанын пенде ғұмырында көз жеткізіп болды. «Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймылмен маймыл жұптасқан, өз теңін тапқан соң ғана, адымын олар нық басқан», дейді Мұхтар Шаханов. Ендеше, мемлекет мерейін айшық­тай­тын отбасылардың артуына әрқайсымыз да жауапты еке­німізді ұмытпайық! Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан» Астана