21 Шілде, 2016

Ескі картина. Ежелгі тарих

725 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_9064+ Ұлттық музей ұжымының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала елі әлемдік өнерде» жобасы аясында австриялық суретші Питер Иохан Непомук Гайгердің «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты картинасынан салынған кескіндемелік туындының таныстырылымы болып өтті. Суретші Питер Иохан Непомук Гайгер (1805-1880) Вена көркемөнер академиясын бітірген және көпшілікке Австрия тарихын бейнелеуші ретінде танымал. Көптеген тарихи шығармалар мен поэзиялық дүниелерді бейнелеумен қатар, суретші майлы бояумен суреттер салып, Иохан Вольфганг Гёте, Фридрих Шиллер мен Уильям Шекспир сынды классиктердің туындыларына да иллюстрациялар жасаған екен. Ол 1850 жылы өзінің Шығыс елдерін аралаған сапарынан оралады. Сол елдердің тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен алған әсері негізінде суретші еуропалық көрермендерге беймәлім Шығыс әлемін таныстыратын шығармалар топтамасын дүниеге әкелді. Осылайша ол 1873 жылы «Ғұн­дардың аландармен шайқасы» атты графикалық картинасын дайындайды. Аталмыш картинаның үлкейтілген көшірмесі Ұлттық музейге қойылып, көрермен назарына ұсынылды. «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты көркем туындының сюжеті ғұн­дар мен аландардың арасында болған тарихи шайқасқа негізделген. Суретте екі жауынгер халықтың кес­кілескен соғысы бейнеленген. Автор экспрессия мен динамикаға толы сызықтар мен сызықшалар ар­қылы алапат ұрыс жағдайын, рухын суреттеген. «Біздің Ұлттық музейдің ұжымы «Ұлы Дала елі әлемдік өнерде» ат­ты жобаны бастап отыр. Оның негізгі мақсаты бай тарихымызды сырлы суреттеріміз бен құнды картиналары­мыз арқылы да жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады. Ал бүгінгі картинаның қыс­қаша тарихына тоқталсам, бұл картинаны елімізге мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді ағамыз Франциядан алып келген болатын. Және «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының аясында оны бізге ұсынды. Біз оны үлкейтіп, барлық халық көрсін деп көрмеге шығарып отырмыз. Бұл тек бір адамның еңбегі емес, бұл біздің бірнеше суретшілер бірігіп жасаған топтық туынды», деді Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай. Өмірбек Байгелді аталмыш кар­тинаның артықшылықтары мен кем­шін тұстарына тоқталып өтті. – Қаншама зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Белгілі болғандай, кар­тинаның мазмұны өте тереңде жатыр. Алайда, автор кей жерлерде қа­телікке бой алдырған. Олай болуы да заңдылық. Себебі, өзге елдің тарихын танып-білу, оның үстіне қазақ секілді текті халықтың өткенін бейнелеу екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Соған қарамастан, өзге ел­дің суретшісінің туындысы болғаны себепті бұл өте құнды картина болып табылады, – деді Ө.Байгелді. Сондай-ақ, қазақ халқының жоң­ғарларға қарсы азаттық күресінің айтулы шайқасын бейнелейтін Айдар Жамханның «Аңырақай шайқасы» атты туындысы да музей экспозициясынан орын алған. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ