Түн түндігін түріп, қараңғылықты қаумалай шыққан күн құлақтанып біразға дейін аспан етегінде тұрып алыпты. Көрші үйдегі Құрманның ағасы: «Күн құлақтанды, келін ұл тапқандай қуанып келдім, – деп есіктен кіре тілегін білдіріп еді. Құрман күлімсіреп: – Арғымаққа шабатын ұлды болдым, – деді. – Е, құтты болсын. Тойды дүрілдетелік. – Келіннің қалжасына арналған қой қорада, қазір соны жайратайын», – деп Құрман ас үйден қайрақ, пышағын әзірлей бастады. Бөлмеде сәбидің іңгәлаған үні естіледі. Бұл 1918 жылдың 1 қаңтары болатын. Елде арпалыс бар, қайғысыз қара су ішу мұңға айналған. Ақтар өтті ойрандап, қаншама үй өртенді, қаншама адам оққа ұшты, қаншама әйелді зорлады. Сібірді басып алған Колчак қанатын кеңге жая бастаған. Кеңес үкіметінің тағдыры қиынға айнала бастаған кезде Атбасар, Мариновка селоларын ақтар ойрандай бастаған кезде Ирченко мен Белаш басқаратын халықтық армияның 7000 қаруланған кедейлері Атбасар, Көкшетау, Ақмола, Петропавл уездерін Колчак бандыларынан тазартты. Ел мен жерді қорғап қалды. Олардың құрамында Құрман бастаған кедейлер де ерлік етіп еді. Арыны қатты қызылдар да көмекке келген-ді. Сол қырғын аз дегендей елде сүзек індеті өрттей кесіп жатты. Большевек Әділбек Майкөтов «Қосбармақ» өңіріндегі сүзекпен ауырғандарды қара тұздың суын ішкізіп, ем-дом жасап біразын ажалдан құтқарды. Осындай зобалаңды еске алған Құрман:
– Заман бір тәртіпке келер ме екен? Ұрпағымыз бақытты болса екен? –деді.
– «Ұзын құлақтың» айтуына қарағанда, халықты жарылқайтын қоғам болады деседі.
– Айтқаны келсін, аузыңа май, астыңа тай, сұрапыл сүргін... дүниенің астан-кестеңі шықса оңалуы оңай болмас, – деді Құрман, бұрынғыдай жиын, тойды дүрілдетіп атқаратын Құрманның жағдайы жоқ. Жаңа туған ат ұстар ұлға ағайын, туыстары қырқынан шығарып есімін беруге жиналды. Құрман сөз алып: «Жабыққанда да, тарыққанда да Ақан серінің әніне ерік беруші едім. Үш жүзге мәшһүр болған сол Ақан есімін ұлыма арнасам, – деп еді. Ағасы Құсайын ойын кібіртіктеп: «Ақанның қайғы, мұңы қалың еді, адам өмірі есімінің аталуымен көп нәрсе байланысты болатындай сезінемін», – деп қалды.
– Періште ғой, жақсы тілек айталық.
– Көңілде күдік болмасын.
– Құрманның аузына құдай салған шығар, – деп отырғандар мәмілеге келіп ұлын Ақан деп атады.
Сол Ақан ер жетіп 1939 жылы Қызыл Армия қатарында міндетті борышын өтеуге аттанды. Жиырма шақты жігіт ойнап, күліп кетті. «Қосбармақ» өңірін мекендеген жұрт ақ тілек білдірді. Ақандар амандық болса елге қайтамыз деп тұрғанда соғыс басталды.
– Елге келген хатында, – деді орта мектептің тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз Ораз Мұсайұлы Беркімбаев: «КПСС мүшелігіне өттім, Чернигов атындағы гвардиялық 76-шы атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа кірістім. Фашистерді өздері қазған көріне өздерін көмеміз», – дегендей әрбір хаты жігерге, ерлікке толы сөйлемдер еді. Сүгіреттері де, хаттары да мұрағатта сақтаулы», – дейді.
...Днепр тағы сол сияқты су бөгеттерінен ерекше ерліктерімен ойдағыдай өткені, Украинаны азат етудегі ерекше ерліктері үшін 150-ден аса қазақстандық жауынгерлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «1943 жылы 4 декабрьде 25-гвардиялық атты корпустың командирі, генерал-майор Ғ.Б.Сафиуллин Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында: «Днепр бойында болған ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға үсті-үстіне соққы беріп, өздерінің Отан-анасына деген ыстық махаббатын көрсетті, сонымен қатар, халық батыры Амангелдінің қызу қаны бойларында қайнап тұрғандықтарын танытты. Қазақтардың Днепр бойында және Днепрден өткеннен кейін де барлық жасаған ерліктерін санап жату мүмкін емес», – деп жазды. (Қазақ энциклопедиясы, 238-б). Бұдан артық ерлік жолын баяндауға қосып, аларымыз болмас еді.
«Қосбармақ» өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрмановтың теңдесі жоқ ерлігі бүкіл Одаққа, қазақ халқына мақтаныш болды деп туыстары, жерлестері аңыз етіп айтып жүрді. Бірен-саран қариялар 25 жасында қыршын кетті, ұрпақ та қалмады, деп өкінетін. «Батырдың аты өлмейді, ғасырларға есімі жұлдыздай жарқырап тұрады деуші еді. Қалың көптің бет алысы, талап, тілегі 1930 жылы құрылған колхоз есімін Ақан Құрманов атындағы дегізу үшін бауырлары және ауылдастары болып өтініш жазып ардагер Самат Құсайынов бастаған топ Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметовке дейін барып заңдастырып алып еді. Одан кейінгі жылдары Николаевка, Ақан Құрманов шаруашылықтары «Самар» совхозына бірікті. Тың игеруге келген Ихаба деген директор Ақан Құрманов атын сақтаймыз деп алдап соқты, түрлі құжаттарды «Самарский» деп толтырып өткізіп жіберді. Қазақтың қиянат көргені аздай, Ақан есімінде не көше, не мектеп, не совхоз аты болмай жер соғып қалдық. Кейінірек те шаруашылығымызға Ақан Құрмановтың есімін қайтару жөнінде талай жаздық. Бәрібір түк шықпады. Жаза, жаза қалжырадық та орта мектептің жанынан Ақанға арналған мұрағат ашып Ақанның тұтынған заттары, қаруластарының майданнан жазған хаттары, түрлі фотолар, Ақанның туыс, туғандарының түрлі заттарын жинастырып, ұрпаққа өнеге есебінде ұсындық. Батырдың елдегі және майдандағы өмірін ұмыт етпеудің өзімізше амалын алдық.
Шаруашылықта сексеннің сеңгіріне шыққан қарттар Қайырбек Орынбаев, Бекен Мұсағұлов: «Көп азшылықты тыңдар ма, үстемсіп, басқыншылық танытып аузымызды аштырмады ғой. Тың игеру жылдарында «Самардан» келген орыс тілділер бақай есеппен өтірігін де айтты, тыныш отырыңдар деп жанымызды да қысып тастады. Сөйтіп, Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов бауырымыздың есіміне зар болдық. Осында жүз үй Ақанның туыс, туғандары бармыз, үніміз жоғарыға жетпей мысымыз құрыды», – деп мұңын шағады. Ана жылы ауылдастардың тілектеріне қолдау таппай, күдер үзгендей жан қиналысын көріп едік. Астана қаласынан бір көшені Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрмановқа атаса, қалың жұрт өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болар еді... Ақан рухы жұмыр жердегі тірі пенденің қаны төгілуінен сақтасын деп байыз таппай жүргендей сезінесің. Батыр рухын мұң баса көрмесін!..
Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы
Астана