Қаруды қатар ұстап, әскери қызметін өтеп жүрген егіздер туралы сыр
«Отан – оттан да ыстық». Бұл тәмсіл әрбір жауынгер жүрегінде орын алса, онда алынбайтын қамал, жеңілмейтін жау болмаса керек. Әскер – сарбаздар бойына дәл осы құндылықтарды құюда аса маңызды мектеп. Оң мен солын танып үлгерген бозбала жалын атқан шақтың жалғыз-ақ жылын әскерге арнаса, арғы ғұмыры өздігінен ретке келіп, жүйесін таппақ. Бұл әскер қатарында болған әркімнің де қосыла құптайтын шындығы.
Жақында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімі осы көктемде әскер қатарына шақырылған жас буын жауынгерлерді қабылдады. Атырау, Ақтау, Астана және Ақмола облысынан шақырылған жауынгерлер Тәуелсіз еліміздің айбынды әскерінің қатарын толықтырды. Әскери орта оларды біркелкі тәртіп тұғырына қондырды, «мен» деген түсініктен гөрі «біз» деген бірлік биігіне шақырды.
«Отан» және «борыш». Осы ұғымдар егіз деп білсек, әскер қатарына шақырылған сарбаздар сапында бірінен бірін ажыратқысыз егіздердің бары осы киелі түсінікке ерекше екпін беретіндей. Енді ше... Екі бірдей егізін әскер қатарына аттандырғанда ана мен әкенің осы ұғымдарға деген көзқарастары аса қастерлі болғандығын аңғару қиын емес. Олардың есімдері Мұса және Мұхаммед Дүйсеновтер. Қос пайғамбардың есімін арқалаған егіз жандар бір-бірінен айнымай қалған. Алғашқыда қайсысы Мұса, қайсысы Мұхаммед екендігін айыра алмай бөлімше командирі қиналғанын айтты. Десе де, амалын тауып бұйрықты екеуіне бірдей беріп, жұмсайтын болған. Өйткені, біреуін жұмсаса сыңарын іздеген ол тапсырылған жұмысты алаңдай жүріп шала-пұла атқара салатындығын аңғарған. Ал біріксе бір кісідей тындырып тастайды.
Ақмола облысы, Көкшетау қаласынан келген Мұса мен Мұхаммедтің есімдерін әжелері Гүлжәмила қойған. Бауырына басып, әжелік мейірімін қос қозысына аямай төккен ана оларды қазақы болмыс және иман ізгілігінде тәрбиелеген екен. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Гүлжәмила әжей егіздердің есімдерін олардың Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз туған Мәуліт айында дүниеге келуіне байланысты қойған. Егіздердің төсектері де, саптағы орындары да қатар. Екеуі де 9-шы сыныптан кейін Көкшетау қалалық жоғары техникалық мектебінде оқып, үздік бітірген. Болашақ мамандықтары – құрылыс бұйымдарын өндіруші технолог.
Әскерге дейін де азын-аулақ уақыт күзет саласында қызмет істеген егіздер қаруды қолдану, шашу және жинау машықтарын ойдағыдай меңгерген екен. Осының дәлелі, «ТОЗ-8» қаруынан ату жаттығуларында ағайындылардың екеуі де ойдағыдай нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта егіздер келісімшарт негізінде әскери салада қызмет етуге ниетті. Өйткені, дәл Мұса мен Мұхаммедтей – Отан мен Міндет те егіз ұғымдар екені айқын. Біз өз тарапымыздан осы егіздердің ант қабылдап, қызметке кіріскен сәттерінен және ана мен әке құшағына қайтар күндеріне дейін тұрақты түрде бақылап, мақала жариялап отыруды жөн санадық. Өйткені, әскери ғұмыр кім-кімге болса қызық әрі егіздердің әр қадамы осы әскери өмірдің қалтарыс-бұлтарысын кеңінен аша түсетін болады.
Әділет САРЫБАЕВ, кіші сержант
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген автор