21 Шілде, 2016

Александр Винокуров: «Алексей Луценко Олимпиадаға дайын»

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_52373" align="aligncenter" width="700"]21.07.2016 AST-2 Фото: Дина Ысқақова[/caption] Осы күндері велоспорттан «Астана» командасы Францияда өтіп жатқан «Тур де Франс» жарысына қатысып жатыр. Жарыстың 17-ші  кезеңінде «Астана» велокомандасының капитаны, италиялық шабандоз Фабио Ару жалпы есепте екі сатыға көтеріліп, сегізінші орынға жайғасты. Бүгін «Астана» командасының жарысын насихаттап жүрген әріптесіміз Дина ЫСҚАҚОВА команданың бас менеджері Александр ВИНОКУРОВТАН  сұхбат алып, egemen.kz сайтына жолдады. Ол бізбен хабарласып, «Винокуров велоұжымның соңғы кезеңдерде ұстанатын тактикасы мен шабандоздардың бүгінгі көңіл күйімен бөлісіп, ұлттық құрама мүшесі Алексей Луценконың Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиадаға дайындығы туралы айтып берді», деді. Осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. –Александр, 17-ші кезең биылғы «Тур де Франстың» ең бір ауыр кезеңдерінің бірі болды. Дегенмен де, команданың спорттық директорлары  негізгі топтан «қашқандардың» қатарына Алексей Луценко мен Танел Кангертті қосты. Кейін пелотонды Нибали мен Роза жұбы алға сүйреді. Кезең алдында команда алдына қандай мақсат қойдыңыздар, велошабандоздар тапсырманы орындады ма? -Альпы тауларында басталған алғашқы жарыс күнін біз шабуылдан бастадық. Кеше өздеріңіз білесіздер демалыс күні болды. Сондықтан екі шабандозымызды алға ұзаған топтың қатарына қосып, қарсыластарымыздың соңғы апта алдындағы қауқарын сынап көргіміз келді. Туға шығу қаншалықты қиын соққанын өздеріңіз де көрген боларсыздар, Алексей барлық велоспортшымен иық теңестіріп бәсекелесе алатынын көрсетті. Сондықтан алға ұзаған топтың қатарына қосылған шабандоздар тапсырманы ойдағыдай атқарып шықты. Иә, шабуыл жасауға ыңғайлы сәттің болмағаны рас. Фабио Арумен әлі сөйлескенім жоқ. Ол мүмкін қолайлы сәтті күткен болар, болмаса дәл сол сәтте аяғы сыр берген шығар. Дегенмен жалпы есепте екі сатыға көтерілдік. Сондықтан Альпы тауларындағы алғашқы күн біз үшін нашар аяқталды деп айта алмаймын. Ертең тағы бір ауыр кезең, одан кейін тағы екі кезеңді тауда өткіземіз. Егер бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерге баға беретін болсам, жеке есеп сынында уақыт жоғалтып алғанымыз өкінішті. Бірақ бұл Фабио Арудың алғашқы  «Тур де Франсы» екенін ескеруіміз қажет. Әрине мақсатымыз Парижде жеңіс тұғырына көтерілу болатын. Әйтсе де жеңісті қолдан шығарып алдық деп айта алмаймын. Жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Күшіміз де жеткілікті. Фабио жақсы нәтиже көрсетуге барын салып жатыр. Кезеңдік жарыстарда да үздік нәтиже көрсете алмадық. Бірақ алда әлі үш таулы кезең бар. Жұма мен сенбі күндері жеңімпаз қатарынан көрінуге барымызды саламыз. -Алексей Луценко үшін  «Тур де Франс» өзін көпкүндіктерге жарайтын шабандоз ретінде көрсету ғана емес, сондай ақ, Олимпия ойындары алдындағы дайындық деп те қарастыруға болады. Алексей бұл көпкүндікте тым шаршап қалмай ма? -Жоқ, олай деп айта алмаймын. Кеше ғана өзімен де, дәрігерлермен де сөйлестім. Жарыс күнінің ауыр болғанына қарамастан, ағзасы қалыпқа тез келіп жатыр. Бұл әрине қуантады. Өзінің де жүзі бал-бұл жанып жүр. Бүгінгі жарыс таулы кезеңде болғанына қарамастан Алексей тың. «Тур де Франс» үлкен мектеп, тәжірибе жинақтауға мүкіндігі мол жарыс. Ол өзіне сенімді. Бүгін Алексейдің орнына басқа шабандозды алдыңғы топқа жібереміз бе деген де әңгіме болған. Бірақ ол өзі сұранды. Кезеңде жеңіске жетуге де талпынып көргісі келді. Турдан кейін бірнеше күн тынығып алып, Олимпиада қарсаңында өз бабында болатынына сенімдімін. Алексей Риоға 31 шілде күні аттанады. -18-ші кезеңге жоспарланған таулы жалпы есеп сынына белгіленген жарыс жолы  «Астана»шабандоздарына қаншалықты қолайлы? -Жалпы есеп сыны таулы жолдармен өтетіндігіне қарамастан, бүгінгі кезеңнің жарыс жолымен салыстыруға келмейді. Десек те жеңіске таласу оңайға соқпайды. Мақсатымыз жалпы есептегі қарсыластарымызға уақыт жоғалтпау. Бүгін Вальверде артқа шегінді. Алдағы күндері бұл жағдай басқа шабандоздарда да қайталануы мүмкін. Сондықтан мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Жігіттер барын салу керек. Дастан КЕНЖАЛИН