22 Шілде, 2016

«Қайрат» қонақта «Маккабиден» 1:2 есебімен жеңілді (видео)

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

22-07-16-kairat

Бүгін Тель-Авив қаласында футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Израильдің «Маккабиі» мен Алматының «Қайрат» командалары кездесті. Ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Израильдіктер матчтың 5-минутында есеп ашты. Допты біздің Станислав Луневті еркін алдап өткен Таль Бен-Хаим қақпаның алыс бұрышын әдемі тастады. Біраздан кейін біздің жігіттер өз-өздеріне келіп, қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға көшті. Тайм ортасына қарай алаңдағы жағдай теңесті. Осы тұста қайраттықтар сапында Андрей Аршавиннің белсендігі айқын байқалды. Бірақ команда бұдан артыққа бара алмады. Алматылықтар екінші таймды едәуір қарқынды бастады. Олар ақыры 64-минутта бұрыштамадан берілген доп кезінде таразы басын теңестірді. Допты бұрыштан Исаэль әуелетіп жеткізді де, Жерар Гоу оны баспен қатты ұрып, қақпаның торынан бір-ақ шығарды. https://youtu.be/SCUXepn1eJs Қайраттықтардың бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері көп болды. Бір Андрей Аршавинннің өзі қақпаға бірнеше рет тура соққы жасады. Алайда, олардың бірі нысанадан сәл қисық кетсе, енді бірін қақпашы ұстап алып жатты. Мұның есесіне, алаң иелерінің жолдары болып кетті. Олар 85-минутта  кезекті шабуыл өрістетті. Соның өтінде жүрген команда капитаны Галь Альберман допты біздің қақпашының сол жақ бұрышынан торға қарай сүңгіте салды. https://youtu.be/XqrbyT9v6iY Бір айта кететін жайт, алаң иелері симуляциямен қонақтардың көп мазасын қашырды. Көп жағдайда алаңдағы португалиялық төреші солардың осы қитұрқы әрекетіне түсіп қалып жатты. Осының желеуімен біздің бірнеше футболшы ескерту қағазын алып та үлгерді. Ал израильдіктер голкиперінің Аршавин жақындағаннан өтірік құлап, бұратылып жатып алғаны тіпті сорақы болды. Осына аңғарған арбитр тек матчтың соңына қарай ғана жорта құлай салатын израильдіктерді жазалай бастады. Бірақ мұның біз үшін ешқандай жеңілдігі болған жоқ. Осындай ластау ойынмен көзге түскен алаң иелері жеңісті алып кетті. Тағы бір айтатын нәрсе, алаңдағы екі команданың да бас жаттықтырушысы грузин мамандары болды. Атап айтқанда, алаң иелерін сайысқа Шота Арвеладзе дайындаса, меймандарды Кахабер Цхададзе бастап барды. Кезінде бұлардың екеуі де Тбилисидің «Динамо» командасының сапында ойнаған. Енді «Маккаби» үшінші іріктеу кезеңінде Румынияның «Пандурий» клубымен кездеседі. Командалардың бірінші ойыны 28 шілде күні, екінші кездесуі 4 тамызда өтеді. Дастан КЕНЖАЛИН