22 Шілде, 2016

Алматыдағы азалы апта

295 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
10-20 Міне, тағы бір жұмыс аптасы аяқталып келеді... Апта... қалай басталып еді? Алматылықтардың есінде бұл күн «қаралы дүйсенбі» болып сақталып қалды. Бір сәт еске алайықшы... Таңғы сағат 10.00. Әдеттегі жұмыс күні. Әдеттегі тір­шілік. Әдеттегідей «елдің ал­дында жүретін» сайттарға ара-тұра іс арасында бір үңіліп қоя­тын әдетіміз бар. Tengrinews.kz-ден «Алмалы аудандық полиция­сына қарулы шабуыл жасалды» деген шұғыл хабар жылт етті. Көп кешікпей қан-жоса болып қи­мылсыз жатқан полиция қыз­мет­керінің суреті салынды. Ақ­­па­рат майданы басталды да кетті. Дәл қазір қай сайттың ауыз­ды­ғымен алысып бірінші болу­ға жанталасқанында менің шаруам жоқ, бірақ, қызынып алған веб-парақшаларда шамамен мынандай ақпараттар селдей ақты... «Атыс Алматының бірнеше аумағында басталып кетті...» «Жұлдыз» ықшам ауданынан қалаға қарай 100 шақты белгісіз жаяу топ шұғыл жүріп келеді.» «Теміржол бекеті мен әуежай қоршауға алынды...». Бұл кезде ашық тұрған кеңсе­міз­дің терезесінен полиция мен «Жедел жәрдем» авто­ма­ши­на­ларының денеңді тітірент­кен ащы дауысы үзіліссіз естіліп тұрды. «Көшеге шықпаңдар, оқ­қа ұшасыңдар!» Бейбіт заманда, Алматыда, мұндай сөзді есту қан­дай ауыр еді?! ...Аласапыран бір сағаттың ішінде басылды. Қарақшы қолға түсті. Кейінгі ресми дерек бойынша автомат ұстаған жауызға бұғау салуға небәрі 25 минут кет­кен екен. Алайда, сол 25 ми­нут­тық зұлмат 6 атпал азамат­тың өмірін жалмап кетті. Болған оқиғаға бүгін сараптама жасау оңай, бірақ сол тұстағы біздің по­ли­­­ция­мыздың шын мәніндегі ісі тең­дессіз ерлікке пара-пар еді. Сол күн. Дүйсенбі. Алматыда кешкі сағат – 20.00. Күн жарық. Мұндай кезде жүргінші сапырылысып, келесі бағдаршамға дейін бірін-бірін қуалап, басып озып зулап жататын автокөліктер нөпірін көр­мей таңдана бастадым. Кең­семіз орналасқан Абылайхан даңғы­лынан Мақатаев көшесін бойлап Наурызбайдағы аялда­маға дейін қарсы алдымнан бір жас жұп пен ит жетектеген жалғыз әйелді жолық­тырдым. Уақыттың бұл кезеңін­де жолаушыларға лық тол­маса да, отыруға орын табылмайтын №92 автобусты әдейі сана­дым, 5-ақ жолаушы бар екен. Абай даңғылы бос, жүрген көлік некен-саяқ. Ста­дион мен алдынан адам үзіл­мей­тін «Променадтың» алдында бір пенде көзге түссейші! Айтпақшы, бұл күні Алматыда болған лаңкестікке байланысты Қазақстанның екінші лигасында өнер көрсететін «Қайрат U-21» және «Ақтөбе U-21» коман­даларының арасындағы ойын кейінге шегерілген. Көшесінде мұндай жүргінші жоқ, көлігі некен-саяқ Алматы бұдан 40, бәлкім, 50 жыл бұрын болған да шығар? Біз Алматыны білгелі бұлай болған емес. Өйткені, бұл дүйсенбіде Алматы тарихында бірінші рет аумағында шекті (қызыл) террорлық қауіптілік дең­гейі жарияланған болатын. Саясаттанушы Ерлан Қарин айтқандай, Алматы тұр­ғын­дары қызыл деңгей­дің бір­ден бір белгілеріне – «әрбір ес­кертуге құлақ асып, бей­бе­ре­­кет жүрісті доғарып, үй-жай­ларынан шықпай, арнайы құрылымдардың ресми мәлі­меттерін басшылыққа алды». Менің есімнен әлі күнге дейін аласапыран кезінде таратылған «велосипед мінген сақал өсір­ген тағы бір күмәнді азамат ұс­тал­ды... Қалтасынан арабша жазылған бір жапырақ қағаз шықты» деген, тіпті, веб-параққа видеосы салынған бір хабар кетер емес. Бір желі «сол уақапшы жігіт велосипедпен заулап келген бойда полиция қызметкеріне пышақ лақтырыпты» деді-ау... «қызармастан». Сейсенбі күні күн ауа барып, Алматы өзінің тіршілігін имене... бастап кетті. Сәрсенбіде Балуан Шолақ спорт кешенінде қаралы жиын жүріп жатқан­да Алматының қақ ортасында құқық қорғау органдары арнайы операция жүргізді. Осы құбы­лыстың өзі үрейден арылып үл­гер­меген қала тұрғындарын әртүрлі ой қиырына жетеледі. Гоголь – Зенков – Мақатаев – ағайынды Абдуллиндер көше­лері қиылысқан төрт бұрыш аумақты мұздай қаруланған полиция қызметкерлері қоршап алып, шаршыдағы бірқатар үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Көп күттірмей Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек бай­ланысқа шығып: «Жеке бас­тарының қауіпсіздігі үшін тұр­ғын­дардың эвакуацияланғаны рас. Бұл үйде қандықол қылмыс­кер Руслан Күлікбаев пәтер жалдап тұр­ған. Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру операциясы аза­мат­тардың қауіпсіздігі үшін қыл­мыскердің ұясына толық тексеру жасады. Күмәнді жарылғыш немесе өзгедей суық қару табылмады» деп хабарлады. Бұл шаршыны қоршау қыл­мыскер Руслан Күлікбаевтың заңды әйелі Аяулымның айтуы бойынша жүргізіліпті. Осы сәттен бастап Күлікбаевтың кім екені айқындала түсті. Аяу­­лым теледидарда жылап тұ­рып ха­лықтан кешірім сұра­ды. Жеті жасар бір ұлдары бар екен. Қайын енесі ашулы. Бұрын­­нан бұзақы болған, сақал қой­ған қанішер күйеу балаға: «Атылсын!» деп лағнет айтты. Қайын атасы осы жылдары Русланды «өз басым екі-ақ рет көрдім» деп ақталғандай болды... Бүкіл еліміз құлағдар болған хабарлар. Жұмаға қара­ған күнгі қала полициясы тарат­қан ең соңғы мәліметте, адам айт­қысыз қылмыс жасаған Руслан Күлікбаев 2010 жылы Шым­кентте алтын бұйымдарын сату­шыны ұрып жығып, 115 мың теңгесін алып кеткен. Ұста­лып, 3 жылға сотталған. 2012 жылы суық қару – револьвер мен дыбыс басқыш ұңғыны заң­сыз ұстағаны үшін тағы да 3 жыл 6 айға қамалады. Күлікбаев түр­меде де тыныш жүрмеген. Әр­түрлі 14 рет ескерту алған. Алматы полициясы аса қауіп­ті қылмыскерді сот бастал­ғанға дейін екі ай қамауда ұстайды. Айыпталушыға 6 қылмыстық бап бойынша тергеу жүргізілмек. Қазірдің өзінде қылмыскерге тағылған айыптар­дың мерзімін өтеу жылдарын қосқанда 90 жылдан асты... Алматы күнделікті тіршілік қамында. Көше сірескен көлік, тротуар толы жүргінші. Аула толы баланың күлкісі. Қазір жаз... Алатаудың етегі, Алматы жазы қандай шуақты!.. Бірақ, халық апта басталар сол күнді – «қаралы дүйсенбіні» әлі де ұмы­та алар емес. Қатарынан арыс­тай 6 азаматын жоғалтқан Алматы полициясы кірпік қақ­пай халықтың тыныштығын сақ­тау жолында әдеттегідей қырағы күзетте тұр. Аяулысын жоғалт­қан жандардың көз жасы әлі кеуіп үлгерген жоқ. Қандай «ауыр» едің дүйсенбі... Мезгілсіз оқ атылмаса екен! Мезгілсіз дүниенің тыныштығы бұзылмаса екен! Апта аяқталып келеді... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ