Алматы қаласының көшесінде қылмыскер салған лаң жұрттың жанын түршіктірумен қатар, қалың бұқараның темір түймелі құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімі мен ерекше құрметін жаңғыртқандай болғаны рас. Бұрын, сырт көзге тек полиция формасында ғана көрінетін сақшылардың да жеке өмірі, отбасы, алға қойған мақсаттары бар екендігін тереңнен сезінгендей болдық. Бұйығы жатқан қоғам үшін полиция қызметкерлеріне басқаша көзбен қарау тосыннан тиген ауыр соққы арқылы келді десек те болады. Әрине, өкінішті-ақ, алайда, қоспасы жоқ ақиқат екенін де мойындауымыз керек...
Қанқұйлы қолынан қапыда қаза тапқан полиция сержанты Аян Ғалиев небары 2 жылдан кейін зейнеткерлік демалысқа шығады екен. Ішкі істер органында 1997 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Аян жайлы қызметтестері, туған-туысы, тіпті, көршілері де оның азаматтық адал жүрегі мен кісіге көмек беруге даяр тұратын қағылез мінезі туралы айтуда. Бәлкім, батырлық дегеніміз де қарапайым адалдықтың астарында жасырынып жататын адами қасиеттің кілті шығар.
Өмірінің соңғы 10 жылын Алматы қаласындағы Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратын күзетуге, маңызды мемлекеттік қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған Аян Ғалиев өзінің соңғы жұмыс күнінде де қызметтік міндетіне адалдықпен, жауапкершілігіндегі бейбіт жандардың өмірін сақтап қалу жолында көз жұмды. Егер, Аян басын бәйгеге тігіп тоқтатпаса, қару асынған қанішер қанша адамның өмірін жалмар еді?! Басқарма қызметкерлерімен қоса, күнделікті жұмыс барысында ағылып келіп жатқан салық төлеушілердің де бас амандығы үшін кеудесін оққа байлап, жанын құрбан ету – екінің бірі бара бермейтін үлкен ерлік.
Аянның артында аңырап қарт анасы қалды, өң мен түстің арасында есеңгіреп жары қалды, өмір бойы сағынышы басылмай өтетін қос перзенті қалды. Көзі тірісінде «Құқық қорғау саласының үздігі» атанып, 3 бірдей медальді кеудесіне таққан батыр ұлдың орнын енді ешкім де, еш нәрсе де толтыра алмасы хақ!
Аянның азаматтық келбеті мен аңқылдақ мінезін, шаңырағына деген қамқорлығын сағыныш пен қайғының ащы жасын жұта отырып сөз еткен сүйген жары жуырда ғана босаныпты. Жасы 85-ке аяқ басқан қарт анасы жылай-жылай көз жанары құрғаған. Кейуана қызығын көріп, көңілім жаз бола ма деп отырғанда қара шаңыраққа ие боп жүрген ұлынан тап осылай көз жазып қаламын деп ойлады ғой дейсіз бе? Ес тоқтатып қалған ересек қызы өмір бойы әкесі жайраңдап кіріп келердей, босағаға жәутеңдеп қараумен өтпей ме?! Дүние есігін жаңа ашқан сәби күні ертең әке жүрегінің жылуын аңсамай ма. Қансырап жатқанда Аянның өзі де зарығып күткен 7 айлық ұлын: «Бір иіскесем-ау», деп аңсамады дейсіз бе?!.
Қоғамның қабырғасын қайыстырып кеткен боздақтардың қазасы, Аянның кеудесіне қадалған қорғасын оқ – тұрақтылық пен тыныштығымызға жасалған соңғы шабуыл болсыншы!..
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»