22 Шілде, 2016

Алтынды айырудың озық түрі

542 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_3757 Әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Қа­зақстан үшін кен орындарының қорын халық игілігіне пайдалану басты бағыт. Қаладан 50 ша­қырым қашықтықта орналас­қан Суздаль кен орнында ыстық күйін­де сілтісіздендіру арқылы алтын сульфидін алатын жаңа технологиялық өндіріс цехы ашылды. Өндіріс инновациялық жобаны «Hitecc» технологиясы ар­қылы жүзеге асырып отыр екен. Әлемдегі ең озық технологияның бірі саналатын жүйені пайдалану туралы шешімді компания «Nordgold» басшылығымен тура бір жылдай бұрын келіскен. Ескере кететін бір мәселе, ыстықтай цианидтеу тәсілі тек Қазақстан да ғана емес, бүкіл ТМД елдері бо­йынша тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Оның берер тиімділігі сол – жылына он төрт мың унция­лық Доре балқымасындағы алтын-күміс құймасын еркін алуға болады. Өндіріске енгізілген озық технология жұмыс орындарының бұ­рынғыдай сақталуына мүмкіндік беріп, шығыс өңірдегі экология, яғни табиғи тепе-теңдіктің сақталуына зор ықпал жасайды, деді кәсіпорынның бас директоры Григорий Яковенко. Оның айтуынша, ыстықтай сілтісіздендіру цехының құрылысын жүргізуге жылға жуық уақыттарын жұм­саған. Басты тиімділігі сол, ре­сурс­тық базаны толық көлемде игеруге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар өндірістік процесті оң­тай­ландырып, зауыттың ел экономикасына сүбелі үлес қосуына жол ашады. Суздаль кен орны Знаменка ауы­лымен іргелес, ең алғаш 1980 жылдары ашылыпты. Кәсіпорын 1985 жылы алтынды қышқылдандыру жұмысын «Алтайзолото» комбинаты ретінде бастап, алынған кенді КСРО-ның зауыттарына жөнелтіп отырған. 1995 жылы нарық заманында жаңа басшылар тағайындалып, еліміздегі ең озық өндіріске айналды. Олар ал­тынды бактериялогиялық жол­­мен сілтісіздендіру арқы­лы алып, бүгінгідей басқа да озық тех­нологияның түрлерін кәсіп­орынға дендеп енгізуде. «Nordgold» компаниясы­ның бас директоры Николай Зеленс­кий өндірістің бүгінгі аяқ алысы айтарлықтай деді. Осындай озық технологияны іске қосу арқылы экологиялық тиімділікті де еселей түсуге болады. Цехтың құ­рылысына 6 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Бұл инвестиция алдағы уақытта Суздаль кен көзінің болашағына сенімділік береді. Бұл кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, бүкіл республикада, тіпті, бұрынғы КСРО көлемін алып қарағанда, алтын өндіруден ең алда тұрған жалғыз кәсіпорын. Биосілтісіздендіру жолы арқылы негізгі құрамадан алтынды айыру әлі күнге дейін мақтаулы технология, себебі, мұнда алтын таза күйде айырылады. Бұл технология әлем бойынша Австралияда ғана бар. Сондықтан да алтын өндіру ісі енді жылына 10-15 пайыз еселене түспек. Алтын кенін бақылау, бағ­дарлау оңай шаруа емес, бізге тәжірибемен қатар озық технология да керек, дейді мамандар. Өндірістің жоспар-мақсаттары толық орындалып, ел экономикасына сүбелі үлес қосу үшін, геологиялық барлау жұмысы күн өткен сайын тәжірибе мен терең білімді талап етуде. Еліміз бо­йынша өте бай ауқымдағы кен орындары түгелдей зерттеліп біткендіктен, құрылымы күрделі, металл біртекті жатпаған ұсақ кен аудандарын зерттеу үлкен табандылықты қажет етеді. Гео­логиялық барлау жұмыстары кен көз­дерін тапқаннан кейінгі ауқымды жұмыс болып саналады. Басты мәселе, кен зерттеп, тазалау, анықтауға келіп тіреледі. Көбінесе тау бойына орналасатын алтын кені бар жерлердің кескіндерін, жердің әр қыртысын геологтар қалт жібермеуі керек. Геологтардың дәл атқарған жұмыстары алатын кенінің молдығына тікелей әсер етеді. Міне, сондықтан да бұл жұмыстарға тәжірибесі мол геолог-барлаушылар барады. Бұдан кейін әрине, кез келген маман MICPOMINE бағдарламасын жетік біліп, гидрогеологияны, гео­­физиканы, геохимияны терең меңгерген болуы керек. Соған орай осындағы кен орындарында жұ­мыс істейтін көптеген маман­дар өздерінің білімдерін жұмыстан қол үзбей, арнайы жолдамамен барып жоғары оқу орындарында ұштап отырады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА Шығыс Қазақстан облысы